Алматыда фитнес жаттықтырушыны өлтірген күдікті 13 жылға сотталмақ

Дамир Төребаевты өлтірді деген күдікке ілінген сотталушы марқұммен жанжал кезінде өзін-өзі қорғағанын айтады.

Алматыда фитнес жаттықтырушыны өлтірген күдікті 13 жылға сотталмақ
Әлеуметтік желі
437

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты фитнес-жаттықтырушы Дамир Төребаевтың өліміне қатысты істі қарап жатыр. Марқұммен бір хостелде тұрған жігіттер Дамир Төребаевтың өліміне қатысы бар деген күдікке ілінді. 

Екі жігіттің бірі адам өлтірді (ҚК-тің 99 бабы) деп, екіншісі қылмыс туралы хабарламағаны (ҚК 434-бабы) үшін айыпталды. Алайда айыпталушылардың екеуі де өз кінәсін мойындамай отыр. Дамир Төребаевты өлтірді деген күдікке ілінген сотталушы марқұммен жанжал кезінде өзін-өзі қорғағанын айтады. 

Оның айтуынша, ол жұмыстан келгенде Дамир оны өлтірмек болған. Сөйтіп айыпталушы өз бөлмесіне барып жасырынған.

“Ол бөлмеге кірмек болды. Мұны растайтын куәгерлер де бар. Ол мас еді, қолында балта болды. Менің өміріме қастандық жасамақ болды”, – дейді күдікті. 

Айыпталушының қорғаушысы қылмыстық кодексінің 102-бабы ("Қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру") бойынша соттан істі қайта саралауды сұрайды.

Алайда мемлекеттік айыптаушы қылмыс қасақана жасалды деп санайды. Оның айтуынша, қылмысқа жеке басқа қатысты өшпенділік себеп болған. Прокурор жарыссөз кезінде негізгі айыпталушыны 13 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуін сұрады. Екінші айыпталушының 3 жылға сотталуын талап етті. 

Аталған іске қатысты сот үкімі жақын арада шығады.

 

Серіктес жаңалықтары