«Әнаруды электрошокермен күйдіріп, қинаған»: Әнару Қалдыбекқызының ресми қорғаушысы мәлімдеме жасады

Жыл басынан бері жұмысын тоқтатып қойған заңгер Ләззат Ахатова адвокаттық қызметін қайтадан қолға алған.

«Әнаруды электрошокермен күйдіріп, қинаған»: Әнару Қалдыбекқызының ресми қорғаушысы мәлімдеме жасады
сурет ашық дереккөзден алынды
6601

Ләззат Ахатова Жанқош Тұраровқа қатысты іс бойынша жәбірленуші Әнару Қалдыбекқызының ресми қорғаушысы екенін мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.

  «Қазір Алматыдамын. Іс бойынша шиеленіскен жайттар өте көп. Әзірге біразына тоқтала кетейін. Әнаруға бұндай қадамға бару оңайға соқпаған. Қыз қатты күйзелісте жүргендіктен, сұқбатта ойын жинақтай алмай, көп нәрсені айта алмаған. Өзіне бүкіл әлем түсінбей, қарсы болатындай, тіпті суицид жасардың алдында айтып кетем деген ой болған сияқты. Дегенмен мықты екен. Буллингке қарсы тұрудың өзі мықтылық қой.   Ал «2018 -жылдан бері неге арыз бермеген», «пәлен-түген», «отбасылы еркекпен байланысарда ойланбай ма?» деп жатқандар төмендегі мәліметтерге назар аударуларыңызды сұраймын:   Әнару Жанқош Тұраровтың үстінен 2018 -жылы Алмалы аудандық полиция бөліміне арыз берген екен. Бір күн қамауда ұстап, арызын қабылдамай, жіберген. Ол жолы оперлар ұрып-соқпаған(!) Қамап, босатып жіберген. Куә болған құрбысы бар. Қажет болса, тергеуге де, сотқа да барып, куәлік ете аламын деп отыр.  Екінші рет, 2023 жылы жәбірленуші Тұраровқа қарым-қатынасты тоқтататынын айтып, енді жайына қалдырмаса, үстінен арыз жазатынын айтқан. Артынша көшеде Әнаруды полицейлер ұстап, машинаға салып, Жетісу аудандық полиция бөлімшесіне алып келіп, бірнеше сағат ұрып-соғып, электрошокермен күйдіріп, қинаған. Себеп-салдарын айтпаған. Не болғанын да түсінбеген Әнару Қалдыбекқызы ұрып-соққан полиция қызметкерінің үстінен арыз түсірген. Іс сол күйі жабылып кеткен. (!) Қайта арызданатын боламыз», - деді жәбірленушінің қорғаушысы.

Заңгер қыз балаға бұндай жауыздық жасаған полиция қызметкерлерін жауапқа тартпақ ойы барын айтқан.

«Екі оқиғаның бір-біріне қатысы бар ма, әлде кездейсоқтық па, нақты дәлеліміз жоқ. Бірақ ішкі түйсікке бұл оқиғалардың бәрінің бір-біріне байланысы бардай сезіледі..(төменде Әнарудың арызы мен көгала қойдай денесінің фотоларын салдым).Аталған оқиғаларға қатысты тиісті мекемелерге ресми  адвокат ретінде сауалдар жолдап жатырмын. Жауаптарын осында жариялап отырамын», - деді ол.

Адвокат сараптаманың да заңдылықтардың сақталып жасалғанына күмәні барын жасырмады. Сол себепті Астанадағы тәуелсіз сот сараптама орталығының нұсқауымен 30 тамыз күні тәуелсіз сарапшылар мен дәрігерлердің қарауына жазылған. Осылайша, олар өздері тексеріліп, мамандардың қорытындысын алады. Мүмкіндік болса, қосымша қайталама сараптама жасауға талап-тілек қоюға да бейілді.

«Ж. Тұраровтың адвокатының «Арыз жазуға жәбірленуші мас болып келіп, киімін жыртып, бейәдеп қылықтар көрсетті» деген уәжі бойынша да айтарымыз бар. Сол күні жәбірленушінің арыз жазатынын Тұраровтың әйелі білген. Әнаруды арыз жазуға итермелеген тағы бір жағдай - боксердың әйелінің қорлаған сөздері. Екеуінің перепискасы бар. Мұнда сала алмаймын, тергеуге, сотқа дәлел ретінде өткіземіз. Әуезов аудандық полиция бөліміне келгенде, Әнарудың алдынан екі қыз шығып, “Сен ба, Жанқоштың үстінен арыз жазбақшы боп жатқан шалава?” деп провокация жасап, футболкасын жыртып, видеоға түсіріп алған. Ол екі қызды полиция қызметкерлері қарсы алғанын көргендер де бар. Соған қарағанда, бұл да ұйымдастырылған нәрсе деп топшылаймын.  Бірнеше сарапшы маманмен сөйлестім, бұндай жағдайда сараптама қорытындысы 2-3 күнде шығып қою керек. Өйткені мазок, ештеңе алмаған, дене жарақатына ғана фиксация жасаған. Ал Әнаруға сараптама қорытындысы бір айдан соң дайын болады деген», - деп жазды Ләззат Ахатова.

Сондай-ақ жазба авторы әлеуметтік желіде Әнаруды Жетісу аудандық полиция бөлімінде ұрып-соққан сәтте түсірілген фотолар мен арызды да жариялаған. Видеолар да барын айтқан.

«Оларды да қажет болса, саламыз», - деді Әнарудың қорғаушысы.

Серіктес жаңалықтары