«Итті атқандай атып тастады»: Ақмола облысында MMA бапкерлерін айуандықпен өлтіріп кетті

Марқұмдардың туыстары күдіктілердің бұрыннан ауылды үрейде ұстап келгенін айтады

«Итті атқандай атып тастады»: Ақмола облысында MMA бапкерлерін айуандықпен өлтіріп кетті
Orda.kz
2016

Ақмола облысына қарасты Ақкөл қаласында екі адам айуандықпен өлтірілді. Олар – аралас жекпе-жек бапкерлері. Марқұмның туыстары күдіктілер жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Спортшының анасы Orda.kz сайтына сұхбат беріп, оқиғаның мән-жайын айтып берді.

Қанды қылмыс 11 тамыздың түнінде болған. Полиция оқиғаның қалай және не себепті болғанын құпия ұстап отыр. Белгілісі – күдікті бірнеше ер адам ұсталған. Олардың үстінен «бірнеше адамның алдын ала сөз байласып адам өлтіруі» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қайтыс болған Қайырбек Сәбиевтің анасының айтуынша, оның ұлы досымен бірге дәмханада отырғанда күдіктілердің тобымен сөзге келген.

«Екеуі де ішпейді, екеуі де спортшы, достар және бапкерлер. Ақкөлде өз мектебі бар. Екеуі жай ғана демалып отырған, ешкімге кедергі келтірмеген. Сол кезде оларға екі жігіт келіп тиісе бастаған. Олар жергілікті бұзықтар, не істесе де жазаланбайды. Менің ұлым өзін қорғай алатын, сондықтан оны ауыл сыртына шығып, итті атқандай атып тастады», - дейді марқұмның анасы.

Қайтыс болған екі жігітті Ақкөлде көпшілік таныған. Олар жастайынан спортпен шұғылданып, есейген соң білген-түйгенін жастарға үйрете бастаған.

«Мен қазір кіші ұлым мен жиенім үшін уайымдамын. Өйткені, жиенім куәгер ретінде шақырылып, болған жайттың бәрін полицияға айтып берді», - дейді Гүлжан Бургегулова.

Полиция тергеудің құпиялығына байланысты марқұмдардың туыстарына оқиғаның мән-жайын айтпауды бұйырыпты.

Күдіктілер аймақтағы беделді азаматтардың балалары болғандықтан олар жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды марқұмдардың туыстары.

«Бұл шибөрілер өте көп, не істесек те жазаланбаймыз деп ойлайды. Ешқашан жалғыз жүрмейді, үнемі топ болып жүреді. Бүкіл Ақкөл оларды таниды, бәрі қорқады. Менің ұлым өте әділ адам еді, бәлкім сонысы түбіне жеткен шығар», - деді Қайырбектің анасы.

Серіктес жаңалықтары