Әкесі қызын ұрған: Павлодарда зардап шеккен оқушыға көмек көрсетілді
Әкесінен таяқ жеген қыз әжесімен тұрып жатыр.
Білім беру бөлімі, прокуратура өкілдері, құқық қорғау органдары отбасы тұратын пәтерді бірнеше рет аралады, деп хабарлады turkystan.kz порталы Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
27 шілдеде сыртқы бейнебақылау камерасына көшелердің бірінде самокат мініп жүрген қыз бен әкесі түсіп қалған. Кейіннен бейнежазба әлеуметтік желіде таралып кетті. Кадрларда әкесі қалтасына қолын сұғып, бір зат іздеп, кейін қызының қалтасын да тексергені көрінді. Іздеген затын таппаған әкесі қызын алдымен қолымен, кейін телефонымен ұрып жіберді.
Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралиннің сөзінше, полиция қызметкерлері қорғаныс нұсқамасын берген, бала әжесімен бірге тұруда.
– «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп киімі, аяқ киім, кеңсе тауарларымен көмек көрсетілді. Мектеп психологы қызбен жұмыс істеуде, – деп жазды Қуаныш Қыдыралин өзінің Instagram парақшасында.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілді. Комиссияның қорытындысы бойынша әкесі полиция органдарының, мектептің және қамқоршылық органдарының бақылауына алынды.
Аталмыш сұрақ бір айдан кейін комиссияда қайта қаралады. Егер әкесінде проблемалар байқалса, онда баланы әкесінен шектеу мәселесі қарастырылады.
Айта кетейік, ер адамға кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ оларды күтіп-бағу және асырау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Материал сотқа жіберілді.