Абай облысында құдыққа түскен үш азамат мерт болды
Қайғылы жағдай Преображенка ауылында болды.
Абай облысында құдыққа түскен үш азамат уланып өлді. Марқұмдардың екеуі Алматы қаласының тұрғыны, үшіншісі жергілікті тұрғын, деп хабарлайды turkystan.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай Преображенка ауылында болды. Үш бірдей азамат құдықтың ішінде жатқанын көрген тұрғындардың бірі құтқарушыларды шақырған. Бұл елді мекенде су құбыры былтыр ғана қолданысқа беріліпті. Бірақ жыл өтпей құбырдан ақау шыққан. Сондықтан мердігер мекеме кепілдік мерзімі бойынша оны қалпына келтіруге міндеттелген екен. 34 жастағы екі жігітті Алматы қаласынан жөңдеу жұмыстарына солар арнайы жіберген сыңайлы. Ал 37 жастағы жергілікті азаматтың шұңқырға қалай түсіп кеткені белгісіз. Себебі ол екі жігітпен бірге жұмыс істемеген. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
«Көкпекті ауданының елді мекендерінің бірінде су құбыры шұңқырын тазарту кезінде екі қызметкер мен жергілікті тұрғын биогазбен уланған. Осы факті бойынша екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған еңбек қағидаларын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп- тексеру жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Абай облысы ПД баспасөз қызметі.
Ұлынан айырылған ана мердігер компания басшылығымен қоса, жергілікті шенділерді де жауапқа тартуды талап етіп отыр.
«Менің баламның өліміне кім жауап береді? Қай адам? Ал енді баламды тауып берсін. Мынаның ішінен мәйітін шығарды. Шығара алмай. Бұл не сұмдық?! Сонда олар тендер ұтып алады екен. Неге сауыт-сайманымен келмейді екен? Неге арнайы машинамен келмейді?», - деді Марқұм Д. Жақыповтың анасы Гүлнар Жақыпова.