ШҚО-да 12 жастағы баланың басына темір конструкция құлап кетті
Дәрігерлер маңдай мен төбе аймағының жұмсақ тіндерінің жарақатын анықтап, тігіс салды және таңғышпен байлады.
Сібе көлдеріндегі демалыс орнында өскемендік жасөспірімге темір құлап, жарақат алды. Оған дұрыс бекітілмеген футбол қақпасы себеп болған, деп хабарлады turkystan.kz YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
26 шілде күні кешке жасөспірімдер волейбол ойнап жатқан. Демалыс базасындағы спорт алаңы футбол алаңының жанында орналасқан. Сәтсіз соққыдан кейін доп футбол алаңына ұшып кетті. Доптың артынан 12 жастағы Лёша (аты өзгертілген) жүгіріп шығады. Ойынға қатты беріліп, секіріп, қақпаның жоғарғы арқалығына ілініп қалғанда, барлық темір құрылым баланың басына түскен.
Жедел жәрдем зардап шеккен баланы ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер маңдай мен төбе аймағының жұмсақ тіндерінің жарақатын анықтап, тігіс салды және таңғышпен байлады. Балада жабық бас сүйек-ми жарақатының белгілері анықталған жоқ.
Келесі күні таңертең баланың анасы полицияға қоңырау шалып, болған оқиға туралы хабарлады. Алайда, олар қақпаның құлауынан қылмыстық немесе әкімшілік іс қозғауға негіз көрмеді.
«Бұл жағдайда азаматтық-құқықтық қатынас байқалады. Сотқа жеке тәртіпте жүгінуді ұсынамыз», — деп жауап берді Ұлан аудандық полиция бөлімінің бастығы Қуаныш Қонжанов.
Дәл осындай жауапты біз ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен де алдық:
«Егер біреу зардап шегіп, жеңіл, орташа, ауыр жарақат алса немесе қайтыс болса, бұл, әрине, қылмыстық іс ретінде қарастырылады. Ал бұл жағдайда ата-аналар барлық мән-жайлар мен дәлелдерді көрсете отырып, талап арызымен сотқа баруы керек. Тіпті балаға бірдеңе болып, қылмыстық іс қозғалған жағдайда да моральдық және материалдық зиян мәселесі сотта шешілетін еді. Егер ата-аналарды қауіпсіздік мәселесі алаңдатса, олар демалыс базасының иесіне тікелей жүгініп, қауіпсіздік шараларының неге сақталмағанын анықтай алады», - делінген хабарламада.