«Өзі жоқтың, көзі жоқ»: Бекзат Саттархановтың анасы өкпесін айтты

Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы қазақ баласына базынасын айтты.

«Өзі жоқтың, көзі жоқ»: Бекзат Саттархановтың анасы өкпесін айтты
коллаж: turkystan.kz
Автор
Админ
567

«Уақыт көрсетеді» бағдарламасына сұхбат берген ана әр Олимпиаданың алдында өзбек спортшылары келіп, бата алатынын жеткізді, деп жазады turkystan.kz.

Ал қазақ спортшыларынан тек Бақтияр Артаев пен Ермахан Ыбырайымов қана хабарласып тұрады екен.

«Ермахан менің балам ғой. Кезінде қазақтың туын желбіретті. Ұлдарымызды ұлықтай алмай, бағасына жете алмай жүрміз. Сүрінбейтін тұяқ жоқ. Бірақ біз соны уақытында кешіріп, қайтадан көтере білуіміз керек. Өзбектер аруақты қатты сыйлайды екен. Олимпиаданың алдында үйіме өзбек спортшылары келеді. 2004 жылы бір автобуспен  «Батаңызды беріңізші, апа» деп өзбектер келіп кетті. Одан кейінгі барлық Олимпиадада тек өзбектің балалары келеді.

Ал 24 жылда қазақ балалардан Бақтияр Артаевтан басқа ешкімді көрмедім. Бақтияр Артаевқа батамды берген адаммын. 2004 жылы «Менің ұлы тірі болса, Олимпиадаға барар еді ғой» деп еңіреп жыладым. Сол кезде Бақтияр Артаев әке-шешесімен келіп, батамды алып кеткен еді. «Құдай қаласа сен Олимпиада чемпионы болып келесің! Көрген түсім анық болса, Бекзаттан кейін сен Олимпиада чемптоны боласың!»-дедім. Сонда түс көргенмін. Түсімде Бекзаттың жалауы көтеріліпті. Қасынан бір жалау көтерілді. Екі жалаудың ортасынан бір саусақ шығып тұр. Сол кезде жолдасыма: «Бізде бір Олимпиада чемпионы болады екен. Болмаса немерелерімнен, ұрпағымнан біреу шығады екен»-дедім.

Ермахан Ыбырайымов анда-санда телефонмен хабарласып, жаңалықтарын айтып тұрады. Жылда Бекзатты еске алуға арналған турнирдің ашылу салтанатына Ермахан міндетті түрде келеді. Өзі жоқтың көзі жоқ дейтін шығар. Сол балаларға өкпемді жеткізейінші. Қазақтың балаларын өз бала-шағам деймін. Өз бала-шағамнан ешкімді көрмедім.

Қызғаныш, көре алмаушылығымыз басым ба деп ойлаймын. Қапа болған кезімде ренішімді айтып қаламын. 24 жыл бойы ұлымды өзім ұлықтап келемін. Өлі арыстаннан, тірі тышқан артық. Жастар Бекзаттай болса жаман болмас деп ойлаймын. Бекзаттың жасын бермесін, жас кетті ғой. Бірақ тәрбиесі, жүрегі Бекзаттай болса жаман болмас. Балам ұлықталмай жатыр. Балама «Халық қаһарманы» атағын береміз деп бермей қалды»-дейді ардагер ана.

Серіктес жаңалықтары