Әуежайда бүлік шығарған Fly Arystan жолаушысына қатысты сот үкімі шықты

Жақында Алматы әуежайында рейсіне кешігіп келген Fly Arystan жолаушылары бүлік шығарған еді.

Әуежайда бүлік шығарған Fly Arystan жолаушысына қатысты сот үкімі шықты
видеодан алынған скрин
390

Астана соты бүлікке қатысқан әйелге қатысты шешім шығарды, деп хабарлады turkystan.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Елорданың әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Алматы халықаралық әуежайында бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтірді деп айыпталған Х есімді азаматшаға қатысты істі қарады. Іс материалдарына сәйкес, құқық бұзушы әуежай ғимаратындағы мониторға зақым келтірген.

«Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауапкершілік қарастырылған», — деді сот.

Алайда, азаматша Х кәмелетке толмаған үш баланың анасы болғандықтан қамауға алу мүмкін болмады.

Сот кінәсін мойындау, соттылығының болмауы сияқты жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салу туралы шешім қабылдады. Ешқандай ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары