Әлия Молдағұлова туралы фильмінің түсірілмі тоқтатылды
Балаева Беларусь аумағында негізінен ресейлік жобаларға басымдық беріліп, қажетті алаңдарда жұмыс көп болғандықтан, түсірілім кешігуі мүмкін болғанын жазды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан қазақстандық мерген Әлия Молдағұлова жайлы «Әлия» фильмінің түсірілім не себепті тоқтатылғанын түсіндірді.
Ведомство басшысының айтуынша, соғыс сахналары Беларусьте емес, Шығыс Қазақстанда түсірілетін болған.
«Маусымда фильм түсіруге ниетті авторлар Ұлттық киноны қолдау орталығы ұйымдастырған питчингке қатысып, мемлекеттік қолдауға үмітті болған. Қаржыландыруға 18 жоба ұсынылған, оның ішінде «Әлия» фильмі де бар. Әлия Молдағұлованы еске алу алдындағы жоғары жауапкершілікті және фильмнің қазақстандық көрермен үшін маңыздылығын ескере отырып, кино компания мемлекеттік қаражатты ұтымсыз пайдаланбау үшін конкурсқа қатысуды уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдаған. Шешімнің басты себебі жобаның түсірілім мерзіміне қатысты еді. Түсірілімнің негізгі бөлігі, соғыс қимылдары сахнасы Беларусь Республикасының аумағында жоспарланған», – деп жазды Балаева.
Балаева Беларусь аумағында негізінен ресейлік жобаларға басымдық беріліп, қажетті алаңдарда жұмыс көп болғандықтан, түсірілім кешігуі мүмкін болғанын жазды.
«Беларусьпен табиғи декорацияларды қолдану кестесін келісу мүмкін болмады. Осыдан жобаның уақытылы түсірілмей, тіпті аяқталмай қалу қаупі артты. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысында табиғи алаңдарды түсіруге шешім қабылданды. Бұл түсірілім сапасын сақтап қана қоймай, фильмнің уақытылы жарыққа шығуын қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді министр.
Министрдің мәліметінше, фильм бюджеті жалпы 900 млн теңге болады деп жоспарланған. Оның 450 млн теңгесі жеке инвестиция болмақ. Қалған қаржыны кино компания мемлекеттік бюджеттен алуды жоспарлаған.
«Фильмнің түсірілімін уақытында аяқтауға және оны үлкен экрандарда көрсетуге бар күшімізді саламыз. Мәдениет және ақпарат министрлігі «Әлия» жобасына және тарих мен ұлттық мұраны сақтауға бағытталған басқа да бастамаларға барлық қажетті қолдауды көрсетуді жалғастырады. Әлия Молдағұлова туралы фильм еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиға болатынына сенімдімін», – деп қорытындылады Балаева.