"Қатты тойлап, елге жар салып, кеуде соқпайтын": Роза Рымбаева әкесі туралы сыр бөлісті

"Әкені құрметтеу отбасынан басталады. Анамыз әкемізді қалай құрметтесе, балаларды да соған үйретті”, – деді әнші.

"Қатты тойлап, елге жар салып, кеуде соқпайтын": Роза Рымбаева әкесі туралы сыр бөлісті
сурет: youtube.com / видеодан жасалған скриншот
466

Халық әртісі, әнші Роза Рымбаева отбасындағы өнеге-үлгі, әке мен ананың орны сияқты тақырыптарда сөз қозғап, “Ұждан” подкастына сұхбат берді.

“8 баланың ішінде ерке өстім, ешқашан менің қалауыма қарсы шықпаған, мені "қызым, бұлай болмайды" деп шектеген емес. Мен бала кезімнен мектептегі "Көркемөнерпаздар" үйірмесіне қатыстым, сабақты жақсы оқыдым, кейіннен музыка мектебіне бардым. Сондықтан менің талабымды шектемеді. Әкем менің жоғары атақ алғанымды, жеңісімді көріп кетті. Жеке ән кешіме қонақ болып келіп, анам екеуі көздеріне жас алып, үндемей қарап отыратын. Ешқашан "мен Роза Рымбаеваның әкесімін" деп кеудесін соққан емес. Қазіргі кейбір ата-аналар секілді әлеуметтік желідегі парақшаларында өзін жарнамаламаған. "Ол баламның өзінің еңбегі, қызметі, жетістігі" деп сырттан ғана қуанып отыратын. Әкем үйдегі кез келгенімізге солай қарайтын. Қуанышқа ішінен ғана қуанатын, қатты тойлап, елге жар салып, ішу деген болмапты", – деді ол. 

Сонымен қатар, әнше бала кезінде ата-анасынан қандай өнеге, ғибрат көргенін де айтып берді

“Әкем теміржолда жұмыс істеді. Сегіз баланы өсіріп, асырап, жетілдірді. Әрқайсысының тойын жасады. Шынын айтқанда, бәріміздің қызығымызды көріп кетті. Қазақ отбасында баланы өсіресің, оқытасың, отбасын құрып бересің, тойын жасайсың, сосын олардың қызығын көресің. Менің әкем осының бәрін көріп кетті, еңбегі ақталды. Бала кезімнен әкемнің таңертең жұмысқа кетіп, кешке үйге шаршап келетінін көріп өстім. Келген кезде анам дастарқанын жайып, тамағын жасап, шайын қайнатып, "әкең келе жатыр" деп бәрімізді тәртіпке шақыратын. Біз де бұған жауапкершілікпен қарайтынбыз. Әкені құрметтеу отбасынан басталады. Анамыз әкемізді қалай құрметтесе, балаларды да соған үйретті”, – деді Роза Рымбаева. 

Серіктес жаңалықтары