Халықтық штаб: АЭС Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырады

Түркістанда Халықтық штаб мүшелері өңір активімен жүздесіп, оған 300-ден астам адам қатысты.

Халықтық штаб: АЭС Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырады
Сурет авторы: Әли Ғалым
Автор
Админ
420

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өңірлерде сайлаушылармен кездесу жұмысын бастады. Штаб мүшелері алдымен Түркістан облысына барды.

Түркістанда Халықтық штаб мүшелері өңір активімен жүздесіп, оған 300-ден астам адам қатысты. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Штаб мүшелері АЭС салудың маңызы туралы азаматтармен ашық әңгімелесу және осы жобаны жүзеге асыруға байланысты жаңа перспективалар туралы айту үшін өңірге келгенін мәлімдеді.

Мәжіліс Төрағасы түркістандықтар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі прогрессивті бастамалары мен саясатын әрдайым қолдап келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол АЭС салу – еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігінің кепілі екенін айрықша атап өтті.

«Бізге таза, сарқылмас қуат көздері керек. Бір ақиқат бар: қазір атом энергиясына балама жоқ. Қазақстанда атом электр станциясын салу – бүгінгі күннің шындығынан, бүгінгі күннің сұранысынан туған бастама. АЭС экономиканың драйверіне, қозғаушы күшіне айналады. Жоғары білікті және жоғары жалақы төленетін мыңдаған жаңа жұмыс орындары пайда болады. АЭС құрылысы оның айналасындағы инфрақұрылымды дамытатыны айтпаса да түсінікті: жаңа жолдар, мектептер, ауруханалар және тұрғын үйлер салынады», – деді ол.

Ерлан Қошанов электр энергия тапшылығы бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде айрықша сезілетінін атап өтті. Былтырғы қорытынды бойынша дефицит 3,1 млрд кВт/сағ құрады. Салыстыру үшін айта кетсек, орташа есеппен 100 мың тұрғыны бар бір қала 700 млн кВт/сағ тұтынады. Электр энергия жетіспеушілігі жаңа өндіріс орындарын ашуға, бизнесті, АӨК-ні дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және тұтастай алғанда еліміздегі өзге де салаларды дамытуға кедергі келтіретін фактор болып отыр.

«АЭС салу идеясы – мың ойланып, мың толғанып, қабылданған шешім. Бұл – біздің энергетикалық тәуелсіздігіміз бен қауіпсіздігіміздің кепілі. Біздің шын мәніндегі арман-мақсатымыз – Президент айтқан дәулетті, дербес Қазақстанда тұру. Ал, оның орындалуы осындай тарихи қадамдардан басталады», – деді Мәжіліс Төрағасы.

Өз кезегінде, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Қазақстанда АЭС салуға қажет кадрлар да, тәжірибе де, ғылыми-техникалық және практикалық база да бар екенін атап өтті. Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева Президент АЭС туралы идея ұсынған сәттен бері бір жыл уақыт өткенін, барлық өңірде осы мәселенің мәнін ұғынуға, «оң мен солын» бағамдауға мүмкіндік берген қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылғанын айтты. Азаматтарда уақыт жеткілікті болды, енді барлық прогрессивті күштер елді одан әрі дамыту үшін АЭС қажет екеніне сенімді. Ал Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев Қазақстан Созақ ауданындағы секілді уран өндіру бойынша әлемде көш бастап тұрғанын, алайда әлі күнге дейін өз әлеуетін пайдаланбайтынын және атом энергиясы үлкен пайда әкелетін АҚШ, Оңтүстік Корея, Франция сияқты дамыған елдерден артта қалу қаупі бар екенін атап өтті. АЭС – сенімді, қауіпсіз әрі экологиялық таза.

Бұдан әрі Штаб мүшелері облыстық ауруханада денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті. Әңгімелесу барысында дәрігерлер, жоғары білімді адамдар ретінде қоғамда жоғары беделге ие екеніне және бейбіт атомның айналасындағы барлық үрейді сейілте алатынына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, адам күнделікті өмірде ұшырайтын радиоактивті сәуленің небәрі 0,1%-ы ғана атом энергетикасына тиесілі. АЭС-тың әсері рентгенге немесе флюорографияға қарағанда әлдеқайда әлсіз. АЭС салу адамдардың денсаулығына зиянын тигізбейтінін халыққа осындай қарапайым мысалдармен жеткізу маңызды.

Осы күні Халықтық штаб мүшелері Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылына барды. Ауыл тұрғындарымен әңгімелесу барысында Штаб мүшелері атом энергиясын пайдаланудың артықшылығы туралы айтты. Мәселен, жылыжай салуға поляк инвесторларын тартқан Сайрам ауданының шаруалары көкөніс өндірісін толық қуатта іске қоса алмағанын мәлімдеді. Бұған себеп – тұрғын үйлердің өзіне әрең жетіп тұрған әлсіз қосалқы станция. Ал АЭС-тың тұрақты электр энергиясы мұндай мәселелерді өткеннің еншісінде қалдырып қана қоймай, шаруашылықты дамытуға берік негіз болады, барлық ауылды жылдамдығы жоғары интернетпен және үздіксіз мобильді байланыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Штаб мүшелері Кентау қаласында ЖЭО-5 ұжымымен кездесті. 1952 жылы іске қосылған бұл жылу энергетика торабы 15 мыңға жуық адамды қамтып отыр. Халықтық штаб мүшелері АЭС құрылысы барлық коммуналдық және өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін тұрақты әрі таза энергия көзіне айналып, жылу және электр энергия іркілісі мәселесін шешетінін атап өтті.

Жалпы, Халықтық штаб сапары барысында Түркістан облысының тұрғындары АЭС салу идеясына қызу қолдау білдірді. Түркістандықтар биыл 6 қазанында өтетін референдумға белсенді қатысуға ниетті.

Серіктес жаңалықтары