Табиғатты қорғау – тағдырыңды қорғау
Президент 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш отырғызуды міндеттеген. Бұл жылына 85 мың гектар аумаққа ағаш отырғызу деген сөз
Табиғатты қадірлеудің маңызын жер бетіндегі барлық халық біледі, қазақ та қоршаған ортаны қорғаудың қажеттілігін ертеден ескерген. Әсіресе, орман-тоғайды, тал-теректі ерекше бағалаған. «Атадан мал қалмаса да, тал қалсын», «Ағаштың жемісін жеймін десең, түбіне балта шаппа», «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді», «Жалғыз ағаш – орман емес», т.б. мақал-мәтелдер соның айғағы.
Дегенмен елімізде жасыл әлемнің тіршілік үшін қаншалық маңызы барын жете түсіне бермейтініміз өкінішті. Әлемде тоғызыншы территория атанғанымызбен, жерімізде шө-
лейтті аймақтың аумағы адам шошытады. Санға жүгінсек, Қазақстан жерінің 70 пайызы шөлейттеніп, құрғап барады, еліміздің орманды алқабы бар болғаны 4,6 пайызды құрайды екен. Аңдап қараған адамға қорқынышты-ақ...
ОРМАН ӨРТТЕРІ
онсыз да жасыл желегі аз елге үлкен шығын. Аз орманның өзін сақтауға қауқарымыз жетпей отыр. Жаз болса орман өрті болғаны жайында суық хабарды жиі еститін болдық. Статистикаға жүгінсек, 2020-2023 жылдар аралығында қазақ елінде 2 000-нан аса орман өртенгені жайлы айтылады. Кей жағдайдағы қаулаған орман өртінің саны адам шошырлық. Мәселен, 2020 жылы бір аптада 19 рет орманның өртенгені анықталған.
2018-2023 жылдарда 3 мың орман өрті болып, 610 мың гектар орман отқа кетіп, соның себебінен мемлекетке 30 млрд теңгеге жуық шығын келген. Кейінгі кезде өрттің саны азайғанымен, өртенген аумақтың ауқымы көбейген көрінеді. Мамандардың айтуына қарағанда, орман өрті пайда болатын аймақ – Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстары екен.
СОҢҒЫ ОН ЖЫЛДА
болған ірі орман өрттері жайлы шола кетсек, 2015 жылдың тамызында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында болған өрттің аумағы 500 гектарды құрап, 10 гектар орман күлге айналды.
Сол жылы осы облыстың Күршім ауданындағы Қытаймен шекарадағы Марқакөл орман шаруашылығында 700 гектар аумақты жалын шарпып, жасыл желек жанып кетті.
2018 жылдың мамыр айында «Семей орманы» резерватының аумағындағы орманда 300 гектардан астам аумақты қамтыған өрт орманды былай қойғанда, 20 адамның өмірін жалмап, 2 жарым мыңға жақын мал тірідей жанып кетті. Өрттен келген шығын 78 миллион теңге болды.
2019 жылы Павлодар облысы аумағында пайда болған өрт 100 гектар жерді басып, тал-теректі жалмады.
2021 жылы мамыр айында Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласы маңында тілсіз жау 300 гектарға жуық орманның түбіне жетті, сонымен бірге 31 тұрғын үй толығымен өртеніп, 37 қосалқы ғимарат, алты автомобиль жанып кетті. Өрт салдарынан бір әйел қайтыс болып, екі ер адам ауыр жағдайда емханаға жеткізілді. Өрттен келген шығын 252 млн теңгеден асқан.
2022 жылы қыркүйек айында Қостанайдағы өрт «Басаман орман шаруашылығы мекемесі» КММ, «Семиозерное орман шаруашылығы мекемесі» КММ және Әулиекөл ауданының бірнеше елді мекенін қамтыды. Өрттің кесірінен 43 мың гектар аумақ жылан жалағандай болып, 91 тұрғын үй жанып кетті. Жеке адамдарды қоспағанда, мемлекетке өрттен келген шығын 18,7 миллиард теңгеге жетті. Өрттен жапа шеккен адамдарға келген зиян 642 миллион теңге болса, өрт сөндіруге 42 миллиард теңге жұмсалған.
2023 жылдың маусымында «Семей орманы» аумағында болған алапат өрттен 14 адам қаза тауып, өрт шалған аумақтың көлемі 60 мың гектарға дейін жеткен.
Жалпы, 2023 жылы жалпы ауданы 116,8 мың гектар болатын 810 орман өрті болған екен.
Міне, бір шолып шыққанда соңғы жылдарда елімізде болған аумақты орман өрттері туралы осындай факттер бар.
