«Иманым» – Шәкәрімнің соңғы жинағы

(Ғұламаның әулиелігі жөнінде бірер сөз)

«Иманым» – Шәкәрімнің соңғы жинағы
1148

Төменде Шәкәрімнің «Иманым» атты соңғы жинағын сөз етпекпін. Онда  1927-1931 жылдары жазылған өлеңдері (отызға тарта өлең) топталған. Бәрі де әулиелік шығармалар –  ғайып (тылсым) арқылы алынғандар. 1931 жылдың қысында Саятқорадан Алматыдағы Сәбит Мұқановқа жолдаған хаты соңында Шәкәрім былай деп жазады: «Әттең, дүние, осыны құр қазақша ғана басып қоймай, орысшаға да жақсы переводпен (смыслен.) переводтап, ғылымды азаматтың бірі еңбек етіп, переводын өзіме көрсетер ме еді? Қазақшасы тез басылып шығар ма еді? Тірі күнімде не қарсы айтылған дәлелді сындарын, не білімді ойшылдардың қабыл алғанын біліп өлсем армансыз болар едім». Осы сөзінен-ақ «Иманым» топтамасын ғұлама өзінің ең қымбат мұрасының бірі санағанын аңдауға болатын сияқты.

Әулиелік жырларға шолу жасаудан бұрын ойшыл ақынға киелі мекен болған «Саятқораға» тоқтала кетейін. Қос өзен арасы (Бақанас, Бай­қош­қар) егін шаруашылығын дамы­­туға аса қолайлы жер. Сол себепті 1923 жылы Шың­ғыстау өң­ірі­ндегі алғашқы ұжым – «Бақанас» артелі ша-
ң­ы­рақ көтерді. Шәкәрімнің әуелгі Саятқорасы тұрған аумақ осы артельдің меншігіне өтті. Сондықтан: «1925 жылы Шақпақтың күнгей бетінен, – деп жазады Ахат Шәкәрімұлы, – бұ­рынғы қорасынан он бес шақырымдай ары жайлаудан әкейге жаңа қора салып бердік. Тұр­а-
тын үйі мен шошаласы, айналдыра салған пішен қорасы мен ат қорасы болды. Әкей дүние­ден өткен­ше осы қоныста өмір сүрді». Қолына бүр­кітін қондырған Шәкәрімнің фотосуреті 1927 жылы осы жаңа Саятқорасы алдында түсірілген болатын. 
Сөйтіп, кемеңгер жаңа қоғамның да дау-дамайы мен талас-тартысынан аулақтап, табиғат аясы Шақпақ тауының бұлағы бар етегінен тыныштық табады. Оңашалану мақсатын:
Мен кеттім, сендер елде қойдың қалып,
Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.
Елу бес жыл жинаған қазынамды,
Оңашада қорытам ойға салып, – 
деп түсіндіреді. Шығармашылық бағытын айтқаны:
Жас алпыстан асқан соң,
Өлімге аяқ басқан соң,
Тіршіліктен оянып,
Көзімді анық ашқан соң.
Хақиқаттың қымызын
Ішіп, бүгін мас едім,
Тазалап жүрек ындызын,
Нәрестедей жас едім.  
«Мастық», «арақ», «шарап» деген сөздер бұдан былайғы Шәкәрім өлеңдерінде жиі кездеседі. Неге? Бір жағынан, суфизм ілімі мен Шығыс шайырлары поэзиясы ақын жанына жақын болды (мәселен, сопы Қожа Хафиздің өл­ең­дерін аударып, өзін ұстаз тұтады).  Екінші жағынан, ста­л­индік цензурадан сақтануы десек дұрыстық. Жаңағы «мастық», «арақ» дегенінде Құдайдың нұры, оны сіңірген жүрек деген астар бары анық. Сол сияқты Тәңіріні Жарға теңеп, Алла я Құдай демей, «Жан», кейде «Мән» сөзін қолдануға мәжбүр. Мәселен:
Көрем десең, Жарымды,
Мас бол, жүрек тазала, –
десе, келесі өлеңінде: 
Жаралыс басы – қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де мейлің, бір Мән де, 
Сол қуатпен бол таныс,
Әлемді сол Мән жаратқан, –
деп астарлап жеткізеді. Жар дегені, әрине, Құдай немесе Хақиқат ұғымы. Ал «ар­ождан» терминін мұсыл­ман­дық «иман» ұғымына – бала­ма есебінде қолданған.
