Электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3 пайызға артып жатыр
АЭС құрылысы елдегі ғылыми-техникалық, энергетика, экономика салаларына мультипликативті әсер беріп, алға жылжуына ықпал етеді.
Бүгін өңірлік халықтық штаб мүшелері «МАЭК« ЖШС қызметкерлерімен және бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесіп, АЭС құрылысының маңызын, елдің экономикалық жағдайына тигізер пайдасын айтты, деп хабарлады халықтық штабтың баспасөз қызметі.
Халықтық штаб мүшелерінің айтуынша, АЭС құрылысы елдегі ғылыми-техникалық, энергетика, экономика салаларына мультипликативті әсер беріп, алға жылжуына ықпал етеді. Нақтыласақ, ірі кәсіпорындар үшін электр энергияның тұрақты және қолжетімді тарифін қамтамасыз етеді, зауыттардың, фабрикалардың өндіріс шығынын азайтып, өнімділігін арттырады.
«Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр қуатын тұтыну 152,4 миллиард киловатт-сағатқа жетеді, ал жұмыс істеп тұрған станциялар бар болғаны 135 миллиард киловатт-сағат өндіре алады. Оның үстіне жұмыс істеп тұрған станциялардың 70%-ы тозған. Сондықтан энергетикалық тәуелділікке және елдің энергетикалық нарық қауіпсіздігінің төмендеуін болдырмау үшін АЭС салу маңызды. Тағы бір ескеретін жайт атом электр энергиясы экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, оның көмір және газ электр станцияларынан айырмашылығы - көмірқышқыл газын шығармайды. Бұл 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық бойынша міндеттемені орындауда маңыз», - деді штаб мүшесі Кинис Ураков.
Жиын соңында өңірлік халықтық штаб мүшелері көпті толғандырған сұрақтарға жауап беріп, ұжымды жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысып, ел болашағы үшін таңдау жасауға шақырды.