Соңғы кезде еліміздегі ормандарда өртке қарсы дайындықтар күшейтіліп, мол қаражат бөлініп жатыр. Салдарымен күрескеннен гөрі, себебінің алдын алған жақсы ғой.
АҒАШ КЕСУ
түрлі қажеттіліктерге байланысты десек те, оны да барынша реттеу керек. Деректерге үңілсек, Қазақстанда жыл сайын 1,5 млн текше метр ағаш кесіледі екен. Оның 70 пайызға жуығы отын үшін, қалғаны өндіріс қажеттігіне пайдаланылады екен. Сондықтан елімізде ағаш кесуді тоқтату керек деген де пікірлер айтылып қалады.
Жалпы, ағаштың жауы көп қой, соның бірі өрт болса, тағы бірі – өндірістік мақсатта кесу. Сонымен бірге табиғи түрде де ормандардың азаюы жөнінде деректер бар. Мәселен, жерасты суларының көтерілуінен ағаштардың қурап, кейін шіріп кету процесі жүреді. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын еліміздің солтүстігінде 17 мың гектар алқап қайың шіріп, жойылған.
Жасыл желегі соншалықты мол емес қалаларда құрылыс салу кезінде ағаштарды кесу жиі болатын іс. Сондай жағдай еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматыда жиі орын алады. Мұнда құрылыс қарқынмен жүріп жатқандықтан құрылысшылардың ағаштарды кесіп тастауына жұрт жиі шағымда-
нып жатады. Мәселен, осыдан 3 жылдай бұрын Алматы қаласы, Медеу ауданы Керей-Жәнібек хандар көшесі бойындағы 300 түп ағаш заңсыз кесіліп кеткен. Ең сорақысы, кесілген ағаштардың ішінде «Қызыл кітапқа» енгізілгендері де бар.
Жасыратыны жоқ, кейде ұзақ жыл бойы өскен биік, бірақ сынып кету қаупі бар ағаштарды кесіп, жел соққанда құлап кетуі мүмкін ағаштар да кесіліп жатады. Биыл Алматыда қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алатау ауданында 500, Әуезов ауданында 700, Алмалы ауданында 900, Бостандық ауданында 900, Медеу ауданында 100, Жетісу ауданында 300, Наурызбай ауданында 400 және Түрксіб ауданында 1 400 ағаш санитарлық мақсатта кесілген. Жалпы, жаз бойы жоғарыда айтып өткен мақсатта 5 200 ағаш кесілмек. Сондықтан ағашты кесудің де тәртібі бар, бірақ құрылыс саламын деп, жер босатып алу үшін ағаштарды оңды-солды кесе беруге болмайды. Оған мемлекет те, қоғам да мүдделі болуы тиіс.
АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ
жыл сайын күллі әлемде өткізілетін науқандық шара. Жер жылып, күн қыза бастаған көктемде барлық елде ағаш отырғызу жұмысы басталады. Оған үлкен-кіші ынталы адамның бәрі қатысады. Тіпті, мемлекет басшыларының өзі бұл рәсімге қатысып, үлгі-өнеге көрсетіп жатады.
Бізде ағаш отырғызу, қолдан жасыл желекті әлемнің аумағын көбейту біртіндеп мемлекет саясатына айналып келе жатқандай. Мәселен, алдыңғы жылы ел көлемінде 112 мың гектар жерге 280 млн түп ағаш отырғызылса, өткен жылы еліміздің орман алқаптарында 410 млн түп көшет егілу жоспарланған еді.
Еліміздің Президенті 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш отырғызуды міндеттеген. Бұл жылына 85 мың гектар аумаққа ағаш отырғызу деген сөз. Сондай-ақ жеміс ағаштарын отырғызу істері де жоспарға сай жүріп жатқан көрінеді.
Еліміздің сулы-нулы аймақтары, негізінен, шығыстағы және оңтүстіктегі об-лыстар. Шығыста ежелден қарағай, қайың секілді ағаштар табиғи жолмен де өсіп, көбейе беретін болса, оңтүстікте жеміс ағаштары көп өседі. Сондықтан Талдықорған, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыста-
рында бақтар көп. Бұл бір жағынан судың молдығына байланысты болса, екінші жағынан бұл облыстардың ыстық климаты да бақ шаруашылығын дамытуға қолайлы.
Қалай дегенде де, ағаш атаулы – ауаның тазалығы мен экологиялық жағдайдың дұрыстығына қажет. Сол үшін ел болып жұмылып ағаш егу мәдениетін қалыптастыруға, орманды сақтауға әрі көбейтуге біріге еңбек етуіміз қажет.
Ағаш өсіруде әр елдің, әр өлкенің өзіндік дәстүрі бар. Шөлейтті аймақтарда сексеуіл, жыңғыл секілді тоғайлар жасауға мүмкіндік болса, сулы өлкелерде қарағай, қайың, емен, шырша тәрізді ағаштар жақсы өседі. Сондай-ақ ауасы ыстық, суы бар аймақтар жеміс ағаштарын өсіруге қолайлы.
ТАБИҒАТҚА ЖАНАШЫРЛЫҚ
экологияны қорғаудың басты міндеті. Өсімдіктер әлемі тіршілікке керектің ең басты нәрсе – оттегінің өндірушісі. Ауасыз бүкіл тірлік бір мезгілде тоқтап қалатынын бар адам біледі, сондықтан әсіресе, дамыған елдерде орманға, өсімдіктерге деген құрмет ерекше.
Бізде ағаш кесіліп жатыр деп шу көте-
ретіндер жоқ емес, бірақ бар мәселе шу көтерумен бітпейді ғой, қолдағы барды қорғап, сақтап қана қоймай, оны көбейтуді үнемі естен шығармаған жөн.
Осы арада ағаш өсіру және қорғауға қатысты әлемге белгілі екі фактіні назарларыңызға ұсынғым келеді.
Қазір орман мәселесі бүкіл әлемде ушығып тұр десе болады. Ормандар көлемі жылдан-жылға азайып барады, ал оның орнын толтыру тым баяу жүріп жатыр. Барлық парниктік газдар шығарындыларының шамамен 15 пайызы ормандарды кесу нәтижесінде пайда болады. Өсімдіктер мен жануарлардың сансыз түрлері күн сайын тіршілік ету ортасын жоғалтуда. Бұл деструктивті үдерістің тым жылдам жүргені сондай, енді оны елемеу мүмкін емес.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша, 1990 жылдан бері әлемде 129 миллион гектар орман біржола жойылған. Ал бұл аумақ көлемі жағынан Оңтүстік Африканың көлеміне бара-бар. Осындай жағдайда ағашты қолдан отырғызып, орман жасаудың қандай болатынын көрсететін жандар да табылады. Мәселен, бразилиялық фотограф Себастьян Салгадо мен оның жұбайы Лелия Делуиз Ваник Сальгадо орманды қалпына келтіруде аз ғана ынталы адамдардың қолынан не келетінін көрсетуге шешім қабылдады. Себастьян Салгадо – танымал фотограф, ол көптеген ірі фотожурналистика марапатына ие болды және оннан астам кітап шығарды. 1990 жылдары ол Бразилиядағы өзінің туған жеріндегі жап-жасыл тропикалық ормандардың жоғалып кеткенін көргенде қатты таңғалды. Бірақ әйелі бәрін қалпына келтіруге болатынын айтты.
Себастьян мен Лелия бірге Instituto Terra шағын ұйымын құрды, содан бері 20 жыл ішінде 4 миллион көшет отырғызып, орманды қайта жандандырды. Сол аралықта құрып кеткен орман қайта жандана бастады. Жануарлар, құстар, жәндіктер қайтып келді. Сөйтіп, тірілген орманға құстардың 172 түрі, сондай-ақ сүтқоректілердің 33 түрі, өсімдіктердің 293 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 15 түрі және қосмекенділердің 15 түрі оралды, нәтижесінде тұтас экожүйе қайта қалпына келді.
Бұл ізгі ниеттен туған әрекеттің пайдасы. Екі-ақ адам 20 жылын арнап, жойылып кеткен орманды қайта тірілте алды. Демек, адам табиғатқа қамқор көзбен қарай білсе, экологиялық апаттың алдын ала алады. Тек, оған ынта мен еңбек қана керек.
Табиғатқа жанашырлық жасау деген құр сөз емес, іс арқылы көрінеді десек, ерлі-зайыпты бразилиялық азаматтардың ісі күллі адам баласына өнеге дер едік.
Ал мына америкалық қыздың көзсіз ерлігіне не дер едіңіз?
Джулия Хилл атты бұл қыз табиғатты қорғауда өзгелердің қолынан келе бермейтін шыдамдылық көрсету арқылы әлемге танылды десе болады.
Жасөспірім кезінде Юлия өзімен қатар басқа балалар сияқты еді. Бір кездегі табиғатқа деген құштарлығын, бар өмірін оны қорғауға арнасам деген бала күнгі арманын ұмытқандай болған. Ол материалдық байлықты бірінші орынға қоятын «Америка арманы» идеясына көбірек қызыға бастады. Өзі таңдаған оқуға түсіп, одан босаған кезде жұмыс істеп, күнделікті күйбең тірлікпен айналысатын.
22 жасында оны құрбысымен бірге мас жүргізуші көлігімен қағып кетіп, одан Джулия әупірімдеп аман қалды. Содан кейін ол өмірі өз қалағанындай болмай жүргенін сезінгендей болды. Сөйтіп, ол «Секвойяны кесуге қарсылық» атты қайырымдылық концертіне барды.
