«Ордабасы» Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті

Енді олар аталған турнирдің үшінші сатысында 8 және 15 тамызда Арменияның «Пюник» командасымен кездеседі.

«Ордабасы» Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті
Сурет: Ордабасы ФК
655

Бүгін футболдан UEFA Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде қазақстандық «Ордабасы» Люксембургтің «Дифферданж-03» командасымен кездесті, деп хабарлады turkystan.kz порталы inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Алғашқы кездесуде шымкенттік команда қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді. Бүгінгі кездесу басталған сәттен шымкенттік клуб шабуылға шығуға тырысқан еді. Дегенмен «Дифферданж-03» сапынан 2-минутта Гийом Трани есеп ашып кетті.

Ал 24-минутта люксембургтік командадан Тео Брюско автоголдың авторы атанса, 55-минутта «Ордабасы» капитаны Асхат Тағыберген өз командасын алға шығарды.

Ойынның 59-минутында «Дифферданж-03» сапынан Хорхе Габриэль Коста Монтейро таразы басын теңестірсе, 82-минутта «Ордабасы» сапынан Всеволод Садовский мергендік танытты.

Бұл кездесуде шымкенттік клуб 3:2 есебімен жеңіп, екі ойынның нәтижесімен есеп теңесті. Овертаймның 105-минутында «Дифферданж-03» қақпасына белгіленген пенальтиден Бауыржан Исламхан мүлт кетті.

Ал 116-минутта шымкенттік клубтан Сағадат Тұрсынбай люксембургтік қақпасына белгіленген тағы бір пенальтиді қақпаға енгізсе, оған қарсыластар сапынан Хорхе Габриэль Коста Монтейро тағы бір голмен жауап қайырды.

Ойында «Ордабасы» 4:3 есебімен басым түсті. Енді жеңімпаз пенальтилер сериясы анықталатын болды. Бұл жолы «Ордабасы» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Шымкенттік қақпашы Бекхан Шайзада үш пенальтиді қайтарып, өз командасының жеңісіне үлес қосты.

Айта кетейік, бүгін кездесу өткізген қостанайлық «Тобыл» УЕФА Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама ала алмады.

Серіктес жаңалықтары