Ықылас Нұрғалиев: Ұлттық өнер ұжымдарының әлем мәдениетінде лайықты орны бар

«Сазген сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблінің дирижері

Ықылас Нұрғалиев: Ұлттық өнер ұжымдарының әлем мәдениетінде лайықты орны бар
790

ХХ ғасырдың соңғы ширегінде қазақтың дәстүрлі музыкасының дамуына серпін берген – ұлттық-фольклорлық ансамбльдер. Қазақ мәдениетінің үлкен жанашыры, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен қаланған бұл ансамбльдер ұмытылып бара жатқан көптеген қазақ ұлттық музыкалық аспабының қатарға қосылып, музыкалық мәдениетімізді биіктете түскен құбылыс болды. Сондай үлкен істің басы-қасында жүргендердің бірі дирижер Ықылас Нұрғалиев еді. Біз ұлттық музыкаға еңбегі сіңген Ықылас ағамен әңгімемізде ұлттық-фольклорлық ансамбльдердің пайда болуы, дамуы және оның қазақ өнерінде алатын орны туралы көп жайтқа қанықтық.

Өнерден орнымды табуыма ұстаздарымның еңбегі мол

– Ықылас аға, сіздің Кеңес дәуірінде қазақ ұлттық музыкасына еңбек сіңіріп, естен шығып бара жатқан қазақ халық ас­паптарын тірілтушілер қатарында бол­ғаныңыздан хабарымыз бар. Әң­гімені алдымен сіз өскен орта, музыкаға келуіңізден бастасақ.
– Біздің атажұртымыз – Ақтөбе өңірі. Әке­міз сонда туған. Қазақстанда өткен ғасырдың 30-жылдарындағы күштеп ұжым­дастыру ке­зінде біздің әкеміз де туған жері­нен ауа кө­шіп, отбасымен бірге Түр­кіменс­таннан бір-ақ шыққан. Мен сол елде тудым.  Біздің ауыл Қара­қал­пақ­станның Шоманай ауданымен шекаралас бо­латын. Шоманай ауданының негізінен қа­­­­зақтар қоныстанған  Шоманай кең­ша­рын­да менің нағашы әжем тұратын. Қазақша білім алу үшін мен сол кісінің қо­лына барып, мек­теп есігін сонда аштым. Менің ана ті­лім­де білім алуым және музыкаға келуім сол жер­ден басталды. Кеңшар дирек­торы Сұлтан Тө­ремұратов деген көзі ашық, мәдениетке жа­нашыр кісі болды. Сол кісі Тәшкенде, Мәс­кеу­де өткен түрлі жиынға қатысып жү­ріп, түрлі халық­тың ұлттық-фольк­­лор­лық ансамбльдерін көреді де, біз де неге осын­дай ұлттық өнерді насихат­тайтын ұжым құрмаймыз деген ойға келеді. Сөйтіп, «біз­де оқыған, ансамбль құру қолы­нан ке­ле­тін азаматтар бар ма екен» деп елге сұрас­ты­ра келе, жұбайымен бірге Таш­кент кон­сер­ваториясын бітіріп, сонда еңбек етіп жүрген Сү­леймен Сағындықов деген азамат­тың ба­рын біледі де, дереу оған хабар­ласып, оны ел­ге алып келеді. Сөйтіп, кеңшар дирек­торы Сү­лейменді отбасымен елге көшіріп әкеп, оған үй береді, жұмыс береді. Кеңшардың м­ә­­­дениет үйінің тізгінін қолына беріп, өнер­лі азаматтарды жинап қазақша ансамбль құру­ды тапсырады. Музыкалық сауаты жо­ғары Сүлеймен аға оқушы жастар­дың ішінен му­зыкаға бейімі барларды жи­нап, оларға дом­быраны терең меңгертуге кірісіп, оқы­тады, нота үйретеді.
Сүлеймен аға кеңшарда бізбен көрші тұратын. Әжем ол кісіге мені жетелеп апа­рып тапсырды. Сүлеймен аға ер балалар­дың ша­та­ғы көп болады, қыздар тәртіп сақ­­­тайды деп, ансамбльге тек қыздарды ала­тын. Со­лай­ша, 20 қыздан құралған дом­бырашылар ан­самбліндегі жалғыз ер бала болып өнердегі жолым басталған. Ансамбль маған көп нәрсе үйретті, сонда домбыраны нотамен тартуды үй­рендім. Қабілетімді бай­қаған Сүлеймен аға Қазақстанға барғанда  но­талы музыкалық жи­нақтарды әкеліп бере­тін. 1975 жы­лы Шоманай кең­ша­рын­дағы Луна­чарс­кий атындағы орта мек­тепті бітірген соң, Шым­кент қала­сын­дағы музыкалық учи­лище­сіне түстім. 
Шымкент музыкалық училищесін Құт­ты­бай Тұңғышбаевтың домбыра класында оқып бітірген соң, білімімді одан әрі жетіл­діру үшін  1979 жылы Алматыға келіп, Құр­ман­ғазы атындағы мемлекеттік консер­ва­то­риясына түсіп, белгілі домбырашы, про­фес­сор Айтжан Тоқтағанның класында оқыдым. Со­нымен бірге профессор Жамағат Темір­ға­лиев­тен дәріс алып, оркестр дирижері ма­ман­дығын алдым әрі аспаптану бойынша бел­гілі күйші дирижер, профессор Кенжебек Күмісбековтен тәлім  алдым. Сөйтіп, үш мамандықты қатар оқып, теңдей игерген соң, 1984 жылы Шымкентке жолдама алып, әл-Фараби атындағы мәдениет инсти­ту­тын­да жұмыс істей бастадым. Бірақ арада бір жыл өткенде ұстазы Жамағат Темірғалиевтің ша­қыруымен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына жұмысқа тұр­дым. Ол жерде жаңа ашылған «Адырна» фо­­­льклорлық-этнографиялық ансамбліне бас-көз болып жүрген ұстазым менің осы өнер ұжымында еңбек еткенімді қалаған екен. Солайша, «Адырна» ансамблінің көр­кем­дік жетекшісі және бас дирижері болып қыз­мет етіп әрі Құрманғазы атындағы мем­ле­кеттік консерваториясында сабақ бердім. Бір­ақ өзгеше бағыттағы ансамбльдің кон­церттері көп болғандықтан және жиі гаст­ро­льге шығатындықтан консерваторияны қойып, бірыңғай ансамбльде жұмыс істеуіме тура келді. «Адырнада» ансамбльдің көркем­дік жетекшісі және бас дирижері болып 2001 жыл­ға дейін қызмет еттім. Сол жылы Алма­ты облысының орталығы Талдықорған қа­ла­­сына ауысып, Сүйінбай атындағы об­лыс­тық филармония да сол қалаға көшірілді. Өнер ұжымы жаңа жерге көшкен соң ондағы басшылық бізді де шақырды. Үй де беретін болды. Бірақ үйреніп қалған ортаны қия ал­май, Алматы қаласында қалдым. ҚызПУ-да, академик Ахмет Жұбанов атындағы да­рын­ды балаларға арналған музыкалық мек­тепте сабақ бердім. Сол тұста әріптес до­сым, бұрын Сүйінбай атындағы Алматы об­лыстық филармониясына қарасты «Саз­ген» ансамблін басқарған Бағдат Тілегенов атал­ған «Адырна», «Сазген» ансамбльдерінің Алматыда қалған музыканттарын жинап, «Саз­ген сазы» атты фольклорлық этногра­фия­лық ансамблін ашып, оған мені де ша­қырды. 
Алматы қалалық мәдениет басқармасына жа­нынан ашылған «Алматы әуендері» кон­церт­тік ұйымының директоры Б.Тілегенов мені «Сазген сазына» бас дирижер, Марат Жал­быровты көркемдік жетекші етіп та­ғайын­дады. Сөйтіп,  «Сазген сазында» 2003 жыл­дан бері ансамбльде дирижерлік қызмет атқа­рып келемін. 

