Головкин тағатсыздана күткен жекпе-жек

Головкин тағатсыздана күткен жекпе-жек

Головкин тағатсыздана күткен жекпе-жек
ашық дереккөзі
250
Бокс жанкүйерлері көптен күткен кездесуге аз уақыт қалды. 18 наурыз күні қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин америкалық Дэниэл Джейкобспен кездеседі. Әлем жұртшылығы күткен жекпе-жек Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden алаңында өтпек. Орта салмақта өнер көрсететін WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин бұған дейін 36 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 33-інде қарсыласын нокаутпен жеңді. Ал Джейкобс өзінің 32 кездесуінің біреуінде ғана жеңіліс тапқан. Жеңісті кездесулерінің 29-ын нокаутпен тәмамдаған. Ал Нью-Йоркте өтетін жекпе-жекке 7 күн қалғанда қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен америкалық Дэниэл Джейкобс салмақтарын өлшеді. Жеті күндік лимит 168 фунт (76,2 келі) болатын. Кездесуге бір ай қалғанда салмақ өлшегенде Геннадий Головкин 165 фунт болса, Джейкобс 174,8 фунтты құраған. Қазіргі уақытта Головкиннің салмағы 162, ал америкалық боксшы Джейкобстың салмағы 167,8 фунтты көрсетіп отыр. Алдағы бір аптаның ішінде Дэниэл Джейкобс 3,5 келі салмақ тастауы тиіс. Боксшылардың ресми салмақ өлшеу рәсімі 17 наурыз күні өтеді. Наурыз айының басында Геннадий Головкин аталмыш жекпе-жекке қатысты ойын білдірген болатын. «Мен Джейкобспен болатын кездесуді тағатсыздана күтіп жүрмін. Бұл жұдырықтасу өзімді тағы бір сынап көру болады. Ол мені 18 наурызда шаршы алаңға шақырды. Бұл маған және командама ұнайды. Жеңу үшін маған өте сақ болып, барлық шеберлігімді қолдануыма тура келеді. Дэниелді бірнеше рет көрдім. Оның деңгейінің қандай екендігін жақсы білемін. Сол үшін де бұл жекпе-жек жанкүйерлер үшін қызық болғалы тұр», – дейді Геннадий Головкин. Америкалық боксшы Дэниэл Джейкобс те бұл жекпе-жекке дайын екендігін айтуда. HBO арнасындағы «Golovkin – Jacobs 24/7» бағдарламасында Джейкобс Геннадий Головкинге қарсы жекпе-жекке дайындығы жөнінде әңгіме қозғады. «Маған осы атмосфера ұнайды. Залда бәрі де маған көмектесіп жатыр. Головкиннен қорықпаймын. Осы жекпе-жек үшін өмір бойы жаттығу жасадым», – деді Джейкобс. Ал жыл басында Джейкобс Головкинді жеңу үшін психологиялық күштің маңызды екендігін тілге тиек еткен болатын. «Головкинмен кездесу менің мансабымдағы ең маңызды жекпе-жек болмақ. Головкиннің қуаты – басты мәселе. Бірақ менің де өз артықшылықтарым бар. Головкиннің фанаттары қаншалықты көп болса да, мен үшін жанкүйерлік ететін бүкіл Нью-Йорк бар. Барлық боксшылар Головкинмен рингке шықпай тұрып одан психологиялық тұрғыда жеңіліп қалады деп ойлаймын. Сондықтан тек физикалық тұрғыда ғана емес, ментальдық тұрғыда да дайын болуым керек. Бар күшімді пайдаланып, оны жеңуім керек. Бұл бір керемет кеш болғалы тұр», – дейді Дэниел Джейкобс. Айта кетейік, 11 қаңтар күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өткен баспасөз мәслихатында қазақстандық және америкалық боксшылар Геннадий Головкин мен Дэниел Джейкобс жекпе-жек алдында алғаш рет бір-бірімен жүздесіп, көзбен сес көрсетті. Сол уақытта қазақстандық боксшының бапкері Абель Санчес Джейкобстың қауіпті қарсылас екендігін айтқан еді. «Джейкобс – қауіпті қарсылас. Сол үшін де,  Головкин өте ыждахаттылықпен дайындалу үстінде. Оның жекпе-жегі  болмаса да, ол қараша айында лагерге дайындалуға барды, жаңа жылдан  кейінгі екінші күні тағы жаттықты», – деді Абель Санчес. Сондай-ақ, боксшылар ақпан айында  допинг-тест тапсырды. WBC президенті Маурисио Сүлейманның айтуынша, спортшылардың денесінен тыйым салынған дәрілер табылмады. «WBC допинг-тест нәтижелерін VADA ұйымынан алды. Сарапшы мамандардың қорытындысы бойынша екі спортшы да допингтен таза болып шықты», – деп мәлімдеді Маурисио Сүлейман Twitter-дегі ресми парақшада. Головкин мен Джейкобстың допинг бақылауын «Таза бокс» жобасы аясында америкалық VADA (Допингке ерікті тесті өткізу қауымдастығы) ұйымы өткізді. Боксшылар кездейсоқ тестілеуге ұшырауы мүмкін. Сондықтан жекпе-жек алдында тағы бір үлгі тапсыруы ықтимал. Қазіргі уақытта екі боксшының кездесуі қоғамда қызу талқылануда. Головкин мен Джейкобс кездесуіне қатысты пікір білдірушілердің қарасы қалың. Мәселен, НВО телеарнасының сарапшысы Харольд Ледерман Головкин мен Джейкобс арасында өтетін жекпе-жек жөніндегі пікірін былай білдіреді: «Орта салмақтағы екі мықты боксшылардың жекпе-жегі болмақ. Головкин әлем бойынша орта салмақтағы боксшылардың ең мықтысы екеніне еш күмән жоқ. Ол орта салмақтағы барлық титулды жеңіп алды. Головкиннің жұдырығы ерекше. Сондай-ақ, ол өзінің кәсіпқой және әуесқой бокстағы мансабында бір де бір рет нокдаунға түскен емес. Ол 300-ден аса кездесу өткізген. Головкин тамаша боксшы. Көпшілігі оны қазіргі уақытта әлемдегі бірінші боксшы деп санайды. Ал Джейкобс барлығына өзінің мықты екенін, тіпті ісікті жеңіп шыққанын айтқан болатын. Оның айтуынша, енді оны рингте ешкім де ұрып-соға алмайды. Дэннидің қолы ұзын, ол жұдырықтаса алады. Ол расында жақсы қимылдайды. Соққыға да жақсы жығады. Сондықтан бұл жекпе-жек орта салмақтағы үздік боксшылардың кездесуі болмақ». Сондай-ақ, Boxingnews24.com журналисі Крис Уильямс Джейкобстың Головкиннен басым түсуі мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, Джейкобс «Келл Бруктың мықты әрі жылдам нұсқасы». 2016 жылы қыркүйекте Головкин Келл Брукті жеңген болатын.  Журналист ұлыбританиялық боксшының жарақаты болмағанда, жекпе-жектің қалай аяқталуы белгісіз деп атап өтті. «Егер Бруктың екінші раундта жасаған апперкотын Джейкобс жасаса, бұл нокаут болуы мүмкін. Джейкобс бірден осындай шабуылдарға көшетін болса, ол онда Головкинді сөзсіз жеңеді», – дейді Крис Уильямс. Ал төрт салмақ дәрежесі бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы Рой Джонс: «Құрама Штаттарында маған кім бәсекелес бола аларын білмеймін. Мен үшін әлемде айтарлықтай қауіпті дей алатын екі боксшы бар. Меніңше, Головкинмен жекпе-жек өте ауыр болмақ. Головкинмен рингке шығатындай Джейкобс соншалықты мықты деп ойламаймын. Головкин – супер күш. Сондықтан Головкиннің күшіне қарсы тұру үшін керемет дағды керек», – дейді. Джейкобспен өтетін жекпе-жектен кейін Геннадий Головкин британдық боксшы Билли Джо Сондерспен кездеседі. Аталмыш жекпе-жек 10 маусым күні Қазақстанда өтеді деп жоспарланып отыр. Яғни, Головкин мен Сондерс жекпе-жегі Астанада – ЭКСПО көрмесінің қарсаңында өткізілмек. Жалпы, Головкин мен Сондерстің промоутерлері өзара жекпе-жек ұйымдастыруды өткен жылы жоспарлаған болатын. Бірақ былтыр келіссөздер нәтижесіз аяқталып, боксшылардың жекпе-жегі биылғы жылдың еншісіне бұйырып отыр.

Серіктес жаңалықтары