Блогер Антон Бударов Нүкенованың ар-намысын қорлайтын жазба жариялаған

Сот алқасы жауапкердің апелляциялық шағымын негізсіз, ал соттың шешімін заңды және негізделген деп таныды.

Блогер Антон Бударов Нүкенованың ар-намысын қорлайтын жазба жариялаған
коллаж: Тurkystan.kz
421

19 тамызда Алматы қалалық сотында марқұм Салтанат Нүкенова туралы жалған ақпарат таратты деп айыпталған блогерге қатысты азаматтық іс алқалық тәртіпте қайта қаралды, деп хабарлады turkystan.kz.

Журналист Антон Бударов Instagram-парақшасында Салтанат Нүкенованың ар-намысын қорлайтын жазбалар жариялаған.

«Мен Бишімбаевтың әйелі Салтанатты жәбірленуші деп санамаймын. Ол нағыз абьюзер, күйеуімен ішімдікке салынып, төбелес шығарған. Барып тұрған алаяқ, астрология курсын сатқан. Қарапайым есірткіқұмар отбасы, ол әйел нағыз оңбаған», – деп жазған журналист.

Бұған дейін Бостандық аудандық соты блогердің Instagram парақшасында С. Нукеноваға қатысты таратқан мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін  оған жеке парақшасында жария түрде өз сөзін жоққа шығару міндетін жүктеген болатын.

Алқа жауапкердің апелляциялық шағымын негізсіз, ал соттың шешімін заңды және негізделген деп таныды.

Сотта блогер Instagram-дағы «budarov_anton» интернет парақшасы оған тиесілі екенін жоққа шығарды. Бұл дәлелдер іс материалдарымен жоққа шығарылды.

«Аталған интернет парақша А.Бударовқа тиесілі телеграмм желісімен байланысты. Сонымен қатар, YouTube әлеуметтік желісінде жауапкердің видео жариялайтын «Антон Бударов [Буданбай]» атты аккаунты бар. Әр видео жарияланым астында жауапкердің Instagram-да «budarov_anton» жеке интернет парақшасы бар екендігі айқын көрсетілген», делінген қалалық соттың хабарламасында.

«Зерттелген мәтіннің жалпы мәндік бағыты трагедиялық жағдайға тап болған Нүкенованың жеке тұлғасына тікелей қатысты. Жарияланымдар авторының коммуникативтік мақсаты мәтіннің мазмұнынан шығады. Бұл - Нүкенованың өлімімен байланысты трагедиялық оқиғаның қоғамдық резонансы арқылы өзіне пияр жасау. Міне, маманның осы және өзге қорытындыларына қарсы  жауапкер бір де бір дәлел келтіріп, наразылық білдірмеді», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ қалалық сот мәліметіне сәйкес, талап қоюшы жауапкер А.Бударов тарапынан шындыққа сәйкес келмейтін және Нүкенованың ар-намысын, қадір-қасиетін төмендететін деректердің таралғандығын дәлелдеді. Жауапкер тарапынан таралған мәліметтердің шындыққа сәйкес келетіндігі дәлелденбеді.

«Сот коллегиясының қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылып, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады», - деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі.

Қаулы заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары