АЭС: Халықтық штаб өкілдері өңірлерде кездесулер ұйымдастырды

Халықтық штабтың басты міндеті – қоғамға АЭС салудың маңыздылығы мен артықшылықтарын жеткізу, жұрт арасындағы негізсіз үрейлерді сейілту.

АЭС: Халықтық штаб өкілдері өңірлерде кездесулер ұйымдастырды
431

Ақмола облыстық халықтық штаб Красный яр ауылына  барды

Атом электр станциясын қолдау жөніндегі Ақмола облыстық халықтық штаб мүшелері Көкшетау қаласында халықпен кездесуді  жалғастыруда.  

Облыстық Халықтық штаб мүшелері Красный яр ауылындағы жергілікті аурухананың  қызметкерлері мен Красный яр көпсалалы колледжінің ұжымына еліміз үшін атом электр станцияларының қажеттілігі, АЭС салудың артықшылықтары, заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздігі, олардың  жұмыс істеу принциптері және атом электр станцияларының қоршаған ортаға мен адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы ақпарат берді.

Халықтық штаб мүшесі Ақманат Әлімбетова электр энергия тапшылығы бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде айрықша сезілетінін атап өтті. «АЭС салудағы ең басты қажеттілік – электр энергиясы тапшылығын шешу, ешкімге тәуелді болмау »,- деді ол кездесуде.

Қызылордада халықтық штаб өкілдері «Бастау» ЖШС ұжымымен кездесті

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі аймақтық Халықтық штаб өкілдері  Алмасбек Есмаханов, Серік Дүйсебаев, Ибадулла Құттықожаев, Жорабек Нұрымбетов, Ержан Искендер, Ибрагим Басықараев референдумның маңыздылығын түсіндіру мақсатында «Бастау» ЖШС  еңбек ұжымымен кездесті.

Мекеме ұжымымен әңгіме барысында облыстық штаб төрағасы Алмасбек Есмаханов Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды міндеттерді атап өтті. Соның ішінде  халықпен алдын ала талқылаудан өткен Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізу мәселесіне ерекше тоқталды.

«Мемлекет басшысы халықтың мүддесін қозғайтын мәселелерді үнемі кеңесу арқылы шешіп келеді. Кешегі Жолдауында да елімізде Атом электр станциясын салу мәселесін 6 қазанда жұртшылықпен бірлесіп, референдум арқылы жүзеге асыру керектігін айтты. Сондықтан аталған референдумның еліміз үшін стратегиялық маңызы зор»,- деді Алмасбек Есмаханов.

Штаб мүшесі Жорабек Нұрымбетов Қазақстан энергетика секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұрғандығын, осы орайда энергетикалық кешенді дамыту бағытын таңдау мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына айтарлықтай әсер ететіндігіне тоқталды.

«Қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық секторы елімізде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70% – қамтамасыз ететін көмір электр станцияларына аса тәуелді. Алайда, бұл модель күрделі мәселелерге тап болуда. Мәселен, жұмыс істеп тұрған станциялардың тозу деңгейі өте жоғары,  екіншіден, елімізде электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3%-ға өсіп отыр.  Сонымен қатар, көмір жобаларын қаржыландыру да экологиялық шектеулерге байланысты күрделене түсуде. Бұл мәселелер болашақта бір жақты шешіледі деп сенеміз», - деді Жорабек Нұрымбетов.

2007 жылдан өңірдегі ірі мұнай компанияларына көлік қызметін ұйымдастырып отырған «Бастау» мекемесі ұжымында  бүгінгі күні 248 азамат жұмыс атқарады. Референдум туралы мағұлматтарға қанық жұмысшылар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.

Өскеменде бастауыш партия ұйым өкілдері АЭС-тің маңыздылығын талқылады

Өскемен қаласында «AMANAT» партиясының №1 бастауыш партия ұйымының өкілдері АЭС–тің маңыздылығын талқылады. Жиынға қатысқан сала мамандары атом электр станциясының еліміз үшін маңыздылығына тоқталып азаматтарға жан-жақты мәлімет берді.

Виктор  Недовесов - Энергетика саласының ардагері, ТМД елдерінің еңбек сіңірген энергетигі, Казақстанның еңбек сіңірген энергетигі:

«Жыл көлемінде еліміздің жер - жерінде АЭС-ті салуға қатысты түрлі қоғамдық тыңдаулар өткізіліп жұртшылықпен кең көлемде талқылау жұмыстары жүргізілді. Атом электр станциясын салудан қорқудың қажеті жоқ. Бұл дамыған мемлекеттерде бар тәжірибе. Еш жерде жоқ жаңалық емес. АЭС-на көшу  дамудың жаңа сатысына көтерілу. Ең бастысы құрылыс жұмыстары дұрыс жүргізіліп, талапқа сай іске қосылса одан қауіптенуге негіз жоқ деуге болады. Атом электр станциясының экологиялық жағдайдың жақсаруына да тигізер әсері орасан зор»,- дейді Виктор  Недовесов.

Атом электр станциясын салуға қатысты Мемлекет басшысы 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауында болашақта электр энергиясының тапшылығына ұрынбау үшін елімізге АЭС салу қажет екендігін айтқан болатын.  Деседе соңғы шешімді жалпыұлттық референдум арқылы халықпен бірлесе қабылдау  дұрыс деп атап өтті.

«Өздеріңізге белгілі, біз болашақтағы электр энергиясының тапшылығын айтпағанда, еліміздің көптеген қалаларында экологиялық жағдайдың күрделеніп бара жатқандығы ешкімге жасырын емес. Сондықтанда біз АЭС салу арқылы тек электр энергиясына деген тапшылықты ғана емес, экологияның жақсаруына да қол жеткізетін боламыз. Сізбен біз соны жақсы түсінуіміз қажет»,- деді эксперт Елена Березинская-Абилова.

Таразда референдум мақсаты түсіндірілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында атом электр станциясын салуға қатысты халық таңдауын жасауы үшін референдум өткізуді тапсырған болатын. АЭС салу туралы ел ішінде түрлі пікірлер мен сұрақтар көп. Осыған орай облыстық штаб мүшелері референдумнан бұрын жұртшылықтың пікірін тыңдап, АЭС салудың артықшылықтары мен залалсыздығын түсіндіру жұмыстарын бастады.

Алғашқы кездесу Тараз қалалық электр желілері мекемесінің жұмысшыларымен өтті. Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған мәселелерге тоқталды.

– Бұған дейінгі Президенттің халыққа арнаған Жолдауларынан халық қандай әлеуметтік қолдаулар болатынын, зейнетақы, жәрдемақылардың қаншалықты көбейетінін күтетін. Бұл жолғы Жолдау заң, тәртіп, экономика тұрғысына басымдық берілуімен ерекше болды. АЭС салу туралы Президент мамандарға терең зерттеуді бұдан бұрын тапсырып, осы мәселені халықтың алдына қойды. Бұл да халық үніне құлақ асатын мемлекет екенінің бір көрінісі. Осыған байланысты ел ішінде атом электр станциясының зардаптары болатыны, орналасқан жеріндегі көлдің суы тартылып кетпей ме деген сұрақтар туындады. Оның бәрі де мамандардың зерттеуімен қарастырылып, АЭС барлық қауіп-қатердің алдын алатындай, жетілген технологиялармен салынатыны түсіндіріліп жатыр, – деді Кенжебек Мамашбайұлы.

Әлемдегі дамыған бірқатар мемлекеттерде бірнеше АЭС бар екенін, оларда жұмыс ешқандай зиянсыз жүргізіліп жатқанын айтқан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев ғылыми тұрғыда түсіндіріп өтті. Ол өз сөзінде дамудың даңғыл жолындағы Қытайда 56 АЭС барын және 27-сі салынып жатқанын айтып, басқа да мемлекеттерді мысал ретінде атады. Электр энергиясының тапшылығы күн сайын сезіліп келе жатқанын айтқан ғалым біздің ел бүгінде жылу электр станцияларын пайдаланып отырғанын айтып өтті. Олардың бәрі 70-80 жылдары салынғандықтан, тозығы жеткен. Ал, жылу үшін қолданылатын көмірден шығатын зияндылық бөлек мәселе. Егер АЭС салынған жағдайда энергия өндірумен қатар, көптеген тұрғындарға тұрақты жұмыс орыны ашылатыны және жылу үшін пайдаланылатын отыннан шығатын зияндылықтардан құтылатынымыз да осы жиында кеңінен түсіндірілді.

Дәл осындай жиын медицина саласының қызметкерлерімен «Мейірім» медициналық орталығында да өтті. Ондағы кездесуге қатысушылардың сұрақтарына да ғылыми негізде дәлелденген жауаптар берілді.

Серіктес жаңалықтары