Әскерден мүгедек болып оралған сарбаздың жағдайы: Министрлік мәлімдеме жасады

Қорғаныс министрлігі емдеу мекемелерінде медициналық көмек көрсетуге дайын екенін хабарлады.

Әскерден мүгедек болып оралған сарбаздың жағдайы: Министрлік мәлімдеме жасады
Коллаж: Turkystan.kz
575

Қорғаныс министрлігі әскерде бас-ми жарақатын алып, ауыр халде жатқан Ербаян Мұхтардың жағдайына қатысты ресми хабарлама жариялады, деп хабарлады turkystan.kz.

«Мерзімді қызметтің әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың жарақат алғаны туралы БАҚ пен әлеуметтік желілерде таратылған ақпаратқа қатысты мынаны түсіндіреміз.  

Қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтар ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан бөлімшесінде мерзімді әскери қызмет атқарды.  

Мерзімді қызметтің сарбаздары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланында, Мемлекеттік күзет қызметінде және Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет өткеретінін хабарлаймыз.  

Қорғаныс министрлігі аталған күштік құрылымдардағы әскери қызметтің қауіпсіздігін бақылауды жүзеге асырмайды.  

Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау командирлер үшін басты міндет болып табылады. Біз де Ербаян Мұхтардың туыстары мен жақындарымен бірге оның денсаулығына алаңдаймыз және ҚР Қорғаныс министрлігінің емдеу мекемелерінде медициналық көмек көрсетуге дайынбыз», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, сарбаз әскерде жүріп, бас-ми жарақатын алып, 6 айдан бері комада жатты.

ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалды. 18 тамызда ол нейрохирургия орталығынан үйіне шығарылды.Дәрігерлер Ербаян Мұхтардың жағдайы мүшкіл екенін және кәсіби медицина қызметкерлерінің күтімін қажет ететінін айтады. Өйткені ол медициналық қызметкерлердің бақылауымен үнемі дәрі-дәрмек, антибиотиктер, дәрумендер алуы керек. 

Сонымен қатар Ербаян Мұхтарға әлі мүгедектік тағайындалмаған.

Серіктес жаңалықтары