586
Қазақ боксындағы алтын тізбек
Қазақ боксындағы алтын тізбек
Елімізде спорт саласына көрсетілетін қолдау жеткілікті. Спортшылар да ел абыройын ешқашан төмендеткен емес. Әсіресе, соңғы уақытта қазақ боксшыларының халықаралық аренадағы мерейі үстем болып тұр. Былтырғы Рио олимпиадасында да қазақ боксшылары өз биігінен түскен жоқ. Былғары қолғап шеберлері төккен тердің жемісін бапкерлер бейнеттің зейнеті санайды. Ал Бүкіләлемдік бокс сериясында өнер көрсететін «Астана арландарының» биылғы маусымдағы жетістіктері де жанкүйерлерді жиі желпінтіп жүр.
Бүгінде қазақстандық былғары қолғап шеберлері әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да ешбір елдің боксшыларынан кем түспейді. Әлем чемпионаты, олимпиада ойындары, түрлі кубоктар ойнатылатын халықаралық маңызды бәсекелерде жеңісті қолдан бермейтін батырлардың жеңістері мен жетістіктері еліміздің биік мәртебесін айғақтайды. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері Қазақстанның намысын қорғап жүрген боксшылар Олимпиада ойындарынан үздіксіз алтын медаль алып келеді. Тіпті, еліміздегі спортшылардың арасында әлем чемпионы атағын да ең көп иеленген былғары қолғап шеберлері екендігі даусыз. Осындай жетістіктердің барлығы Қазақстан боксының әлемдік аренада алдыңғы қатарда тұрғанын дәлелдесе керек.
«Астана арландарының» арыны мықты
Қазақ боксы жайлы сөз қозғағанда «Астана арландары» кәсіпқой командасы жайлы айтпасқа болмас. Қазақстан бокс федерациясының тікелей қолдауымен 2010 жылы құрылған клуб Бүкіләлемдік бокс сериясы шеңберінде Қазақстанның абыройын асқақтатып келеді. Нұрлан Ақүрпеков баптайтын «Астана арландары» командасы биылғы маусымда екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Алдымен «арландар» Ресейдің «Patriot Boxing Team» командасынан 3:2 есебімен басым түссе, одан кейін Өзбекстанның «Uzbek Tigers» клубын 4:1 есебімен жеңді. Әзірге екі турдың қорытындысы бойынша «Астана арландары» турнир кестесінде көш бастап келеді. Ал, Қытай елінің ұжымы алғашқы жекпе-жегінде «Uzbek Tigers» командасын 3:2 есебімен ұтса, екінші ойында Ресей боксшыларынан 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Бүкіләлемдік бокс сериясында өнер көрсететін «Астана арландары» наурыз айының басында биылғы маусымдағы үшінші жеңістерін тойлады. Атырауда Қытайдың «China Dragons» боксшыларын қабылдаған «арландар» қарсыластарын 5:0 есебімен жеңді. Кездесулер С1 категориясындағы салмақтар бойынша өтті. Ең жеңіл салмақ – 49 келіде Теміртас Жүсіпов пен Хе Цзюньцзюнь жұдырықтасты. Бес раундтың қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы басым болды. Екінші жекпе-жекте 56 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ілияс Сүлейменов Лонг Вангты тізе бүктіріп, есепті еселей түсті. Айта кетейік, Ілияс бұған дейін Мәскеуде де жеңіске жеткен болатын. Ал 64 келіде Ділмұрат Мәжитов пен Лю Ян кездесті. Үш төреші де бірауыздан қазақ «арланының» жеңісін мойындады. Төртінші раундта Мәжитов қарсыласын екі мәрте нокдаунға түсірген. Алайда қытайлық спортшының жекпе-жекті соңына дейін жалғастыруға шамасы жетті. Төртінші болып рингке 75 келідегі Сапарбай Айдаров пен Чжао Минган шықты. Жерлесіміз алғашқы екі раундта өзінің басымдығын анық көрсетті. Үшінші раундта да қарсыласына дес бермеген Сапарбай Айдаров жеңісті қолдан бермейтіндігін анық байқатты. Азия ойындарының жеңімпазы, 91 келідегі Антон Пинчук те қарсыласын оңай жеңді. Қытай командасындағы Беларусь легионері Сергей Новиковпен жұдырықтасқан Пинчук APB жобасында жұдырықтасып, әбден тәжірибе жинаған боксшы екенін бұл жолы да дәлелдей білді. Осылайша, Нұрлан Ақүрпеков жаттықтыратын «арландарымыз» қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетіп, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.Бокстағы «қазақтың салмағы»
Соңғы жетістіктердің маңыздысы – Рио олимпиадасындағы жеңістер. Рио олимпиадасындағы боксшылардың жетістіктері еліміз егемендік алғалы бері қалыптасып келе жатқан даңқты дәстүрдің жалғасын табуына ұласты. Әсіресе, «қазақтың салмағы» деген айдар тағылған 69 келі салмақтағы Данияр Елеусіновтің алтыннан алқа тағуын жұртшылық заңды құбылысқа балады. Айта кетейік, дәл осы салмақта 4 бірдей қазақ боксшысы Олимпиада чемпионы атанған болатын. 2004 жылы Афиныда өткен дүбірлі додада 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Бақтияр Артаев чемпион болып қана қоймай, турнирдің ең үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогының иегері атанды. Одан төрт жыл өткен соң қазақтың тағы бір талантты боксшысы Бақыт Сәрсекбаев Бейжің олимпиадасында аталған салмақ бойынша қарсыластарынан мықты екендігін дәлелдеді. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында Серік Сәпиев жеңістің ең биік тұғырына көтеріліп, әйгілі Вэл Баркер кубогына лайықты боксшы ретінде танылды. Ал былтырғы Рио олимпиадасында 69 келі салмақтағы Данияр Елеусіновтің бағы жанып, алтыннан алқа тақты. Осыған дейін 69 келі салмақта өнер көрсеткен Данияр Елеусінов өткен жылы әуесқой бокстан қол үзіп, кәсіпқой боксшы атануға бел буғандығын мәлімдеді. Оның бұл шешімі қаншалықты дұрыс болғандығын уақыт көрсетер. Десек те, Данияр әуесқой бокстағы барлық турнирлерде топ жарды деп ауыз толтырып айтуға болады. 2013 жылы Аманда, 2015 жылы Бангкокта өткен Азия чемпионатында үздік екендігін дәлелдеді. 2010 жылы Гуанчжоуда, 2014 жылы Инчхонда болған Азия ойындарында алтын медаль иеленді. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінсе, 2015 жылы Дохада өткен әлемдік додада күміс жүлдеге ие болды. Елеусіновтің ең басты жетістігі – 2016 жылы Рио олимпиадасының алтыны. Сонымен қатар, ол 2014 және 2015 жылдары әуесқой бокстағы әлемнің үздік былғары қолғап шебері атанды. Ал 4 Олимпиадада қатарынан 69 келі салмақ дәрежесіндегі алтын медальді ешкімге бермей келе жатқан қазақ боксшыларының ізін келесі Олимпиадада кім жалғайды? Әуесқой бокста 69 келі салмақтың жанкүйерлер үшін өте маңызды екені белгілі. Данияр кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін айтулы салмақта кімнің өнер көрсететіні барлық спорт сүйер қауым үшін қызықты болғаны даусыз. Қазіргі уақытта бұл салмаққа Абылайхан Жүсіпов ауысты. Жастар арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы, ерлер арасындағы Олимпиада ойындарының қатысушысы Абылайхан Жүсіпов енді «қазақтың салмағы» саналатын 69 келінің тізгінін ұстады. Жаңа салмаққа ауысқан 20 жастағы боксшы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып та үлгерді. Жасөспірімдер және жастар арасында өнер көрсеткен шағында Жүсіпов жетпеген жетістіктер жоқтың қасы. 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионы, Азия және әлем чемпионы, 2014 жылы жасөспірімдер арасындағы Нанкин олимпиадасының жеңімпазы атанды. Ал жастар арасында 2014 жылы Қазақстан, Азия және әлем чемпионатының жеңімпазы болды. Ересектер тобына ауысқанына көп болмаса да, Абылайхан Жүсіповтің болашағынан үміт күтетіндер көп. Оның ересектер құрамына өте салысымен, өз салмақ дәрежесінде Олимпиада лицензиясына қол жеткізуінің өзі Абылайханның жүзден жүйріктігін айғақтаса керек. Қазір бапкерлер де, жанкүйерлер де Абылайхан Жүсіповтің 69 келі салмақ дәрежесінде жаңа көшбасшы атана алатындығына сенім білдіруде. Сала мамандарының басым бөлігі Жүсіповтің жаңа салмаққа өткендігін дұрыс шешім деп бағалайды. Абылайхан Жүсіповтің 69 келіде үздік өнер көрсеткен қазақ боксшыларының ізін жалғап, қазақ жанкүйерлерін жеңістерімен қуантатынына біз де сенім білдіреміз.