Оңашалану шағында шапшаң дамып, тез жетілген Шәкәрім 1928-1931 жылдары руханият шыңы – әулиелік биікке көтерілді. Оған дәлел – «Иманым» атты өлеңдер циклі екенін айттық. Шәкәрім:
Шыннан өзге Құдай жоқ,
Анық Құдай – шын Құдай, –
дейді. Әулиенің миссиясы осы – шынды (Құдай бар, бақи – мәңгі, фәни – уақытша) жеткізу. Ал әулие кім дегенге:
Анық асық – әулие, 
Кереметке сол ие.
Жаны құрбан Жарына,
Керексіз оған дүние, –
деп жауап береді (кім тәнін жанына билетсе, сол кісіні қазақ «әулие» деген).  
Әулиенің басты кереметі – еш жерден оқып білмей-ақ хабарды ғайыптан алады (мұны мұ­сылман ілімі «илхам» дейді). Бір Алланың рақымымен нұрланған жүрегі арқылы ғайыптан хабар алған хәлін Шәкәрім:
Нұрыңмен жарық жүрегім,
Ғайыптан хабар білемін, – 
деп атап көрсетеді. Өзіне әулиелік қасиет қон­ғаны жайында бірде: «Әлемді түгел мен көріп, Еш­кім мені білмесе» десе, «Шын асықтың әрбірі» өлеңінде:
Шын асықтың әрбірі
Өліп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры
Жаратты мені орнына –
деп сыр ашады. Сондай-ақ Тәңірі дидарына жақында­ған ғажайып сәтін «Асыл иман алған күн» және «Хақиқат­қа нанған күн» деуімен жет­кізеді.  
Сөйтіп, әулиелік поэзиясы – Шәкәрім дүние­нің көрін­бейтін сырына қанық болғанының бұлтартпас куәсі. Ойшылдың әулиелік (көреген­дік) қасиеті өмірде де байқалып отырғанына бірер мысал алайық. 
Өз тұрғыластары ішінде Шәкәріммен сый­лас, аралас-құралас адамның бірі көтібақ руының көсемі Жиренше бидің баласы Құл­сүлеймен (1865-1927) еді. Осы кісі дүние сал­ғанда, жаназасын Шәкәрім қажының өзі шы­ғар­ған. Жаназада: «Марқұм Құлсүлеймен мұ­сыл­маншы­лығы берік, озбырлыққа жол бер­мей­тін әділ, шыншылдықтың адамы еді, – дей келіп, – бұлай­ша арулап пәниден бақиға жө­н­ел­тудің ақ өлімі біздерге бұйырмайтын сияқты. Ғаріп басымыз қай сайда қалар екен», – депті. Заман әзірге тыныш, сондықтан қажының бұл сөзіне жиылған жұрт аң-таң болған ғой. Екінші мысал. 1931 жылдың жазында Қазақстан Ор­талық атқару комитетінің төрағасы Елтай Ер­назаров Шыңғыстау бөктеріне ат басын тіреп, Шәкәрім екеуі тілдескен-ді. Елтай отыр­ған үйден шыққанда Шәкәрім: «Малдан айрыл­ған елдің ашыға бастағанын айтып, тәуір-ақ сөйлестім. Көнбеді. Тәкәббар, мейірімсіз па­қырды басшы қылған бағы қайтқан, сорлы ел екенбіз» деген екен. Айтқаны тұп-тура келді, не­бәрі жарты жыл өтер-өтпесте халық аштық­тан қара шыбын­дай қырылды.    
Тағы айтайық, 1920 жылдары жаңа дін – коммунистік идеология ауадай жайылып, қоғам­дық сананы жаулап алды. Бүкіл қоғам бетін теріс жолға бұрды. Мұның арты жақ­сылыққа апарма­сын көре білген ғұлама:
Жар көрмеген надандар,
Жарың кім деп күледі.
Оқыған ойсыз адамдар,
Жансыз өмір сүреді.
Ойласам, олар – жанды өлік,
Меңіреу, мисыз бір көлік.
Осыдан жоқ өңгелік,
Адаммын деп жүреді, –
дегені сияқты оқығандарды қатты сынап, оларға «дене сезіміне нанба!» деп сан рет ескертеді. «Сорлы бұлбұл Жарға асық боп» толғауында өз хәлін былайша ұқтырады:
Сорлы бұлбұл Жарға асық боп,
Нұрлы гүлге айтты зар.
Көбелек те шамды алам деп,
Отқа түсті боп құмар.
Жарға ғашық болғаныма
Таңданатын түк те жоқ.
Жер жаралмай тұрғанында 
Менде асықтың нұры бар.
...Менде бар да, тіпті сізде
Жоқ емес бұл қасиет.
