Ұлытау облысында ағайынды 2 жігіт сотталды

Қылмыстың ізін жасыру үшін айыпталушылардың мәйітті автокөлік дөңгелектерімен бірге өртеп жібергені анықталды.

Ұлытау облысында ағайынды 2 жігіт сотталды
Istockphoto
339

Ұлытау облысында аса қатыгездікпен адам өлтірді деп айыпталған ағайынды 2 жігітке сот үкімі шықты.

Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында күдіктілер А. мен У.-ға қатысты адам өліміне қатысты қылмыстық іс қаралды.

Соттың мәліметінше, күдіктілер алкогольдік мас күйде болған азамат К-ны өлтіргені үшін кінәлі деп танылды.

«2024 жылдың 19 наурызында, кешкі 21:00 шамасында, сотталушылар А мен У өз үйлерінде ішімдік ішіп отырған. Сөзге келу барысында ағайындылар К-ны өлтіруге шешім қабылдаған. Сотталушы А К-ны жіппен тұншықтырып, ал У марқұмның аяқтарын ұстап тұрған. Нәтижесінде К көз жұмды», – делінген сот хабарламасында.

Қылмыстың ізін жасыру үшін айыпталушылардың мәйітті автокөлік дөңгелектерімен бірге өртеп жібергені анықталды. Айыпталушылардың кінәсі куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, басқа да заттай айғақтармен дәлелденді. 

Соттың мәліметінше, айыпталушы У Жезқазған қаласының уақытша ұстау изоляторында өз-өзіне қол салу нәтижесінде көз жұмған.

«Сот А мен У-ды қылмыс үшін кінәлі деп таныды. Сотталушы А 15 жылға бас бостандығынан айырылды, ал сотталушы У қаза тапқандықтан, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды», – делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары