Рейстер кешіксе әуе компаниялары мен әуежай басшыларына айыппұл салынады
Үкіметте өткен брифингте ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев рейстердің кешігу себептерін атады.
Соңғы үш жылда әуе жолаушыларының саны 20%-ға артқан. Сәйкесінше әуежай инфрақұрылымын соған лайықтап даярлау қажет. Қазір елдің 6 әуежайында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, қыркүйек айының соңында аяқталмақ.
«Инфрақұрылымды дайындау бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жаз мезгілінде жүргізіледі. Өкінішке қарай маусым қысқа. Бұның бәрі ұшақтардың ұшуына, кешігуіне әсер етеді»-деді Қарабаев.
Астана әуежайының ұшу-қону жолағы 20 жыл жөнделмеген. Кешкі 22:00-ден таңғы 06:00 дейін ұшу-қону жолағы жабылады. Сондықтан әуежайға күндіз жүктеме артады. Одан бөлек ауа-райы да рейстердің кешігуіне әсер етеді.
«Әуежайлардың жауапкершілігі заңда қарастырылмаған. Қазір рейстердің кешіккені үшін әуе компаниясына айыппұл салынса, енді жаңа механизм бойынша олардың бірінші басшыларына айыппұл салынатын болады»-деді министр.