Болат Сарыбаев пен Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі зор

– Ықылас аға, сізді тек музыкант, ди­­­­рижер ғана емес, естен шығып бара жат­қан қазақ ұлттық музыкалық аспап­тар­­ды қатарға қосушылардың қата­рын­да еткен еңбегіңіз жайында да білеміз. Ке­зінде көрнекті мемлекеттік тұлға Өз­­­бекәлі Жәнібеков ағамыздың бас­шы­лығында көп жұмыс істеген екенсіз. Ай­тыңызшы, бүгінде аты елімізде ғана емес, шетелдерге де белгілі қазақ ұлт­тық-фольклорлық ансамбльдері қалай пайда болды?
– Ұлттық-фольклорлық ансамбльдердің не­гізі өткен ғасырдың 70-жылдарында бас­тал­ды. Белгілі этнограф Болат Сарыбаев бір кез­де болған, бірақ елдің есінен шыға бас­та­ған қазақтың көне музыкалық аспаптарын жи­наған еді. Алайда оны қолданысқа енгі­зу­ге қолдау бола қойған жоқ. Ол кезде ұлттық аспаптарымыздан домбыра мен қобыз ғана бел­гілі еді. Қобыз болғанда байырғы қыл­қо­быз ғой, оны консерваторияда оқытудан алып тастаған, дипапазоны кішкентай деп. Кейін консерваторияға атақты композитор Еркеғали Рахмадиев ректор болған кезде қо­бызды оқыту қайта қолға алынды. Алайда қобызды дамытып, төрт ішекті прима қобыз жасалды. Ол диапазоны, дыбысы жағынан скрипкамен бірдей етіп жасалды. Сөйтіп, ол ор­кестрге енгізілді. Ал кейін Болат Сарыбаев ағамыз тапқан шертер, сазсырнай, сыбызғы, үскірік, нарқобыз, шаңқобыз, жетіген, адыр­на мен асатаяқ, тұяқтас, сақпан, сылдырмақ, шар­тылдақ, дабыл, даңғыра сияқты ұрмалы аспап­тардың бірнеше түрі қолданысқа ене қой­ған жоқ. Әлемдік оркестрлер деңгейінде да­мып жатқан Құрманғазы оркестріне ол ас­паптарды енгізу мүмкін болмады. Құр­ман­ғазы оркестрінде кең шанақты домбыра, дом­быра-прима, скрипка сияқты төрт шекті қо­быз, гобой, бас қобыз (вилончель) аспап­тар енгізіліп, оның дамуы академиялық дең­гейге көтерілді. Ал Болат Сарыбаевтың жи­наған аспаптары диапазоны аз, дыбысы ша­ғын болғандықтан қабылданбады. Сон­дықтан дамудың академиялық жолына түс­кен атақты оркестрге көне аспаптарды қо­су мүмкіндігі болмады. Сосын Болат Сарыбаев консерваторияда оқып жатқан студенттерді көне аспаптарды жаңғыртуға тартты. Прима аспабының маманын шертерді, прима қо­быз­­шыға қыл қобызды тарттырды, өзге­леріне сыбызғыны, сырнайды өзі үйретті, жетігенді баласы, марқұм Талғат Сарыбаевқа ойнатып, оншақты адамнан шағын ұлттық аспаптардан оркестр жасады. 
Сол тұста Қазақстан комсомолы орта­лық комитетіне  Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз келіп, ұлттық аспаптарды жинағаны­мен оны қолданысқа енгізе алмай жүрген Болат Сарыбаевқа өзі­нің орынбасары Кеңес Аухадиевті жібереді. Ол туралы Кеңес аға бірде музейде Өзбекәлі Жәнібеков ағамызды еске алу кешінде айтқаны бар.
Содан Өзбекәлі ағамыздың нұсқауымен сол кездегі белгілі қазақ газет-журналдарында Болат Сарыбаев жинаған ұлттық аспаптар туралы насихат жүргізіле бастайды. Кейін Өзбекәлі Жәнібек ағамыз сол кезде жаңадан ашылып жатқан Торғай облысына облыстық атқару комитетінің басшылығына барып, ол жерде театр, облыстық филармония, музей ашуды қолға алады. Ондағы қазақ мәдениет дамытуды алдымен фольклорлық ансамбль ашудан бастайды. Сөйтіп, Болат Сарыбаев тап­қан музыкалық аспаптар негізінде «Шер­тер» ансамблі құрылды. Сөйтіп, бұл ба­ғыт­тағы іс елімізде алғаш рет кәсіби деңгейде Торғайдан басталды. 
Ол кезде қазақта би болғанын мойындай бер­мейтін. Ал Өзбекәлі Жәнібеков сол тұс­тағы би өнерінің танымал маманы Ольга Галуш­кевичті елге алдырып, қазақ этногра­фия­сымен таныстырады. Оған киіз басу, ұршық иіру, т.б. қазақ өнерін көрсетіп, қазақ биін жасап қалыптастыруға жол ашады. 
Кейін Торғайдан Алматыға Мәдениет министрі болып оралған Өзбекәлі Жәні­беков Ықылас атындағы халық аспап­тары музейін ашқызады. Музей қызмет­кер­лерінен баяғы көне аспаптарда ойнайтын «Сазген» атты шағын оркестр құрайды. Ол му­зей басында қазіргі ЦУМ дүкенінің тө­менгі жағында тұрды, одан соң Өзбекәлі аға қа­зіргі Сейфуллин-Қабанбай батыр кө­ше­лері­н­­ің қиылысында ескі бір үйді бұздырмай аман алып қалып,  сонда апарды. 
Алматыдағы Офицерлер үйі салынғанда оның алдында тұрған ағаш үйді бұзып  тас­та­мақшы болады, соны білген Өзағаң: «бұны құртпайық, одан да сол үйді Ықылас атын­дағы ұлт аспаптары музейіне берейік» деп жоғарыға хат жазып, ғимаратты алып қалды. Сөйтіп, ол үй шетелдерден келген туристер ба­рып, қазақтың көне ұлттық аспаптарын тамашалайтын белгілі орындардың біріне айналды. Ал онда келген қонақтар алдында «Сазген» ансамблі өнер көрсететін.
Өзбекәлі аға Алматы облысының иде­ло­гиялық хатшысы болып Алматы об­лысының мәдениетін  дамытуды қолға ал­ды. Алматы облысында өткен ғасырдың 70-жылдарында ашылған бір филармония бар еді, оның құрамында бір-екі өнер ұжымы бо­латын. Ол филармония Малая станса жақ­тағы кішкене бір барак үйде болатын. Оны көр­ген Өзағаң «мынау Алматы облысының фи­лармониясы деуге келмейді ғой, бұлай бол­майды» деп, филармонияны Горный Ги­гант кеңшарының мәдениет үйіне көшіреді. Сөйтіп, жөнді баспанасы  жоқ филармония қарқ болып қалады. Енді облыс өнерін да­мы­туға мүмкіндік ашылған соң, Өзбекәлі аға­мыз филармониядан «Адырна» фольк­лор­лық ансамблін, «Алтынай» халық биі ансам­блін, «Арқас» вокалды аспаптар ансамблін аш­қызады. Сөйтіп, өткен ғасырдың 80-жыл­да­рында осындай өнер ұжымдары пайда бол­ды. Оған біз де қатыстық, ансамбльдердің ашылуына орай концерт берілді.
– Енді Өзбекәлі Жәнібеков бас­шы­лы­ғында еңбек еткен кездеріңіз туралы айт­саңыз? Ол кісі ұлттық-фольклорлық ан­самблдерін ашуда, қалыптастыруда қа­лай еңбек етті, қандай талап қойды?
– Өзағаң Алматы облыстық филар­мо­­­­ниясының ісін жандандыруды қолға ал­ған кезде мен Шымкентте едім. Консер­ва­то­рия­ны бітірген соң Шымкент Мәдениет инс­титутында жұмыс істедім ғой. Мені кон­серваторияда дирижерлік бойынша оқыт­қан ұстазым Жамағат Темірғалиев Алма­тыға шақыртты. Ол кісіні де Өзағаң Ал­маты облыстық филармониясының жұ­мы­сын жандандыруға тартқан. Жәкең  Өза­ғаңа «Шымкентте  шәкіртім бар, фольк­лор­лық ансамбльге соны алдырайық» деп, мені әке­ліп, Сүйінбай атындағы Алматы облыс­тық филармониясы жанынан ашылған «Адыр­на» ансамбліне көркемдік жетекші етіп қойды. Сөйтіп, «Алтынай», «Адырна» ан­самб­льдерінің репертуарын жасауға үлес қостым. 
Өзбекәлі ағамыз партияның жұмысында жүр­ді. Алайда ол жерде таңертеңгі 9-дан кеш­кі 18.00-ге  дейін болады да, содан  кейін біз­ге келіп, жасалып жатқан жұмыстармен та­нысады, нұсқау береді, ансамбльдердің ре­пертуарын байытуға бағыт береді. 
«Алтынай» ансамблі бишілер ұжымы болғандықтан, оған музыка жазудан басқа, 30-ға тарта өнерпаздың киімін тігу  керек. Одан бөлек «Адырна» мен «Арқасқа» түрлі костюмдер қажет. Соған орай таңда  ертемен Алматыдағы театрларға арнап киім тігетін орталыққа барамыз. Бір сағат бойы тігілген киім үлгілерін тексереміз. Өзағаң келгенде тігіншілер зыр жүгіріп жүреді. Ол кісі дайын болған киім үлгілеріне қарап, оюларының жасалуына, орналасуына қатты мән береді. «Мынау неге бұрышта тұр, мынау неге ішке кіріп кеткен, анаусы неге сыртқа шығып кеткен» деп сынап, жөндеттіреді. 
Кейде ансамбльдердің жетекшілерін кешке бір жерге шақырып, түрлі талқылау жа­сайтын. Бірде мені кешкі сағат 18.00-ден кейін шақырып,  белгілі тіл маманы, ака­де­мик Өмірзақ Айтбаевтың үйіне алып барды. Кейін білдім, ол кісі әнді керемет шырқайды екен. 
Өзағаң да, Өмекең де оңтүстіктегі Отырар ау­данынан ғой, сол өлкеде Қызыл жыршы де­ген кісі өткен екен. Өмірзақ аға сол кісінің жыр­ларын жатқа біледі, мақамдарын да жақ­сы игерген. Өзағаң сол Қызыл жыршы­ның мақамдарын жазып ал деп, Өмекең екі сағат жыршының мақамдарын айтып, мен но­таға түсірдім. Содан кейін Өзбекәлі аға «ен­ді сен осы мақамды жыр-күйіне  айнал­ды­рып, ансамбльге ойнатуың керек» деп та­лап қойды. Сосын мен ансамбльге лайық­тап бір-екі музыка жасадым. Өзағаң оны тың­дап көріп, «о-оо, жақсы екен, бірақ бұл аз, көбейту керек» деді, ақыры, Қызыл жы­рау­дың мақамдарынан үш бөлімді, көлемді жыр-күйін жасап, ансамбльге орындат­қыз­дық. Бұл да бір өзгеше бағыт болды.
– Кейбір көне ұлттық аспаптардың жасалуы мен аталуында да мән барын жұрт біле бермейді ғой, сол жайында да айта кетсеңіз? Мәселен, «Адырна»...
– Иә, ол да мән беретін нәрсе. «Адырна» де­ген аспапты естімеген халық ансамбльдің атына да таңырқап қарап жүрген кезі болды. Адырна – кері иіліп жасалатын садақтың не­гізгі бөлігі ғой, қатты серпінді адырна­лар­дан оқ атқанда шектей тартылған кірістің дірі­лінен гуілдеп дыбыс шығады екен. Ма­хам­­бет ақынның «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен» дейтіні сол ғой. Ал адырна му­зыкалық аспабының пішіні де садақ тәрізді. Са­дақ тәрізді тік тұрады да, шектері төмен­нен жоғары қарай тартылады. Жоғарысында домбыраның құлағы тәрізді құлақтары бо­ла­ды. Ойнау техникасы арфа аспабына ұқ­сай­ды. Оны Өзағаңның нұсқауымен Мұрат­бек Жүнісбеков деген шебер жасады. Басында оны шертетін арнайы маман болмай, жетіген шер­тетіндерді соған тартып жүрдік. 
Кейін мені Ахмет Жұбанов атындағы дарын­ды балаларға арналған республикалық музыка мектебіне шақырған, сол ұжымның бас­шысы Маржан Қайдарқызы маған фо­льк­лорлық ансамбль ашуды тапсырды. «Бізде қол­данылмай жүрген қандай ұлттық аспап­тар бар» деп сұрағанда мен «Адырна деген аспап бар, қолданысқа енбей жүр» деп едім, содан шебер шақырып сол аспапты садақ типтес етіп, 17 шекті адырнаны жасадық. Ен­ді адырнаны тартатын  адам табу керек бол­ды. Менің Гүлжан деген қызым сол мек­тепте пианио бойынша оқып жатқан. Соны пиа­нинодан шығарып алып, арфаға үйреттік (арфа мен адырнаның шертілу тәсілі ұқсас қой). Сөйтіп, 7 сыныптан бастап арфаға көш­кен Гүлжанға адырнаны игертуге күш сал­дық. Адырнаны  тартудың  кішкене қиын­дығы  бар. Мысалы, арфада аспаптың құ­лақ күйін өзгерту тетігі бар, тегін аяқпен ба­сып қалсақ, оның 42 шегінің құлақ күйі бір­ден өзгереді. Тетікті бір басқанда до ма­жордан ре мажорға өзгере қояды. Ал адыр­нада тональності өзгерту үшін домбыра сияқ­ты оның құлақтарын бұрап отыру қа­жет. Осы қиындықтан мезі болған қызым адыр­нада ойнағысы келмей, оны кейін қыл­қобыз сыныбына ауыстырдық. Соған рен­жіген апайы «тәуір шәкіртім еді, тым жақсы му­зыкант болатын қызға обал жасадыңдар» деп ренжіп жұмыстан шығып кетті. Сөйтіп, Гүлжан музыка мектебін де, консерваторияны да қылқобызшы болып бітірді.
Одан соң бірнеше адырна аспабын жа­сап, мамандар дайындай баста­дық. Кейін мені Бағдат Тілегенов «Сазгенге» ша­қырып, ансамбльге адырнаны қостық. «Саз­генде» адырнаны алғашында менің қы­зым Гүлжан шертіп жүрді. 
Сөйтіп, адырна аспабы еліміздің көпте­ген ансамбліне енді.
Жұбанов мектебінде жүргенде ансамбль­ге нарқобызды қостық. Оның диапазоны ша­ғын болғанымен, микрофон арқылы оның дауысын зорайтып, ансамбльге үйлес­тір­дік. Оны алғаш Саян Ақмолда шертті. Нар­қобыз қобызшылар ансамблінде қол­да­нылып, өз орнын тапты.

«Сазген сазы» – әлемге белгілі ансамбль

– «Сазген» ансамблінің құрылуы бір­аз деректер жайлы айттыңыз. Ал «Саз­ген сазы» қалай пайда болды?
– Бұл сұрағың дұрыс! Өйткені екі ан­самбльді бір өнер ұжымы деп шатастыратын­дар да бар.
«Сазген» ансамблінің о баста Ықылас атын­дағы халық аспаптары музейінде сол му­зейдің қызметкерлерінен құралғаны жайында жоғарыда айтып өттім ғой. Бұл ансамбльді кейін Өзбекәлі ағамыз Сүйінбай атын­дағы Алматы облыстық филармония­сына қосып, қайта жасақтады. Ол  музейге қонақтар келгенде өнер көрсететін. Сөйтіп, кә­сіби деңгейдегі өнер ұжымына айналды.
Ана бір жылдары Талдықорған облысы жа­былып, Алматы облысының орталығы сон­да көшкеннен кейін, Сүйінбай атындағы Алматы облысының филармониясы да сол жаққа кетті. Сондықтан «Сазген», «Алтынай», «Адыр­на, «Арқас» ансамбльдері енді жаңа ор­­та­лыққа орналасты. Бірақ сол ансамбль­дер­­м­ен бірге бірен-саран музыкант кетке­ні­мен, бұрынғы ұжымның көбі Алматыда қа­лып қойды. (Алайда осыдан екі жыл бұрын Алматы облысы екіге бөлініп, Алматы, Же­тісу облысы құрылғаннан кейін баяғы фи­лармония Қонаев қаласына келіпті – ред.).
Содан кейін бұрынғы «Сазген», Адыр­на» ансамбльдерінің осында қалған му­зыкантарын жинап, Бағдат Тілегенов «Саз­ген сазы» атты ансамбль құрды. Ол ЖШС болып ашылды. Бізді қалада өткен мә­дени шараларға өнер көрсетуге шақырып тұрды.
2003 жылы  «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблін, эстрадалық-сим­фо­ниялық оркестрді және «Самрук» зама­науи балет тобын біріктірген «Алматы әуен­дері» атты мекеме құрылып, Бағдат со­ның директоры болды. Мен оның ша­қыруы­мен «Сазген сазына» бас дирижер болып келдім. Марат Жалбыров көркемдік жетекші бол­ды. Сөйтіп, «Сазген сазы» қалыптасты. 
– Енді «Сазген сазының» жетістіктері ту­ралы да айтып өтсеңіз?
– Ансамбль – бүгінде елімізден тыс жер­лер­ге де белгілі өнер ұжымы. Швейцарияда, Югославияда, Үндістанда, АҚШ-та, Түркияда, Гер­манияда, Жапонияда, Кореяда, Голлан­дия­да, Италияда, Испанияда, Қытайда, Ауст­рия­да, Грекияда, Францияда, Ресейде, т.б. ел­дер­де өнер көрсетіп, бағасын алды. Сон­дай-ақ елімізде бірнеше халықаралық фо­льк­лорлық музыка фестивалін ұйым­дас­ты­ру­ға бастамашы болды.
«Сазген сазы» ТҮРКСОЙ деңгейінде түркі ха­лықтарының біріккен оркестрі ретінде бел­гілі. «Сазген сазы» ансамблімен бірігіп, көп­теген түркі халқының музыканттары өнер көрсетеді.
Ансамбльдің репертуары түрленіп, фо­льк­лор­лық бағытта болса түрлі жанрдағы музыкаларды орындай алатын мықты өнер ұжымы деңгейіне жетуіне Бағдат Тілеге­нов­тің сіңірген еңбегі зор. Оның бастамасымен ан­самбль бүгінде классикалық, джаздық ба­ғыттағы туындыларды өз дәрежесінде орын­дайтын мүмкіндікке ие болды. Сол үшін басшымыз қазақстандық белгілі джаз му­­зыкасының шебері, орындаушы, ком­по­зитор, әрлеуші Яков Ханды бізге шақырып, ол ансамбльге арнап джаз музыкаларына әр­леу жасады. 
Қазір алдағы қыркүйекте Астана қала­сында өтетін  V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында концерт қоюға дайындалып жатырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Ұжымыңызға әлі талай биіктен көріне беруіне тілек­теспіз.

Сұхбаттасқан – 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары