307
Өскемен тұрғыны достарынан көмек сұрап, өзі олардың атына несие рәсімдеген
Материалдық шығын 1 млн теңгені құрады.
Өскемен тұрғыны таныстарын алдап, олардың атына несие рәсімдеген. Іс материалдарына сүйенсек, өткен жылдың көктемінде полицияға үш тұрғын жүгінген. Олардың атына аяқ астынан шағын қаржы ұйымдарындағы қарыз туралы хабарламалар келе бастаған.
Күдікті болса екі адамды «онлайн-казинодан ұтқан ұтысымды қолма-қол ақша ғып шығарып алуға көмектесуін» сұрап, алдаған. Ал үшінші адамды қарызымды аз уақытта қайтарам деп, несие алуға көндірген. Кейін ол адамның атына бір емес, бес несие рәсімдеген.
Үш адамға келген шығынның жалпы мөлшері 1 млн теңгені құрады. Күдікті қамауға алынды. Сот отырысы маусым айында өтіп, оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ол сондай-ақ қарызын толықтай қайтаруы керек.