Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзодамен кездесті

Әңгімелесу барысында Президент қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің санқырлы ықпалдастығын жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзодамен кездесті
Aqorda
Автор
Админ
380

– Кеше жан-жақты және мазмұнды келіссөз жүргізілді. Оның нәтижесі де көңілден шығады. Бизнес-форумды жоғары деңгейде өткізуге қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Жалпы құны 1 миллард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Бұл – қуантарлық жайт. Біз кеше өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Екі ел үкіметтері мемлекеттеріміз арасындағы сауда айналымын ұлғайтуға ықпал ететін түрлі бағытты қарастыруы керек деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Тәжікстанмен сындарлы серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілді екенін тағы бір мәрте растады.

Өз кезегінде Кохир Расулзода Тәжікстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, кейінгі жылдары екі ел арасындағы ынтымақтастық жандана түскеніне тоқталды.

– Тәжікстан Үкіметі Қазақстанмен ықпалдастықты тереңдетуге басымдық береді. Сіздің еліңіз біз үшін маңызды сауда серіктес. Ондаған жылдар бойы Қазақстан сыртқы сауда айналымы бойынша тұрақты түрде негізгі рөл атқарып келеді. Биылғы бірінші жартыжылдықта тауар айналымы ұлғайды. Өсім көрсеткіші 20 пайызға жуықтады. Сіз екі ел үкіметтеріне өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізуді тапсырдыңыз. Бұл – орындауға болатын міндет, – деді Тәжікстан Премьер-министрі.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кохир Расулзода келісілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың, сондай-ақ өндірістік кооперациядағы және сауда-экономика, көлік-транзит салаларындағы әлеуетті толықтай пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары