Баян Базарғалиева: Ұстаздар қауымын қолдау – ел ертеңіне деген қамқорлықтың көрсеткіші

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдау жасаған болатын.

Баян Базарғалиева: Ұстаздар қауымын қолдау – ел ертеңіне деген қамқорлықтың көрсеткіші
Автордың жеке мұрағатынан
Автор
Админ
372

Сол Жолдауға еліміздің әр аймағынан белсенді мұғалімдер мен дәрігерлер, әр саланың өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарғалиева Баян Теміржанқызы бар. Ел болашағы үшін ұрпақ тәрбиелеп, неше жылдан бері білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаз Президент Жолдауының ұрпақ пен ұлт болашағы үшін маңызды екенін айтады.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы еліміздің ертеңін айқындайтын маңызды құжат екендігі анық. Алдағы уақытта атқарылар ауқымды істерді бағдарлап беретін Жолдауда өзекті мәселелер сөз етіліп, шешімін табуға бағытталған нақты жоспарлар жарияланды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының нәтижелі болары сөзсіз. Әр бала – еліміздің ертеңіне үлесін қосар азамат. Әр ата-ана баласының жайлы да қолайлы мектепте білім алғанын қалайды, баласының болашағына үлкен үмітпен қарайды. Елімізде 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгіде 217 мектеп пайдалануға берілсе, облысымызда осындай 14 мектептің ашылатыны қуантады. Президент ата-аналар жеке мектептерге де мемлекет нақты көмек беріп жатқанын білулері керек екендігіне тоқталды. Әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан шынайы ақпараттардан хабардан болуы керектігі айтылды», – дейді ардақты ұстаз.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда мұғалімдердің жауапкершілігі зор екенін де атап өтті. Себебі мұғалім – елдің ертеңін қалайтын жас буынды тәрбиелейді.

«Ел Президенті Қ.Тоқаев: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет», - деді.

Білім беру жүйесін дамытуға және педагогтер мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстар мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылуда. Ұстаздар қауымын нақты қолдау – еліміздің жарқын болашағы болар білімді ұрпағына деген қамқорлықтың көрсеткіші деп білеміз. Мемлекет басшысы «Барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға тиіс. Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Әрбір қадамымыз елге пайдасын тигізуі қажет» деді.

Еліміздің жарқын келешегі –  жас буынның бойына Отаншылдық, әділеттілік, жауапкершілік құндылықтарын сіңіріп, танымы терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымының өкілі ретінде Жолдауда берілген тапсырмалар мен пікірлерді қолдаймын.  Жолдауда белгіленген жоспарлар мен мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда әрқайсымыз жауапкершілік танытуымыз қажет»-дейді Баян Теміржанқызы.

Серіктес жаңалықтары