«Иә, мінезі — тік, оспадарлау»: Қостанайдың өнер адамдары қамауға алынған бас имамның игі істерін еске түсірді

Жергілікті өнер адамдары масаң күйде көлік жүргізгені үшін қамауға алынған облыстың бас имамына қолдау білдірді.

«Иә, мінезі — тік, оспадарлау»: Қостанайдың өнер адамдары қамауға алынған бас имамның игі істерін еске түсірді
690

Облыстық басылымның фототілшісі Бағдат Ахметбек қамауда отырған Бахытбек Тәжімбетке қолдау білдірген бір топ азаматтың пікірін әлеуметтік желіде жариялаған, деп жазды turkystan.kz.

«Төреғали, Тұрсынбек, Әбдіжапар, Бишімбаев, Бахытбек... Мәселе олардың танымал, ел алдында жүрген адамдар болғандарында ғана. Әйтпесе, күніге қарапайым адамдар арасынан «мас болды», «төбелесті», «адам өлтірді», «зорлады», басқа да ірілі-ұсақты бұзақылық-қылмыстар жасады деген ақпараттарға етіміз үйреніп алған, оған «ее» дейміз де, қоя саламыз. Ал «публичный» адам жайында бір жағымсыз хабар қылт етсе «құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» қылуға дайын халықпыз. Бәріміз пендеміз. Ешкім періште емес. Сүрінеміз, кінәліміз, күнәһармыз.

Бахытбек қажы бәріміздің досымыз. Көпшіл, қарапайым, үлкен-кіші демей қалжыңдайтыны жарасымды. Ешкімді бөліп-жармайды, қатар көреді. Бахытбек қажының басқа-басқа, дәл Тобыл-Торғай жерінің дін-руханиятына жасаған еңбегі өлшеусіз. Тоғыз жылда ол азаматтың бастамасымен, қолдауымен салынған мешіттердің, медреселердің, оқу орталықтарының санынан жаңыласың. Сегіз жыл қозғалмай тұрған Аймағанбет қажы мешітін 4 айда салып шықты! Сіз бен біздің балаларымыздың діни сауат алуына жағдай жасады. Қаншама мұқтаж жандардың ризығының молаюына себепкер болды. Жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясына кәсіпкерлер жұмылдырып, миллиондап қаражат тартты. «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық шарасын дәл Бахытбек Тәжімбеттей белсенді қолға алған имам жоқ, сірә. Діни мерекелерді дәстүрімізбен сабақтастырып, думандатып өткізіп жүр», - деп жазылған жазбада.

Сондай-ақ имамға қолдау білдірген қауім оның жаһандық пандемия кезіндегі еңбегін де атап өткен.

«Елде карантин жарияланғанда, шетелден тыныс алу аппараттары, дәрі-дәрмек әкелуге мұрындық болып, тіпті, сол тауарлар шекарадан өте алмай тұрғанда өзі барып дауды шешіп келгенін біреу білсе, біреу білмес. Карантин дегеннен шығады, осыдан дәл төрт жыл бұрын короновирус өршіп тұрған кезде біз үйде жаттық. Сол кезде тәулігіне жүздеп қайтыс болғандарды хлорлап, жақындарынан ешкімді жолатпай апарып көмді ғой. Соны естіген Бахытбек қажы әр күн сайын моргке кіріп, өліктерді жуындырған. Басында жанында жүрген екі көмекшісінің екеуі де ауырып, соңында өзі ғана қалады. Моргте де бір жан жоқ – ауырғаны ауырған, аурудан қашқандары үйіне кеткен. Сол уақытта Бәкең мұсылман мәйіттерді дәреттендіріп, 7-8 адамды сыртта күтіп тұрған Газельдің қорабына (Газельдің шопыры да кабинадан шықпай қояды екен) артып, Тобыл қаласы, Талапкер қорымдарына бірге (қорап үстінде) апарып, сол жерде әйелдерге бөлек, ер адамдарға бөлек жаназа шығарып жүрді. «Мәйітті моргтен иығыма салып алып сыртқа алып шығып келе жатқанда, анандайда бет-ауыздарын тұмшалап сол марқұмдардың балалары, жақындары қарап тұрады. Біреуі де туғанының жанына жақындауға батылы бармайтын» деп еске алды кейін осы оқиға жайында. Бұдан бөлек, аймағымызды су басты. Бас имаммын деген жоқ, Бәкең бірден асар ұйымдастырып, Торғайға гуманитарлық көмекті бастап кетті. Ел басына күн туғанда су етік киіп, қайыққа мініп баспанасыз қалған ағайынның қасынан табылды. Тіпті, сол жолы қайық үстінде отырып ағашқа басын соғып, маңдайын да жарып келді.«Ер екі тумайды» деген осы шығар! Иә, мінезі тік, оспадарлау. Ер азаматтың сүмелек болғанының несі жақсы?

Спортшы, рухты. Өңіріміздің ұлттық ат спортының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жанашыр. Басқа имамдар мен мешіт жамағатын салауатты өмір салтын сақтауға үгіттеп жүр. Осы айтылғандар Бәкең жасаған еңбектің бір ұшығы ғана.

Досымыздың осындай игі істер жасағанын мақтан қылайық. Азаматтың азаматтығын қадірлейік.

Шіркін, бір шалыс қылғанын жарыса жазып жатқандар бұл азаматтың мың алғыс қылғанын біле ме екен?», - делінген Қостанайдың өнер саласы азаматтары таратқан үндеуде.

Серіктес жаңалықтары