Әр облыста мүгедектігі бар жандарға білім беретін колледж ашу қажет – депутат
Кәсіптік білім алу – мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік мәртебесі мен қорғалуын арттырудың ең тиімді тетіктерінің бірі.
Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С. Жақыповаға мүгедектігі бар адамдар үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге кәсіптік техникалық білім беру стандартын әзірлеп, енгізу, кәсіптік техникалық білім алу және медициналық қызмет көрсету элементтерін біріктіретін пилоттық жобаны әзірлеу, әр облыста мүгедектігі бар жандарға білім беретін колледж ашу мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.
Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында: «Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет», – деген болатын.
Осы орайда Мәжіліс депутаты біз әрбір балаға, оның қажеттіліктеріне және басқа да жағдайларына қарамастан, өз әлеуетін толық іске асыруға, қоғамға пайда әкелуге және оның толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік беруге міндеттіміз деген ойын айтты.
Ерлан Тұрсынбайұлы биыл жазда сайлаушылармен кездесіп, Кентау қаласындағы «Арнайы кәсіптік колледжде» болған. Кездесу барысында оқу орнының ұжымы өздерін ерекше алаңдататын бірқатар мәселелерді көтеріпті.
«Кентаудағы Колледж – тірек-қимыл аппараты бұзылған I-III топтағы мүгедектігі бар адамдар арасында мамандар даярлайтын Қазақстандағы жалғыз оқу орны.
1942 жылы ҰОС мүгедектеріне арналған «Есеп және жоспарлау мектебі» ретінде құрылған, кейіннен ол 15-35 жас аралығындағы мүгедектігі бар адамдарға арналған кәсіптік колледжге айналған.Бүгінгі таңда студенттер Республиканың 12 аймағынан оқуға түседі. Колледждің қызметі халықты әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істейтін нормативтік актілермен реттелмеген», - дейді ол.
Осыған байланысты Түркістан облысының прокуратурасы тексеріс жүргізіп, екі министрліктің, яғни Халықты әлеуметтік қорғау және білім берудің нормативтік-құқықтық актілерін қолдану салдарынан анықталған құқықтық бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама енгізген.
Прокуратураның ұсынысына сәйкес білім беру үдерісіне бақылауды күшейту мақсатында колледжді білім беру саласына беру жолдарын қарастыру тапсырылған.
«Алайда, колледж халықты әлеуметтік қорғау саласынан білім беру саласына ауысқан жағдайда осы мекеменің бірегейлігі жоғалады. Колледждің білім беру саласындағы оқу ұйымдарынан айырмашылығы – онда мамандық алумен қатар оңалту қызметтері, медициналық емдеу, әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету сияқты арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілді көлемі ұсынылатындығы», дейді Ерлан Әбдиев.
Осыған байланысты, колледж қызметінің бірегейлігі мен қажеттілігін, сондай-ақ осы әлеуметтік топ орта кәсіптік білім беру жүйесінде оқығысы келетін және тиісті жағдайларда оқи алатын білім алушылардың ерекше санатын құрайтынын ескере отырып, депутат министрден келесі мәселерді қарастыруды сұрады:
- мүгедектігі бар адамдар үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге кәсіптік техникалық білім беру стандартын әзірлеу және енгізу;
-15-35 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге қызмет көрсету бөлігінде «арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларына» өзгерістер енгізу;
- Халықты әлеуметтік қорғау саласында интеграцияланған білім беру жүйесін енгізу;
- арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, кәсіптік техникалық білім алу және медициналық қызмет көрсету элементтерін біріктіретін қызметтер көрсетудің гибридті моделін қалыптастыру жөніндегі пилоттық жобаны әзірлеу;
- Елімізде арнаулы кәсіптік колледждердің аналогтарының жоқтығын және өңірлерде жоғары сұранысты ескере отырып, әрбір облыста осындай бір колледжден құра отырып, осы тәжірибені енгізу.