«Жауап күтіп отырмыз»: Ербаян Мұхтардың еміне 227 млн теңге жиналды

Ербаянның медициналық құжаттары бірнеше әлемдік клиникаларға, соның ішінде Германиядағы клиникаларға да жіберіліпті.

«Жауап күтіп отырмыз»: Ербаян Мұхтардың еміне 227 млн теңге жиналды
Коллаж: Turkystan.kz
474

Әскерде бас-ми жарақатын алып, мүгедек болып қалған сарбаз Ербаян Мұхтардың емі үшін қаражат жинау жалғасып жатыр. Қазақстандықтар бүгінгі күнге дейін 227 325 603 теңге жинаған, деп хабарлады turkystan.kz.​​​​​​​

Бұл туралы Ербаянның Instagram-дағы парақшасында туыстары мәлім етті.

Олардың айтуынша, 25 тамызда оның ЭКГ, жүрек эхо-кардиографиясы және өкпе рентгені сияқты медициналық тексерістері белгіленген. 

«Дәрігерлер Ербаянның ұзақ уақыт арқасымен жатуы қан тамырларына жүктеме түсіргендіктен, өкпеде пневмонияның бар-жоғын анықтауы керек.

Ербаянның денесі ұзақ сапарға дайын болуы қажет. Жақын арада оның туыстары Германия елшілігіне барып, қабылдауға өтініш беруді жоспарлап отыр. Ербаянның ата-анасы жақын арада ұшуға дайындық ретінде өздеріне паспорт жасатуды қолға алып жатыр.

Әзірге Ербаянның медициналық құжаттары ағылшын тіліне аударылмаған, бірақ олар бірнеше әлемдік клиникаларға, соның ішінде Германиядағы клиникаларға да жіберілген. Жауап күтілуде, емдеу сомасы әлі белгісіз, себебі клиника әлі таңдалған жоқ», - деп жазды жақындары.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар әскерде жүріп, бас жарақатын алып, 6 айдан бері комада жатқаны туралы жазған едік. 

Әскери бөлімдегілер оның әжетханада құлап, басын плиткаға соғып алғанын айтып, бұл оқиғаны жазатайым жағдай деп түсіндірген. Алайда туыстары бұл нұсқаны қабылдамады.

Ұлттық ұланның хабарлауынша, қатардағы Ербаян Мұхтардың бас жарақатын алу фактісі бойынша ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалған. Бұл жерде әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелері бұзылған.

 

Серіктес жаңалықтары