Исламбек Салжанов Көшпенділер ойындарының алғашқы жеңімпаздарын марапаттады

Исламбек Салжанов Көшпенділер ойындарының алғашқы жеңімпаздарын марапаттады
313

Бүгін, 9 қыркүйекте, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы жеңімпаздарын ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының Президенті Исламбек Салжанов медальдармен марапаттады.

«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларымызды шын жүректен құттықтаймын. Тартысты бәсеке әлі төрт күн жалғасады. Барша спортшыларға сәттілік тілеймін», - деді Исламбек Салжанов және аударыспақ спортынан ұлттық құрама мүшесі Ермек Құралбай мен садақшы Жәнібек Құлмырзаевты алтын медальмен, сондай-ақ дәстүрлі садақ ату спортынан Қасымхан Қанатты қола медальмен марапаттады.

Сайыс күнінің қортындысы бойынша, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіретін федерация спортшылары барлығы 9 медаль жеңіп алды.

Оның ішінде 5 алтын: аударыспақ спортынан – Ермек Құралбай (60 кг), Алмат Ләтіпбек (70 кг), Дарын Өткелбай (80 кг), дәстүрлі садақ ату спорты бойынша «Пута» нысанасынан – Жәнібек Құлмырзаев және жамбы ату спорты бойынша азия стилінен Батыр Бексауыт.

Жамбы атудан ұлттық құрама мүшесі Айтбек Сарыбай күміс медаль иеленді.

Қола алғандар қатарында садақшылар – Қасымхан Қанат және Айкөркем Батихан, сондай-ақ жамбы атудан Ералхан Айкөз.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Дүбірлі додада 21 спорт түрінен 97 медаль сарапқа салынады.

 

 

Серіктес жаңалықтары