Қазақстандықтар 6 ай бойы комада жатқан сарбазға 140 млн теңге жинады
Сарбаздың ата-анасы тәулік бойы кезекшілік ету үшін жеке дәрігерлерді жалдауға мәжбүр болып отыр.
Қазақстандықтар бас-ми жарақатын алып, ауыр халде жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың емі үшін 140 миллион теңге жинап берді, деп хабарлады turkystan.kz.
Сарбаздың ата-анасы тәулік бойы кезекшілік ету үшін жеке дәрігерлерді жалдауға мәжбүр болып отыр. Қиын жағдайға тап болған отбасы қаражат жинау үшін арнайы шот ашты.
«Ербаянның отбасы емделуге қаражат жинауға көмектескені үшін Қазақстан халқына және басқа елдерден келген адамдарға алғысын білдіреді. Бірнеше күннің ішінде мемлекет айлап жасай алмағанды сіздер жасадыңыздар.
Ербаянның отбасы сіздерден кеңес сұрап отыр. Қаражат жинауды тоқтату керек пе, жоқ па ? Өйткені санавиация құны 25.000.000-60.000.000 теңге аралығында тұрады. Ал емдеу қанша айға созылатыны және клиника қанша соманы белгілейтіні белгісіз. Сонымен қатар, қайда бару керек, кімге жазу керек, қайда қоңырау шалу керегін, дәрігерлерді, клиниканы қалай табуға болатынын білмейміз», - деп жазған Ербаянның жанұясының ресми өкілі.
Айта кетейік, сарбаз әскерде жүріп, бас-ми жарақатын алып, 6 айдан бері комада жатты.
ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалды. 18 тамызда ол нейрохирургия орталығынан үйіне шығарылды.Дәрігерлер Ербаян Мұхтардың жағдайы мүшкіл екенін және кәсіби медицина қызметкерлерінің күтімін қажет ететінін айтады. Өйткені ол медициналық қызметкерлердің бақылауымен үнемі дәрі-дәрмек, антибиотиктер, дәрумендер алуы керек.
Сонымен қатар Ербаян Мұхтарға әлі мүгедектік тағайындалмаған.