«Таяқ жеп өстік»: Сәкен Майғазиев баланы басынан ұрған әженің видеосын жариялады
Әнші әлеуметтік желіге немерелерін бағып отырған әженің видеосын жүктеген.
Сәкен Майғазиев әжелер мектебі туралы мәселе қозғады, деп хабарлады turkystan.kz.
“Әжеңнің түйіп қалғаны мен атаңның нұқып қалғаны, анаңның айқайы мен әкеңнің ашулы көзқарасы майдай жағатын кездер-ай! Мына бейнебаяннан шынайылықты, тәрбиені, тазалықты, жанашырлықты көрдім. Әженің немереге, немеренің әжеге деген кіршіксіз махаббатын көрдім.
"Жасөспірім жарақаты" (детская травма) дегенді қырық жасыма келгенде психологтан естідім", деген екен бір кісі. Психологиялық жарақат алмай-ақ, мұғалімдерден (апай, ағай), аға, әпкелерімізден таяқ жеп өстік қой дейм(ін) да. Қазір заман басқа.
Ақсақалдар академиясы, отбасы институты, жазылмаған дала заңы, асыл дінімізбен астасып, сабақтасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйым, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды құндылықтарды қайтару арқылы ұлт болып қаламыз деп ойлаймын.
Мына көріністің соңында бесіктегі балапанның әжесінің қолын сүйгені ерекше әсер етті. Қатты сүйсіндім. Міне нағыз махаббат! Әр әулетте атаның берген бұйрығы, әженің айтқан ақылы шеру құрсын! Жұма мүбәрак, жақсыларым! “- деп жазды әнші.