Алматыда қылмыстық топ психикалық науқастарды ұрлап, өлтіріп, пәтерін арзанға сатқан
Сотталушылардың арасында Психологиялық сауықтыру орталығының (ПСО) бұрынғы бөлім меңгерушілері, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, нотариустар, жылжымайтын мүлік агенттері және рецидивист, жалпы саны 22 адам бар
Алматы қаласының қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотында аты шулы іс бойынша сот отырысы басталды, деп жазды turkystan.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Сотталушылардың арасында Психологиялық сауықтыру орталығының (ПСО) бұрынғы бөлім меңгерушілері, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, нотариустар, жылжымайтын мүлік агенттері және рецидивист, жалпы саны 22 адам бар.
Бұл топ психикалық ауруы бар жалғызбасты адамдарды тауып, олардың мүліктерін иемденген. Олар кейбір науқастарды қамауда ұстап, пәтерлерін өздеріне жазып, сатып жіберіп отырған. Ал кейбіреуін тіпті өлтіріп тастаған.
«Дәрігерлер өздерінің кәсіби білімі мен науқастардың үнемі жанында болғанын пайдаланып, оларды ұрлауға көмектескен. Нотариустар заңдастыруға көмектескен. Ал рецидивистер жәбірленушілерді күштеп ұстау мен артық куәгерлерден құтылуға қол ұшын берген» деп жазды әлеуметтік желіде заңгер Ренат Кадыров.
«Ұйымдасып осындай қылмыс істеу — өте ауыр қылмыс деп санаймын. Оған қатаң жаза қарастырылған. Сотталғандар құқықтық әділеттіліктің толық жүзеге аспауы үшін таныстарына жүгінуі мүмкін деген қауіп бар. Сонымен қатар мұндай істер туралы адамдардың білуі маңызды, бұл оларға осындай алаяқтардан сақ болуға көмектеседі. Себебі біз қылмыстық топ мүшелерінің арасында нотариустар мен учаскелік инспекторлардың бар екенін көреміз. Адамдар өмірде мұндай жағдай да болуы мүмкін екенін түсініп, сақ болу керек», – дейді жәбірленушілердің бірі.