Тіссіз қалған қазақ көп...

Тіссіз қалған қазақ көп...

Тіссіз қалған  қазақ көп...
ашық дереккөзі
1161
Медициналық қызмет түрлерінің арасындағы ең қымбаты – тіс емдеу. Отыз екі тісіңізді емдетемін десеңіз, қалтаңыз қалың болғаны абзал. Ең дұрысы, тіске дұрыс күтім жасау керек. Ал стоматолог қызметіне жүгінетін болсаңыз, біраз қаражат жұмсайтыныңыз анық. Мұның бәрі отандық стоматологияның жекеменшікке өтіп, мемлекеттік бақылаудан кеткендігінің нәтижесі. Бүгінде елімізде он адамның тоғызының тісі ауырады десек, қателесе қоймаспыз. Бірақ барлығының бірдей тісін емдетуге шамасы келе бермейді. Өйткені тіс дәрігерлері ұсынатын қызметтің құны қымбат. Қазір барлық шаһарларда жеке стоматологиялық кабинеттер жетерлік. Ал мемлекеттік медициналық емханаларда тіс дәрігерінің кабинеті жоқ. Өйткені медициналық қызметтің бұл түрі әлдеқашан жекеменшікке айналған. Ал жекеменшік емханалардағы бағаның қандай болары баршаға аян. Стоматологиялық қызметтің құнына министрліктің жауап бере алмайтындығы да сондықтан. Жуырда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Стоматология саласы жеке сектор болғандықтан, біз оның жұмысына араласпаймыз. Шығынның барлығы нарықтың талаптарына қарай орнатылады. Тіс дәрігерлері, мейлі, ол орта немесе жоғары білімді болсын, осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген және істей береді», – деп атап өткен болатын. Қызмет құнының жоғарылығынан, «тіс ауырса, ауыз ішінде» деп, оның ем-домын жасамай, бірден жұлдырып тастауға дайын тұратын жандар да табылады. Сондықтан отыздан аспай жатып тіссіз қалғандар көп. Стоматологиялық қызметтің қымбат болуының негізгі бір себебі – пайдаланылатын жаңа құрал-жабдықтардың, пломбалық, емдеу материалдары құнының өте жоғары болуында. Сондықтан жаңа технология қолданылатын жерде қызмет құны да шарықтай береді. Ендеше, Қазақстандағы тіс емдету құнының аспандап тұрған бағасын түсіру үшін өз елімізде стоматологиялық материалдар өндірісін жолға қою қажет. Мәселен, Өскеменнен алынған өте сапалы имплантат жасайтын титан шетелде өңделіп, қайтадан өзімізге жүз есе қымбат бағамен оралады екен. Бәрін қойғанда, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан да артта қалғанымызды мойындауға тиіспіз. Біздің шикізаттан тіске қажетті материалдар өндірісін жолға қойған бауырлас елдер бір оқпен екі қоянды атып отыр. Жеке стоматологиялық кабинеттер мен клиникалардың жұмысына қатысты айтылар сын аз емес. Тіпті, соңғы уақытта қалтасы қалың азаматтар стоматологиялық қызмет көрсетуді кәсіпке айналдырғанын жұрт айтады. Өйткені жеке стоматологиялық кабинет ашу үшін қойылар талаптар бұрынғыдай қатал емес. Қызмет құны қымбат болғанымен, жеке клиникалардың барлығы сапалы қызмет көрсетеді деп те айта алмаймыз. Мемлекеттік органдар стоматологтар жұмысының қаншалықты сапалы екендігін бақылауға ала алмайды, тексеріп, қадағалап отыруға құқықтары да жоқ. Яғни, олар жеке стоматологиялық кабинеттер мен клиникаларды тек пациенттен арыз-шағым түскен жағдайда ғана тексеруге құқылы. Қазақстанда 2011-2015 жылдарға арналған стоматологиялық қызметті дамытудың тұжырымдамасы қабылданған. Өкінішке қарай, бұл бағдарлама да стоматология саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге көмектесе алмады. Сондай-ақ, Қазақ­станда кепілдендірілген медициналық қызмет көрсету бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға ғана тегін стоматологиялық қызмет көрсетіледі. Мүгедектер мен әлеуметтік жағдайы нашар жандарға, жүкті келіншектерге кейбір жеңілдіктер қарастырылған. Одан өзгелерге мемлекеттік емханалардың өзінде тіс емдету ақылы. Тіс ауруларының көптігі тек Қазақстан емес, өзге елдерде де қиын түйінге айналған. Сондықтан оның алдын алу маңызы. Мемлекеттің балаларға стоматологиялық қызметті тегін жасауы осы мақсаттан туындаған қадам. Алдын алу деген сөз – тіске уақтылы күтім жасап, ұқыпты қарау. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, уақтылы күтім жасау арқылы ғана тіс ауруларының таралуын 40 пайызға дейін төмендетуге болады.  Тіс ауруларының алдын алу стоматологиялық қызмет көрсетудің негізі болуы керек. Скандинавия елдері ең тиімді алдын алу шараларын енгізуінің арқасында, оларда тіс аурулары көрсеткіші ең төмен деңгейде. Бізде де қалыптасқан тәжірибе бар. Алдын алу бағдарламасын күшейтуге бағытталған мемлекеттік бағыт нәтижесінде мектеп пен балабақшаларда стоматологиялық кабинеттер ашылып жатыр. Жеке сектор қанша дамығанымен, оған қолы жетпейтіндерге жағдай жасап, жеке клиникалар мен мемлекеттік емханалар бәсекеге түсе алуы шарт. Ең көп тараған ауру түрі – тісжегі (кариес), одан кейін – тіс ұлпасының қабынуы (пульпит), тіс түбірінің қабынуы (периодонтит), қызыл иек тіндерінің қабынуы (парадонтоз). Бұл дерт жасқа да, егдеге де ортақ. Тіс түбіріне ірің түссе, сол іріңді түбірді дереу жұлып тастау керек. Әйтпесе іріңді ошақ жүрекке, бүйрекке әсер етіп, басқа дерттерді қоздырады. Ағзаның қорғаныш қабілетін әлсіретеді. Тісжегінің өзі – созылмалы індеттің көзі. Тісжегіге ұшырағанда жүрек-тамыр жүйесінің аурулары, құлақ, мұрын, асқазан-ішек жүйелерінің, эндокриндік жүйелер патологиясы және тағы басқа да сырқаттар күшейеді.

 Елімізде 2 мыңдай стоматологиялық  кабинет бар

 Отандық стоматологияда білікті маман даярлау мәселесі де бүгінге дейін күн тәртібінен түскен емес. Шындығында,  медицинаның бұл саласында қызмет етуге қабілетті мамандар баршылық. Бірақ ауылдық жерлерде жоғары білімді стоматологтар жоқтың қасы. Өйткені жоғары білімді тіс дәрігері ауылға сирек барады. Көбі күреп табыс табуға болатын қалада қалуды қалап тұратыны шындық. Мәселен, елде 2 мыңға жуық жеке стоматологиялық кабинет бар. Солардың 80 пайызы – үлкен шаһарларда. Ал Қазақстан халқының жартысы тұратын ауылда оның үлесі – 20-ақ пайыз. Ауылдағы ағайын тісі ауырса, бар ақшасын жинап, қалаға келеді. Қаладағы бағадан шошығандар тісін емдетпестен, ауылына қайтады. Жеке стоматологиялық кабинеттердің кейбіріне кіре қалсаңыз, кеңес берудің өзі ақылы түрде жүргізіледі. Яғни, ақша бермесең, дәрігер қолын да қимылдатпайды. Мәселен, орташа есеппен қарасақ, тіс дәрігерінің кеңесі 700 теңгеден басталып 2-3 мың теңгеге дейін жалғасады. Пломба салу да аз емес, 5-15 мың теңгенің аралығы. Тісжегіні емдеу құны 1-2 мың теңгеден басталып көтеріле береді. Ал тісті жұлудың ең төменгі бағасы 3000 теңгеден басталады. Тісті салдыру мүлдем қымбат. Мұны шешу үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларымен қатар, ауылдық жерлерде арнайы тіс емдеу орындарын да ашуды қолға алу қажет секілді. Қазіргі аудандық емханалардағы жалғыз тіс дәрігерінің мүмкіндігі шектеулі, олар бір мезетте 15-20 мың адамның қайсыбірінің тісін тексеріп үлгереді дейсіз. Содан кейін тіс дәрігері де, емделуші де өзінің нарызылығын білдіреді. Дәрігер шамадан тыс жүктемеге қиналса, ауыл адамы алысқа ат сабылтатынына наразы. Тіс емдеуші дәрігердің кәсіби білігі – өз алдына бөлек әңгіме. «Шетелден оқу бітірдім, сондықтан менің қолым жеңіл, бірақ қызметім қымбат» дейтіндер бар. Оған Құдайдай сеніп, қомақты ақшасын беріп, дертіне дерт жамап жатқан жандар да жоқ емес. Өзі тұратын үйінің бір бөлмесінен кабинет ашып, ескі-құсқы жабдықпен жұмыс істеп жүрген стоматологты да кездестіріп жатамыз. Міне, осындай саны көп те, сапасы жоқ тіс емдеу кабинеттерінен тез арада арылып, оның орнына маманы бар, жағдайы жақсы емханалар санын көбейту қажет. Қалай десек те,  стоматологияны мемлекет бақылауына қайтаруды ойластыратын уақыт жеткен секілді. Кеңес заманында бұл жүйе тиімді жұмыс істеді дейді сол дәуірді көзі көргендер. Қаладағы, ауылдағы ағайын тісін тегін емдетіп, үйіне аман-есен оралатын дегенді де жиі естіп жатамыз. Денсаулық сақтау саласындағы қабылданған бірде-бір мемлекеттік бағдарламада ересектер мен балалар арасындағы тіс ауруының алдын алу, емдеу мәселесі  қарастырылмаған. Мәселен, соңғы жылдары  стоматологиялық патологиямен өмірге келетін балалар жиі тіркелсе, еліміздегі мектеп жасындағы балалардың басым көпшілігі тіс жегісінен зардап шегеді, ал егде жастағы азаматтардың 90 пайызынан астамында тіс жоқ.  

Серіктес жаңалықтары