«Байрақты бәсекелерге үнемі бір спортшылар ғана барады»: Бақыт Сәрсекбаев бокста неге жолымыз болмай жүргенін айтты

Жақында ғана аяқталған Париж олимпиадасынан еліміздің ерлер бокс құрамасы құр қол қайтқан еді. Осыдан кейін әлеуметтік желіде боксшыларға да, олардың бапкерлеріне де көп сын айтылды.

«Байрақты бәсекелерге үнемі бір спортшылар ғана барады»: Бақыт Сәрсекбаев бокста неге жолымыз болмай жүргенін айтты
фото: ғаламтор
Автор
Админ
562

Тіпті бас бапкер Мырзағали Айтжанов қызметінен шеттетіліп, орнына Қайрат Сәтжанов тағайындалған болатын. Дегенмен ұлттық құрама төңірегіндегі дау-дамай әлі де басыла қойған жоқ. Бүгін белгілі боксшы, Бейжіңдегі олимпиада ойындарының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында ұлттық құрама бапкерлерінің құрамы нашар екенін айтты.

«Федерация тарапынан дұрыс жұмыс жүргізілмейді. Қалыптасқан жақсы бір жүйе, ортақ мақсат жоқ. Ұлттық құраманың бапкерлер құрамы нашар. Облыстық ұйымдар қол қусырып отыр. Ешкім ешнәрсеге бас қатырғысы келмейді. Бұл саланың бұрынғы басшылығы тұсында әр өңірдің федерациясы бір-бірімен жарыса жұмыс істеп, нәтиже шығаруға талпынатын еді. Әрқайсының өз демеушілері болатын. Жаттықтырушылар лайықты жалақы алып, боксшыларды ынталандыру жағы да назардан тыс қалмайтын. Қазіргі жағдай мүлдем басқа. Көптеген облыстан тегеурінді былғары қолғап шеберлері шықпай жатыр. Кейбір жерлердегі жағдай тіптен мүшкіл. Жергілікті федерациялардың да көп нәрседен көңілдері қалғанға ұқсайды. Себебі ұлттық командада бәсекелестік жоқ. Өздеріңіз байқасаңыздар, байрақты бәсекелерге үнемі белгілі бір спортшылар ғана барады. Сол санаулы ғана боксшыны әр жарысқа тықпалай береміз. Оның қажеті бар ма, жоқ па, оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Ал шынайы бәсекелестік болмаған жағдайда көрсеткіштің де құлдырайтыны белгілі. Еліміздің бірінші нөмірлі боксшылары олардың өкшелеп келе жатқан жуан жұдырықты жігіттердің барын әр күн сайын сезінуі керек. Сонда ешкім босаңсымайды, барлығы да үнемі бабында жүреді. Осы жағдайды федерация басшылығы мен бас бапкер өз бақылауларында ұстап, үнемі қадағалап отыруға тиіс. Бірақ ұлттық құраманы жаттықтырып жүрген бапкерлер тарапынан ондай іс-қимыл байқалмайды»-дейді боксшы.

 

 

Серіктес жаңалықтары