Оны өшіріп, бәріңіз де
Дедіңіздер: «жауды Жар».  
Бұл жерде бұлбұл мен көбелек – Шәкәрімнің өзі, ал гүл мен шам – Алла Тағала. Махаббат – Алланың (Жар­дың) қуаты. Ол жоқ жерде, адам­гершілік қасиет те жоқ. Ой­шыл ғашықтығы жайында:  «Менде бар да, тіпті сізде жоқ емес бұл қасиет» дейді. Ғашықтық «Жер жаралмай тұрғанында бар нәрсе», яғни әркімде бар мәңгілік қасиет. Олай болса, адамзаттың со­ғыстар мен қақтығыстардан көз ашпайтыны несі? Бұл қиын мәселенің шешуі: «Оны (ғашықтық қасиетті) өшіріп бәріңіз де, Дедің­іздер: жауды (тәнді) Жар».  Мінеки, Абай сияқты Шәкәрім де түпкі се­беп­ті жан мен тән күресіне тіреген.   
Ескертпе: Шәкәрім жинақтарында бірінші жолдағы «Жарға асық боп» тіркесі «жазға асық боп» делініп қате ба­сылған. 
Жан мәңгілікті екенінің дәлелі осындай өлеңдер жал­ғаса береді.
Соңғы жылдары өмірде де, философияда да жалғыз қалғанын көріп-білгенде әулиенің айт­қаны:
Бәрі мақсұтпен жаралған,
Есебі жоқ барша әлем.
Неге керек бос шатылған,
Тәңірі жоқ деп тантырап.
Иә, миллиондар қателесті, бос шатылып, тан­тырады, адаспаған, ақ жолдан айнымаған жалғыз Шәкәрім ғана! (Сол үшін Абай, Шәкәрімнің етегіне жармасу бүгінгі біздерге керек-ақ). Шәкәрім тек қазаққа ғана керек деген­дерге айтарым, әулие ашқан әр хақиқат ортақ, оның бір ұлтқа ғана тиесілі емесі айдай ақиқат. 
Түйер түйін: қилы заманның перзенті Шәкә­рім­нің «Иманым» жинағы феномен құбылыс. Өйт­кені әулие адам сирек, әулиелік поэзия онан бетер сирек нәрсе. «Құдай бар, оған қайтасың­дарды» үйрететін өзге поэзия жоқ.  Сондықтан оны зерттеп-зерделеу ұлттық философияны дамытуға және өзге халықтарға қазақтың ойшыл­дық деңгейін көрсетуге ауадай қажет ғылымдық жұмыс деген пікірдемін. 
«Қилы заман» демекші, «Шәкәрімді кім атты?» дегенге соңғы нүктені қоятын кез келді. Өміртай Смағұлов деген куәгер былай деп жазады: «Бірде мал алып, Қытай аспақ болған «бандыларды» ұс­тауға жарлық болды. Коман­диріміз Абзал Қара­сартов деген. Оның айтқаны заң, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, жат десе жатамыз, ат де­се ата­мыз.  Мезгіл қара күздің кезі. Суыт жүріп, талай жерді кезгенімізбен ештеңе байқалмайды. Жеті қараңғы түн болып кеткен соң бір ықтасындау жерге қона кеттік. Ұйықтап кетсек керек. Оқыс атылған мылтықтың даусы­нан атып-атып тұр­дық. Байқастасақ, мылтық атып жат­қан күзетте тұрған Рахметолла Халитов екен. Бізге қарсы тау­дың беткейінде ат-матымен құлаған еңгезердей адам­ға көзім түсті. Әлгі адам атпаңдар дегендей оң қолын кө­тер­ген күйі шекелей тұра беріп еді. Соңғы атылған мау­зердің оғы (астын сызған – А.О.) оның түбіне жетті. Барып білсек, қансырап жатқан Шәкәрім қажы екен».
Өміртайдың «маузер» дегені – немістің пистолеті, ол «революция символы» саналған. Өйт­кені чекистердің негізгі қаруы болды. Маузер тек Қарасартовта ғана, өзгелерінде карабин мылтығытұғын. 1961 жылы әкесінің сүйегін құрқұдықтан қазып алған Ахат ақсақал: «Екінші атқан оқ төс сүйектің ортасынан өтіп, оң жақ омырт­­қаның қанатын сындырған», – дейді. Міне, осы жақын жер­ден атылған, әулиеге ажал әкелген екінші оқтың кім­дікі екені айтпасақ та анық сияқты.

  Асан Омаров

Серіктес жаңалықтары