Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 1 ай қалды
2024 жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Жарысқа әлемнің 89 елінен 2 мыңнан астам спортшы қатысады. Спорттық жарыстар мен мәдени іс-шараларға 100 мыңнан астам турист келеді деп болжанып отыр.
Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық бағдарламасы аясында спорттың 21 түрі бойынша жарыстар өткізу жоспарланған.
Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек түрлері бойынша жарыстар, садақ ату, құстармен аң аулаудың ұлттық түрлері, ат жарыстары, халық ойындары бар.
Астанада «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылады, онда әрбір келуші қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерімен, сондай-ақ қатысушы елдердің өзіндік мәдениетімен таныса алады.
Күн сайын этноауылға елорданың 10 мыңнан астам тұрғыны мен қонағы бара алады. Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы Дала дүбірі» ұранымен өтеді.
Сонымен қатар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында 9-11 қыркүйекте Ұлттық музейде «Көшпенділер: тарих, білім, сабақтар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Конференция «Тарих және мәдениет», «Спорт ғылымы» және «Орталық Азия көшпенділерінің тамақтануы» секцияларынан тұрады.