10 мың вольттық тоққа түскен жетісулық жігіт аман қалды

Науқас өз қателігінен жарақат алған.

10 мың вольттық тоққа түскен жетісулық жігіт аман қалды
Фото: Алматы денсаулық сақтау басқармасы
638

Дәрігерлер 27 жастағы ер адамды аман алып қалу үшін 2 ай күресті. Ұзақ уақытқа созылған ем мен 5 пластикалық отаның арқасында ер адам аяққа тұрды, деп хабарлады turkystan.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

10 мың вольттық тоққа түскен Аян Жетісу облысы Алакөл ауданында электр монтаждаушы болып жұмыс істейді. Ол көктемде жұмыста жүріп тоққа түскен. Алғашқы 10 күн жансақтау бөлімінде жатса, жағдайы тұрақталған соң Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханаға ауыстырылды. 

Комбустиолог мамандар науқасқа екінші дәрежелі электр жарақаты, білек, қол, іш, табанның IV дәрежелі күйік диагнозын қойды. Дәрігер-комбустиолог Елдос Әлменовтың айтуынша, ер адам ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген. 

“53 күн емделіп, 5 рет пластикалық ота жасалды. Оң мен сол қолының сұқ саусағы жансызданып қалды. Десе де хирургтар қолдағы инфекцияның таралуы мен аяғын кесіп тастаудың алдын алып, қалған саусақтарын аман алып қалды. Аян ауруханадан үйіне жіберілді”, – дейді ол.

Науқас өз қателігінен жарақат алғанын айтады. Ол өзін аяққа тұрғызған дәрігерлерге алғысын білдірді.

“Қалалық аурухананың дәрігерлері мен қызметкерлерінің маған жасаған жақсылықтары үшін алғыс айтамын. 53 күн бойы менің өмірім үшін күресті, медбикелер қарады, дәрігерлер емдеді. Дәрігерлерге алғысым шексіз”, – дейді Аян.

Серіктес жаңалықтары