Елордада Қысқы қайырымдылық балға қатысатын дебютанттар іріктелді

Астанада мерейтойлық XV Қысқы қайырымдылық балының дебютанттар кастингіне 300-дей адам қатысты.

Елордада Қысқы қайырымдылық балға қатысатын дебютанттар іріктелді
Автор
Админ
244

«Болашақ» корпоративтік қоры ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуы және дарынды жастарды қолдау мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару мақсатында 2012 жылдан бері Қысқы қайырымдылық балын өткізеді. Бұл – дәстүрлі түрде бизнестің, дипломатиялық корпустың, қоғамдық және саяси топтардың өкілдерін жинайтын өз тарихы бар Қазақстандағы жалғыз бал. 12 жыл бойы балдың қонақтары классикалық вальстен жалынды латиноға шейін дебютанттар биі, салтанатты кешкі ас, бағалы лоттар аукционы, сондай-ақ іс-шараның серіктестерінен жүлделер ұтыс ойыны бар ғажайып атмосфераға бөленеді.

Мерейтойлық Қысқы қайырымдылық бал іс-шараларының басталуы, атап айтқанда дебютанттар кастингі «Hilton Astana» қонақ үйінде өтті. Мерейтойлық XV Қысқы қайырымдылық балының дебютанты атанудың құрметі үшін 300-ге жуық адам тартысты. Дебютанттар – Қысқы қайырымдылық балының бетке ұстары, жауһары. Барлық жылдар ішінде дебютанттар кастингіне 6 300-ден астам адам қатысты. Балға 178 жұп дебютант қатысты.  

Осы жылы кастингке 400-ден астам тіркелді. Іріктеудің екі кезеңінен: хореографиялық байқаудан және ұйымдастырушылармен әңгімелесуден сәтті өткен 40 үміткер дебютант атанды. Үш ай бойы олар балда орындайтын әр түрлі кәсіби бал билерін үйренеді. Дебютанттарды биге Қысқы қайырымдылық балдарын қоюшы-хореограф, Қазақ ұлттық хореография академиясының хореография факультеті деканының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар ұйымы президиумының мүшесі, ҚР спорттық би федерациялар ассоциациясының төрешісі Евгений Моисеев жаттықтырады.

– Қысқы қайырымдылық бал – бұл жай ғана мәдени шара емес, бұл біздің қайырымдылық жобаларымызды жүзеге асыруға көптеген қамқор адамдардың, меценаттардың және компаниялардың қосар үлесі. Балдарды өткізіп келе жатқан 12 жыл ішінде 164-тен астам демеуші мен серіктес тартылып, 900 миллион теңгеден астам қаржы жиналды. – деді «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Азамат Божақ. – Біздің қор аутизм бар және басқа да даму ерекшеліктері бар балалардың мектепте оқуы, балабақшаға баруы, спортпен айналысуы, сондай-ақ кәсіптерді меңгеруі үшін белсенді жұмыс жасауда. Жыл сайын өткізілетін балдың арқасында біз Қазақстанда және шетелде өтетін шығармашылық байқауларға, зияткерлік және спорттық жарыстарға қатысуға жеткілікті қаражаты жоқ дарынды жастарды қолдаймыз.

Жиналған қаражат «Болашақ» қорының ерекше қажеттіліктері бар балалар мен дарынды жастарға арналған «Әр бала мектепке баруға лайықты» және «Жол жүру гранттары» қайырымдылық бағдарламаларына бағытталды.

Кастинг «Hilton Astana» қонақ үйі мен «AMANAT» партиясының қолдауымен өтті.

Мерейтойлық XV Қысқы қайырымдылық балы 2024 жылғы 13 желтоқсанда «Hilton Astana» қонақ үйінде өтеді.

Серіктес жаңалықтары