«Жанқошқа 1 ғана сұрақ қойған»: Адвокат Әнару Құрманәлінің ісіне қатысты мәлімдеме жасады
Адвокат 20 тамыз күні екі тарапты беттестіру кезінде жәбірленушіге 25 сұрақ, ал Тұраровқа 1-ақ сұрақ қойылғанын айтты.
Адвокат Ләззат Ахатова Әнару Құрманәлінің ісіне қатысты тың мәліметтерін бөлісті.
Оның айтуынша, 20 тамыз күні екі тарапты беттестіру кезінде жәбірленушіге 25 сұрақ, ал Тұраровқа 1-ақ сұрақ қойылған.
«1. Тәуелсіз сараптама жасалды. Қорытынды қолымызда. Ал тергеу тағайындандаған сараптама әлі дайын емес.
2. Тергеушінің іс-әрекетіне Қылмыстық -процестік Кодекстің 105-бабына сәйкес, прокуратураға шағым түсірілді. Іс қазір прокуратурада. Әуезов аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Д.Сағымбеков 20 тамыз күні екі тарапты беттестіру кезінде өрескел процессуалдық қателіктерге, яғни заңсыздықтарға жол берген.
Атап айтқанда, жәбірленушіге құқықтары, яғни адвокат алу құқығы бары түсіндірілмеген. Тіпті беттестіру тергеу амалы жүргізілетінін де ескертпей, «келіп кетіңіз» деп, шақырып алған. Ал екінші тарап екі адвокатымен келген.
Тергеуші тарапынан Әнаруға моральдық қысым жасалған. Сөздері мен әрекеттерінен Тұраровқа болысып, «сені зорлаған жоқ қой, өз еркіңмен болдың ғой» деп, қайта-қайта айтып, сол сөзді қостырған. Дене жарақаттарын сот – медициналық сарапшысы линейкамен өлшеп, тексерген. Ал тергеуші дене жарақаттарым жоқ деп айтқызған. Хаттама соңындағы Әнару жазған қисық жазулардан – ақ қолдары дірілдеп, қысым үстінде жазған адамның почеркі екенін аңғару қиын емес.
Одан өзге, жәбірленушіге 25 сұрақ, ал Тұраровқа 1-ақ сұрақ қойғандығы, арызданушының әр уәжін күдіктіден сұрап, нақтыламағаны, оның жауабын тексермегені де тергеу амалының біржақты өткізілгенінің дәлелі. Бейнетаспа жүргізілмегені де осыны айғақтап тұр.
3. Осы аталғандар негізінде 20-тамыз күні өткізілген беттестіру хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жойып, қайтадан жәбірленушінің адвокаттарының қатысуымен беттестіру және қосымша жауап алу туралы талап қойылды.
Сондай-ақ адвокат Әнаруды қорғаушы тарапқа тағы бір адвокат қосылғанын айтты.
4. Ұзақ жылдар тергеу саласында істеген, Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, білікті маман Айлан Ескеров мырзамен бірігіп, жұмыс істеп жатырмыз. Тағы да көмектесеміз деген қорғаушылар аз емес. Әзірге екі қорғаушымен шектеліп отырмыз.
5. Біздің елде әділдік орнамай, сыбайлас жемқорлықтар орын алса, адам, әйел құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдармен бірлесіп, жұмыс істейміз. Президентке, Парламент депутаттарына Үндеу жасаймыз.(жоспарда бар)
6. Алмалы ауд.полиция бөліміне Әнарудың 2018 жылы Ж.Тұраровтың үстінен зорлау фактісі орын алғаны туралы арызын архивтен көтеру туралы адвокаттық сұрау жолданды.
7. Жетісу ауд.полициясының қызметкері тарапынан орын алған азаптау фактісі бойынша Ә.Құрманәлінің 2023 жылғы жазған арызы бойынша адв.сұрау жолданды.
Жауаптары әлі келген жоқ.
Қысқаша атқарылған іс-шаралар жөнінде ақпарат осы.
Қоғам оянып келеді. Әуезов жазған қорғансыздың күні біздің заманда өзектілігін жоймағанына - Әнару ісі дәлел. Әнарудың тағдыры-көптеген қазақ қыздарының тағдыры, іштерінде тұншығып жатқан қайғы-мұңы. Қазақ ерлерінің қарындастың ары үшін атқа қонып, жауға да шапқан заман артта қалса керек..Аға деп алғаусыз, таза көңілмен сенген еркексымақтардың көпшілігінің (бәріне топырақ шашпаймын, қазақта азамат атына лайық ерлер көп) бет-бейнесі-Жанқош іспеттес. Бұл іс қоғамның жарылуға шақ тұрған іріңін ашқандай болды», – деп жазды адвокат Л. Ахатова.