Жаңаөзен мен Атыраудағы емхана директоры қамауға алынды

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі мәлім етті.

Жаңаөзен мен Атыраудағы емхана директоры қамауға алынды
istockphoto.com
477

Биыл әлеуметтік салада 95 жемқорлық қылмыс тіркеліп, 58 адам әшкереленді, 34 адам сотталды.

Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «№2 Жаңаөзен қалалық емханасы» ШЖҚ МКК директоры мен бас бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Олар мемлекеттік сатып алу шарты шеңберінде медициналық бұйымдарды жеткізбестен жеке компанияның шотына 10,5 млн теңге сомасында ақша аудару арқылы қаражат жымқырды деп күдіктелуде.

Соттың санкциясымен кәсіпорын директоры қамауға алынды, - делінген хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

26 тамызда Атырау қаласының соты №4 Атырау қалалық емханасының директоры Е. Сабировқа, шаруашылық меңгерушісі А. Әлжановаға, бас бухгалтер М. Дүйсенғалиеваға және кәсіпкер А. Ералиеваға қатысты үкім шығарды.

Алдын алу шаралары шеңберінде сот процесі ашық режимде өткізілді.

Процеске онлайн түрде облыстық денсаулық сақтау басқармасының және оның 28 ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері қосылды.

Сотталушылар заңнама талаптарын бұза отырып жасалған шарттар шеңберінде іс жүзінде қызмет көрсетусіз кәсіпкерге 231,8 млн теңге сомасында ақша аудару жолымен қаражат жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, - делінген хабарламада.

Сот үкімімен оларға 5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ, емхана басшысы Сабиров өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды. Әлжанова, Дүйсенғалиева және Ералиева мемлекеттік ұйымдарда 7 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары