«Тұрақтыда» тұрақтап қалу үшін...

Елдің кредит рейтингі оның эко­номикалық тұрақтылығын, са­я­си жағдайын, қарыз деңгейін, ин­вестициялық ахуалды және бас­қаларын қоса алғанда, бір­қа­тар факторларды екшеу арқылы анық­талады.

«Тұрақтыда» тұрақтап қалу үшін...
www.istockphoto.com
312

Осы аптада Moody’s рейтинг агенттігі еліміздің егеменді кредиттік рейтингін Baa1 деңгейіне көтерді. Болжам – «тұрақты». Былтыр рейтинг көрсеткіші – Baa2, болжам – «позитивті» болған еді. Бұл жаңалықты Үкімет те, сарапшылар қауымдастығы да қуана бөлісті.

Елдің кредит рейтингі оның эко­номикалық тұрақтылығын, са­я­си жағдайын, қарыз деңгейін, ин­вестициялық ахуалды және бас­қаларын қоса алғанда, бір­қа­тар факторларды екшеу арқылы анық­талады. Және де рейтинг ел­дің инвестиция тарту, қарыз алу және экономикасын дамыту қа­білетіне әсер етеді. Демек, жал­пы елдің әл-ауқатын сырттай, тәуел­сіз бағалау нәтижесі деуге бо­лады. Соның ішінде, Moody's рей­тингі халықаралық деңгейде кеңі­нен қолданылады және қар­жы­лық тұрақтылықты немесе сын-қатерді бағалауда шешуші рөл атқарады. 
Яғни, таяуда ғана Президент Жол­дауында айтылған бірінші тақы­рыптық блоктағы мәселе-лер – кредиттік рейтинг есеп­телетін негізгі факторлар.
Moody’s нендей факторларды негізге алды? Қандай қауіп барын ескертті? Сарапшылардың пікірі қандай?

Moody's нені негізге алды?

9 қыркүйекте Moody’s рейтингтік агенттігі Қазақстанның егеменді кре­диттік рейтингін «Baa1» деңгейіне кө­терді, болжам – «тұрақты». Бұл шешім мем­лекетті басқарудың дамуына, инс­титуционалдық және саяси негіздердің ны­ғаюына байланысты қабылданғаны ай­тылады. Сондай-ақ Қазақстан эконо­ми­касын әртараптандыруда да оң дина­ми­ка байқалған. Оған қоса, Ұлттық қор ак­тивтері экономикалық шок кезінде бюд­жеттің икемді болуына мүмкіндік беріп, фискалдық тұрақтылыққа үлес қо­сып отыр.  
Moody's сарапшылары Қазақстан экономикасының перспективасы кө­мірсутек өндіруші басқа елдермен са­лыс­тырғанда жақсырақ екенін айтады. Транс­порт-логистика секторының да­муы өсу мен әртараптандырудың негізгі фак­торларының бірі болып қалып отыр, бұл Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалы сала­сын­да­ғы белсенділіктің қарқынды өсуіне байл­анысты. Яғни, Moody’s рейтингтік агент­тігі көмірсутекке тәуелділік айтар­лық­тай төмендегенін, сондай-ақ көлік-ло­гистика саласының, өңдеу өнер­кәсі­бі­нің және ақпараттық-комму­ни­ка­ция­лық технологиялардың дамығанын алға тартады.
– Сонымен қатар Қазақстан Орта­лық Азиядағы пайдалы қазбаларды бар­­лау және өндіру жобалары бойынша Син­гапур, Ұлыбритания және Герма­ния­мен бірнеше келісімдерге қол қойып, ши­кізатқа деген жаһандық сұраныстың ар­туынан ұтады, – дейді сарапшылар.
Тұрақты болжам тәуекелдердің тең­дестірілген деңгейін көрсетеді. Moody’s сарап­шылары инвестициялық тарты­м­дылықты арттыру және экономиканы әртараптандыру үшін одан әрі эконо­ми­калық және институционалдық рефор­малардың маңызына тоқталады. Бұл рет­те ұзақмерзімді экономикалық перс­пек­тивалар үшін қауіп факторлары ре­тінде өңірдегі геосаяси жағдайдың ық­тимал нашарлауы, қайталама санк­ция­лар ықтималдығы аталады.
– Екінші жағынан, аймақтық гео­саяси ахуалдың айтарлықтай нашарлауы жә­не ықтимал екінші деңгейлі санк­циялар негізгі сын-қатер болып қала береді, – деп айтылады Moody’s есебінде.
Сондай-ақ рейтинг нәтижесін шы­ғарарда Ұлттық қордың қазіргі жағдайы мен қызметі де ескерілген.
– Біз Ұлттық қордың активтері алда­ғы 2-3 жыл ішінде мұнай бағасының қол­дауына және қолданыстағы кен орын­дарын кеңейту жұмыстарының аяқ­талуына байланысты өндірістің артуы­на қарай өсуді жалғастырады деп күте­міз. Ұлттық қордан трансферттерді рет­тейтін бюджеттік ережелер осы ре-зерв­терді дискрециялық пайдалануды да шектейді, – делінген Moody’s хабар­ламасында.

Бағдарды нақтылау

Биылғы Жодауында Президент ха­лықтың әл-ауқатын жақсартуға сеп­тігі тиетін көптеген шара қолға алын­ғанымен, арқаны кеңге салуға бол­май­тынын, алдымызда әлі талай ауқым­ды жұмыс тұрғанын айтқан еді.
– Қазір көптеген азаматтың мой­нын­да бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қа­тер десек те болады. Сондықтан осы ба­ғытта арнайы заңдар қабылданды. Ха­лықтың әл-ауқатын жақсартуға сеп­тігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алын­ды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айна­лысып, халықпен әрдайым тығыз бай­ланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» қа­ғидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз, – деген болатын Президент.
Экономиканы әртараптандыру ісі тың серпін алғаны, инфляция баяула­ға­ны, былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендегені айтылды. Еліміздің ха­лық­аралық резерві 100 миллиард дол­лар­дан асқан. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен са­ласымен салыстырғанда жылдам өсіп жа­тыр. Рейтинг есебінде де осы нәти­же­лер туралы айтылады.
Сондай-ақ Moody’s Ұлттық қор фик­­салдық тұрақтылыққа үлес қо­сып отырғанын да қосып өтеді. Оны ары қарай тиімді басқару еліміздің стра­тегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға аса қажет. 
– Едәуір фискалдық резервтер – Ұлт­тық қордың активтері экономикалық күйзеліс кезеңдерінде бюджеттік икем­ділікті қамтамасыз ете отырып, фис­кал­дық тұрақтылыққа ықпал етуді жалғас­тыруда. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стра­тегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шет­ел­дік қаржы институттарына қызмет ет­пеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге ар­налған макроэкономикалық тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қа­жет, – деген еді Президент.
Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақ­сарту үшін жүзеге асырылуы керек не­гізгі міндеттер мен бағыттар да ай­қын­далған еді.
Мәселен, Президент республикалық бюд­жеттің кіріс бөлігі орындалмай жат­қа­нын және бұл Үкімет жұмысындағы үл­кен олқылық екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдай елдің дамуын тежейді, сондықтан бюджет қаржысын тиім­ді пайдаланып, шығыс бөлігін шек­теу қажет. Үкімет пен Ұлттық банк осы мәселе бойынша нақты шаралар қабыл­дауы керек. Мемлекет басшысы страте­гия­лық маңызы жоқ шығындарды азай­ту керектігін де ескертті.
Сондай-ақ ол салықты аймақтарда қал­дыру дұрыс шешім болғанын айтты, бірақ кейбір әкімдер қосымша кірісті тиімсіз пайдаланып жатқанын сынға алды. Сондықтан Үкімет бюджет тапшы­лы­ғын жабудың тиімді жолдарын табуға тиіс.
Президент экономиканы дамыту үшін жеке инвестициялар тартудың маңыздылығын атап өтті. Оның пі­кірін­ше, салық саясаты тұрақты болып, жаңа Са­лық кодексі салық төлеушілерге се­нім­ге негізделген жүйені қалыптастыруы қа­жет. Фискалды реформаның табысты болуы үшін салық жүйесін цифрлан­дыру­ды жеделдету маңызды. Сонымен қа­тар Мемлекет басшысы салық жеңіл­діктерін қайта қарап, өндіріс пен экс­порт­ты қолдау үшін жеңілдіктер беруді ұсын­ған болатын.
Жалпы, елдің кредит рейтингі т­ө­мен­деген кезде, қарыз қаражаты қым­бат­тайды. Себебі инвесторлар сын-қатерді өтеу үшін жоғары пайыздық мөл­шерлемені талап етеді. Жоғары пайыз­дық мөлшерлемелер мемлекеттік шы­ғындар мен салықтарға, сондай-ақ кә­сіпорындар мен қарапайым азамат­тарға кредит беру шарттарына әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар төмен кредит рей­тингі әлеуетті инвесторларды «үркітуі» мүмкін, бұл капитал мен технология ағы­нының төмендеуіне әкеледі. Бұл эко­номикалық өсімді және жаңа жұмыс орындарын құруды бәсеңдетуі мүмкін. Сон­дықтан ел үшін кредит рейтингінде төменгі орындарда болуы дамудың шек­теулі мүмкіндіктерін және дағдарыстан шығудың күрделі шарттарын білдіруі ықтимал.
Екінші жағынан, жоғары несиелік балл арзан кредит пен инвестицияға қол жеткізуге жол ашады. Бұл экономикалық өсімге, жаңа жұмыс орындарын құруға жә­не азаматтардың өмір сүру деңгейін жақ­сартуға ықпал етеді. Жоғары кредит рей­тингі, сонымен қатар шетелден ка­питал мен технология ағынына ықпал ете­тін бизнес пен инвестицияның серік­тесі ретінде елге деген сенімділікті арт­тырады.
Осы факторларды ескерсек, бұл жаңа­лық, әрине ел шаруашылығында жақ­сы үрдіс байқалғанынан хабар бере­ді. Ал рейтинг нәтижесі туралы сарап­шылар не дейді? 

Расул Рысмамбетов,
қаржыгер, 
тәуелсіз сарапшы:

Бұл – жақсылықтың нышаны

– Moody's Қазақстанның егеменді рейтингін Baa1 деңгейіне көтерді. Сондай-ақ болжамды тұрақ­ты деңгейге дейін көтерді. Әлемде мұндай рей­тинг шығаратын агенттік үшеу – Moody's, S&P, Fitch. Сондай-ақ бұл жаңалық – жақсылықтың ны­шаны. Мен, тіпті бұл – керемет жаңалық деп ай­тар едім. 
Келесі қадам – көріп тұрғаныңыздай, A3 деңгейі. Мен Moody's рейтингінің объективті және әділ екеніне сенімдімін. 2008 жылғы оқиғалар мен ипотекалық дағдарыстан кейін үлкен рейтингтік үштік несие рейтингтеріне деген жаңсақ көзқарас салдарынан ұзақ уақыт бойы өз-өзіне келе алмай жүрді. Содан бері агенттіктер әрдайым сәл пессимистік көзқарас ұстанады. 
Moody's агенттігінің Baa1 деңгейіндегі рейтингі S&P бойынша шамамен BBB немесе BBB+ деңгейіне сәйкес келеді. Рейтингті түсіндіру мен олардың өзара байланысындағы көптеген ньюансқа қарамастан, біз қазірдің өзінде инвестициялық рейтинг аймағында жоғары деңгейге жеткеніміз – өте жақсы жаңалық.
 

Мадина Қабжалелова,
Halyk Finance аналитикалық орталығының сарапшысы:

S&P есебі әлдеқайда 
объективті

– 9 қыркүйекте халықаралық Moody’s рейтинг­тік агенттігі Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін Baa2 деңгейінен Baa1 деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Бұл – еліміз осы рейтингке енгеннен бергі ең жоғары көр­сеткіш. Moody’s сарап­шы­ларының пікірінше, бұған институционалдық жә­не саяси ортаның күшеюі, табысты реформалар жүргізілуі, сондай-ақ экономи­каны әртараптандыруды жалғастыру арқылы шоктарға төзімділіктің артуы ықпал еткен. 
Сондай-ақ Moody’s геосаяси жағдайдың нашарлауы және салынуы мүмкін екінші дең­­гейлі санкциялар, сондай-ақ ел ішіндегі саяси тұрақсыздық сын-қатері алдағы кре­­диттік рейтинг көрсеткішіне кері әсер етуі мүмкін қауіптер екенін де айтып өтеді.
Мұндай беделді халықаралық рейтингтік агенттіктің оң баға беруі айтарлықтай күмән тудырмауға тиіс, дегенмен S&P Global кредиттік рейтингінің жақында жария­лаған есебі Moody’s қорытындыларына біршама қайшы келеді. S&P кредиттік рейтингі де төменірек болған (BBB-). Әрі агенттік ел экономикасындағы бірқатар негізгі мәселелерге тоқталып өткен, біздің ойымызша, олар қазіргі ахуалға берілген объективті баға және ол Moody’s талдауында жоқ. Сонымен қатар олардың кейбіреуі, мы­салы, фискалдық саясаттағы проблемалар, мемлекет пен сарапшылар қауым­дастығы жаппай мойындаған фактіге айналып отыр.
Алдымен, Moody’s есебіне сәйкес кредиттік рейтингті көтеруге әсер еткен фак­тор­ларға тоқталып өтейін. Биыл ел экономикасының мұнай секторына тәуелділігі төмендеген: агенттіктің бағалауы бойынша, мұнайдан басқа сектор үлесі кейінгі онжыл­дықта 75 пайыздан 84 пайызға өскен. Кейінгі жылдағы ең үлкен прогресс IT, көлік және өңдеу өнеркәсібі саласында байқалды. Тасымалдау және логистика сала­сын­дағы оң болжамдар Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) арқылы жүк тасымалының қарқынды өсуіне және Ресей арқылы өтетін көптеген жеткізілім тізбегінің өзгеруіне байланысты сақталып отыр.
Украинадағы әскери қақтығыстың салдары ретінде Қазақстанның сауда және ин­­вестициялық ағындарында құрылымдық өзгерістер болып жатыр, бұл Қа­зақ­стан­ға, басқа шикізат экспорттаушы елдермен салыстырғанда қолайлы жағдай жа­сайды.
Сондай-ақ ашықтықты, басқару қағидаттарын арттыру және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күресті күшейту үшін институционалдық реформалар жалғасуда. Атап айтқанда, Moody’s Қазақстанды Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес жөніндегі мемлекеттер тобының (ГРЕКО) құрамына кіретін Орталық Азия­дағы жалғыз ел ретінде атап өтті.
Фискалдық көрсеткіштер тұрақты болып қалуда, олар төмен қарыз деңгейімен жә­не несиелік ресурстарға жоғары қолжетімділікпен сипатталады. Moody’s агент­тігінің пікірінше, жаңа Бюджет кодексі нәтижеге бағытталған бюджеттеуді енгізе отырып, бюджеттік саясаттың ашықтығын және тиімділігін арттырады. Жаңа Салық кодексі корпоративтік табыс салығын дифференциациялауды және бұрмаланған салықтық жеңілдіктерді қысқартуды қарастырады. Сонымен қатар жалпыға бірдей декларациялау бейресми сектордың қысқаруына және салық базасының кеңеюіне ықпал етеді.
Moody’s есебіне сәйкес, 2024 жылғы шілденің соңында 61,1 миллиард доллар бол­ған Ұлттық қордың активтері түріндегі айтарлықтай фискалдық буферлер алда­ғы бірнеше жылда мұнай өндірудің ұлғаюы есебінен артады және шоктар бол­ған жағдайда фискалдық икемділікті қамтамасыз етеді. Орта мерзімді перспективада агенттік республикалық бюджет тапшылығының ЖІӨ-нің 2,5-3 пайызынан асады деп күтпейді, бұл – агенттік мәліметі бойынша, қарапайым көрсеткіш.
Осы аталған барлық фактор бұрынғы реформалар мен ел экономикасының қа­зір­гі жағдайын және болашақ сценарийлерін өте оң сипаттайды. Дегенмен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің құбылмалылығын, әлемдегі ең жоғары нақты мөл­шерлемелердің бірі деп есептелетін қатаң ақша-кредит шарттарын, сондай-ақ елдегі бюджет дағдарысына қатысты жалғасып жатқан пікірталасты ескерсек, ше­шім шамадан тыс оптимистік болып көрінеді. Біздің ойымызша, жақында жа­рия­ланған S&P есебі бұл тұрғыда әлдеқайда толық және объективті. 
Біріншіден, S&P ел экономикасында мұнай секторына тәуелділік сақталып отыр­ғанын айтады. Сондай-ақ таяу арада ел экономикасы құрылымдық тұрғыдан айтарлықтай жақсарады деп күтпейді.
Екіншіден, S&P есебінің едәуір бөлігінде елдің фискалдық саясаты және оның негізгі мәселелері – мемлекет шығыстарының өсуі, проциклділік, бюджет тапшы­лы­ғын қаржыландыру үшін жоспардан тыс трансферттің көптігі, салық саяса­тындағы мәселелер, бюджет тапшылығының арту қаупі талданады. Өкінішке қарай, Moody’s есебінде бұл мәселелерге назар аударылмаған. Moody’s аналитиктері елдегі фискалдық саясатта елеулі проблемалар жоқ деп есептейді. 
Басында айтып өткендей, Moody’s есебінде негізгі қауіп ретінде өңірлік геосаяси сын-қатер, сондай-ақ екінші деңгейлі санкция сын-қатері айтылады. Сонымен қатар әлеу­меттік толқулар қаупі сақталып отыр, олар шетелдік инвестициялар ағынына және ұзақмерзімді экономикалық перспективаларға теріс әсер етуі мүмкін. Біз геосаяси сын-қатер туралы тұжырыммен келісеміз, бірақ бұл туралы егжей-тегжейлі түсініктеме берілмеген. Біздің, сондай-ақ S&P пікірінше, негізгі геосаяси сын-қатер мұнай секторы, атап айтқанда, КТК арқылы мұнай тасымалдау сын-қатеріне байла­нысты. Екінші деңгейлі санкциялар мәселесіне келетін болсақ, қауіп бар бол­ғанымен, біз оны Қазақстанда, әсіресе банк секторында санкциялық сәйкестік бел­сенді түрде енгізіліп жатқанын ескере отырып, маңызды деп санамаймыз.
Moody’s рейтингінің төмендеуіне әкелуі мүмкін факторлар арасында мұнай өн­діру және экспорт көлемінің айтарлықтай төмендеуі, мұнай бағасының төмендеуі айтылған. Сонымен қатар институционалдық реформалардың баяулауы немесе минералдық ресурстарды өндіруде үзілістерге әкелуі мүмкін әлеуметтік толқулар рейтингтің нашарлауына немесе болжамның төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Осылайша, Moody’s рейтингінің жоғарылауын сарапшылар түрліше қабылдады. Себебі мұның алдында ғана жарияланған S&P есебіндегі нәтиже бұдан төменірек. Ал Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров журналистердің сұрағына берген жауабында бұл сатып алуға келетін рейтинг емес екенін, бәрі әділ екенін айтты.
Не десек те, алдағы уақытта осы деңгейді сақтап қалу қазіргі ахуал, геосаяси жағдайда елеулі жетістік болатынын да естен шығармау қажет.

 

Серіктес жаңалықтары