Алматыдағы Әскери институт аумағынан 44 жастағы сержанттың денесі табылды
Ресми орган бұл ақпаратты ішінара растады.
Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерінің әскери институты ғимаратында 44 жастағы сержанттың мәйіті табылды, деп хабарлады turkystan.kz сайты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Ресми орган бұл ақпаратты ішінара растады: ішкі істер министрлігі адам өлімі болғанын растаса да оның қай жерде, қандай жағдайда көз жұмғанын айтпаған.
Ал, ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, 44 жастағы Өсер Итебаев Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерінің әскери институты аумағында турникке асылып өлген. Оның 3-санаттағы сержант шені бар.
«Оңтүстік әскери-тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 105 бабы 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деп хабарлады ішкі істер министрлігі.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 105-бабында «өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу», ал, бірінші тармағында «жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу» қылмыстары жазылған.