Ежелгі орманға барған кезде Джулия сол кезде қызыл ағаштардың тек 3 пайызы қалғанын білді. Бұған ол таңғалды. Орманда кесілуден аман қалған секвойя ағашының жасының 500 жылдан бері өсіп тұрғанын, ол ағаштың бес ғасыр куәсі екенін білгенде ерекше сезімде болды.
Сол тұста Earth First командасының адамдары ағаштарды сақтау қажеттілігіне назар аудару үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастыратын. Ол кезде Джулия ешбір ұйымның мүшесі болмаса да, оларға көмектесуді ұйғарды.
Команда тамаша идеяны ойлап тапты: ағаш кесушілер кесіп алмауы үшін ағашқа біреу отыруға мәжбүр болды. Басқа ұйымдар да бұл әдісті қолдана бастады. Бірақ ағаш дайындаушылардың өздері бұл ағашқа жақындамайды. Джулия ағашта бірнеше апта, мүмкін бір ай отыруға болады деп ойлады, алайда оның бұл әрекеті тым ұзаққа созылатынын өзі де білмеген еді.
Сөйтіп, 1997 жылы 10 желтоқсанда Джулия секвойя ағашына көтеріліп, 55 метр биіктікте ағашқа орналасып алды.
Ағаш кесумен айналысатын Pacific Lumber компаниясының өкілдері қыздың әрекетіне алғашында онша мән бермеді. Көп болса екі аптадан кейін түсіп кетеді деп ойлады. Сөйтіп, олар қыз отырған ағашқа тиіспей, өзгелерін кесе бастады.
Жан-жақта ағаштар құлап жатыр, салқын жаңбыр жауды, күн күйдірді, бірақ қызды ештеңе мақсатына қол жеткізбей тұрып ағаштан кетуге мәжбүрлей алмады. Ал белсенділер қызға көмектесті, оған киім, тамақ әкеліп тұрды.
Оның бұл ісі ағаш кесуші компанияның жынына тиіп, қызға қоқан-лоқы жасады. Қорқытқысы келді, бірақ бәрі нәтижесіз болды. Қыз тіпті қорқынышты Эль-Ниньо дауылында да ағаштан түспеді.
Джулия күннен қуат алатын телефонымен ағаш кесушілер туралы ақпарат таратып отырды. Бұдан хабардар болған қоғам қайраткерлері, кино жұлдыздары, саясаткерлер ағаштар кесіліп жатқан жерге келе бастады. Олардың барлығы да Джулиямен сөйлескісі келді. Ал ол болып жатқан жағдайды әлемге жеткізгісі келетін.
Ақырында, 1999 жылы Джулия ағаш кесушілер 60 метр радиустағы ағаштарға қол тигізбеуге уәде берген соң ғана келісімге келу үшін ағаштан түсті. Сөйтіп, ол ерекше қайсарлық көрсетіп, өз мақсатына жетті.
Өз басынан өткізген осы ерекше тәжірибе арқылы Джулия азамат ретінде әлемде өзінің лайықты орны бар екенін түсінді және ол өзінің қызметін экологиялық белсенді ретінде жалғастырды.
Ол бірнеше кітап жазды, оның бірі «Жалғыз да болса маңызды» деп аталады. Джулия экожүйенің жағдайын жақсарту және жабайы табиғатты сақтау бойынша көптеген жобаға қатысып келеді.
Қазақтың «Жалғыздың үні шықпайды» деген сөз бар. Әрине, Джудия жалғыз өзі ғана қарсылық танытқанда мақсатына жете алмас еді, оны қолдайтын адамдар болды, оған сенді және қолдады. Ал Джулия көптің тілегіндегі қарсылық акциясын табанды түрде өткізіп, орман отаушыларға қарсы тұра алды.
Бұл екі мысал біздің еліміздегі табиғат жанашырларына үлгі-өнеге болады деп ойлаймыз.
Бірінші мысалда табиғатқа деген қамқорлықтың энтузиазмға ұласып, орманды қайта қалпына келтірген ерлі-зайыптылардың ісі үлкен еңбектің көрінісі ретінде құрметтелсе, екінші мысалдағы қаршадай қыздың орманды сақтаудағы қарсылық акциясы да лайықты бағалануға тиісті жанашырлық.
Орманды өрттен де, орынсыз кесуден де сақтау керек. Адамдар бірігіп табиғатты сақтауға атсалысса, жоғалып бара жатқан жасыл желекті ормандарды қалпына келтіруге еңбектенсе, елінің экологиясын таза сақтауға деген үлкен көмек сол болмақ.