Күйеуі 10 рет пышақтап, 5 миллион теңгесін ұрлап, жертөлеге тастап кеткен әйелдің туыстары әділдік іздейді

Қайтыс болған әйелдің туыстары ер адамның жеңіл жазамен құтылып кетуі мүмкін екеніне қапалы.

Күйеуі 10 рет пышақтап, 5 миллион теңгесін ұрлап, жертөлеге тастап кеткен әйелдің туыстары әділдік іздейді
cурет: istockphoto.com
372

Алматыда ер адам әйелін 10 рет пышақтап өлтірді деп айыпталды. Жәбірленушінің туыстары айыпталушының қылмысты аффект жағдайында жасағанына сенбейтінін айтып, әділ жаза кесуді талап етуде.

31 қаңтарда 43 жастағы Әл-Бейне Зарипованың денесі үйдің жертөлесінен табылды. Іс материалдарына сәйкес, оның күйеуі Сабыржан Зарипов 15 жылдық некеден кейін әйеліне 10 рет пышақ жарақатын салып, кейін оның телефоны арқылы өз шотына 4 миллион 700 мың теңге аударып алған. Ол барлық құжаттарды жинап, 12 жасар қызын әпкесінің үйіне апарып тастаған.

Жәбірленушінің анасының айтуынша, қызы 2010 жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Күйеуінің қызғанышы мен үнемі бақылауынан шаршаған Әл-Бейне 2023 жылдың күзінде ажырасуға шешім қабылдайды. 

Бастапқы сот-медициналық сараптама қылмыс аффект жағдайында болған деп көрсеткен. Алайда жәбірленуші тарап қосымша сараптама тағайындауға қол жеткізіп, оның нәтижесінде қылмыстың алдын ала жоспарланғаны және саналы түрде жасалғаны анықталған.

Қазір олардың 12 жасар қызы айыпталушының әпкесінің қолында. Қылмыстан кейін Сабыржан қызын сол үйге алып бару үшін қолхат жаздырған. Медеу аудандық әкімдігі жанындағы балалардың құқығын қорғау комиссиясы 29 наурызда қызды әпкесінің үйінде қалдыруды ұйғарған, себебі ол Алматыда қалғысы келетінін айтқан. Ал жәбірленушінің туыстары Петропавлда тұрады.

Жәбірленушінің анасының айтуынша, айыпталушының жақындары кешірім сұрамаған және немересімен қарым-қатынасқа шектеу қойған. Олар керісінше, болған жағдайға Әл-Бейнені кінәлап отыр. 

Қайтыс болған әйелдің туыстары ер адамның жеңіл жазамен құтылып кетуі мүмкін екеніне қапалы.

Серіктес жаңалықтары