Министрлік олимпиадада жеңген оқушыларға 5,5 млн теңге сыйақы бермек
Сонымен қатар, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына қазақстандық ЖОО-ның кез-келгеніне оқуға түсуге білім гранты беріледі.
Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалардағы жеңісі үшін 5,5 миллион теңгеден сыйақы алады, деп хабарлады turkystan.kz.
Әлем бойынша ТОП-7 беделді олимпиадаларда жүлделі орын алған 26 қазақстандық оқушы қаржылай сыйақы алады. Сыйақының жалпы сомасы 77,5 миллион теңгеден асады.
2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздің ұлттық құрамасы ең беделді әлемдік пәндік олимпиадаларда 2 алтын, 12 күміс, 12 қола медаль және бір диплом иеленді. Бұл олимпиадалар: IMO (математикадан), IPhO (физикадан), IBO (биологиядан), IChO (химиядан), IOL (лингвистикадан), IGeO (географиядан) және IOI (информатикадан).
Талантты оқушыларды қолдау мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жүлделі орындарды иеленген оқушыларға және оларды дайындаған педагогтерге мемлекет тарапынан біржолғы сыйақы тағайындалған. Алтын медаль жеңіп алған оқушы 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы алады. Ал алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақы 26,5 еселенген мөлшерінде; күміс медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақы 17,5 еселенген мөлшерінде; қола медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақы 8,5 еселенген мөлшерінде беріледі.
Сонымен қатар, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына қазақстандық ЖОО-ның кез-келгеніне оқуға түсуге білім гранты беріледі. Сыйақының жалпы сомасы 77,5 миллион теңгеден асады.
Еске сала кетейік, өткен жылы 23 оқушы 65,6 млн теңге, 20 педагог жалпы сомасы 71,4 млн теңге біржолғы сыйақы алған болатын. Жалпы 12 ірі халықаралық жарысқа қатысқан 1218 қазақстандық оқушының 603-і медаль иегері атанды. Яғни, әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғаған әрбір екінші қатысушы жүлделі орынға ие болды.