АЭС: Облыстық халықтық штаб өкілдері Атырау медицина колледжінің ұжымымен кездесті
Ақша бар, инвесторлар бар. Бірақ энергия жоқ, яғни тұрақты энергия қажет.
Атом электр станциясы – күнделікті өмірде қолданып жүрген электр қуатын алудың ең тиімді жолы. Қазіргі заманауи технологиялар энергияны көп қажет ететіндіктен бұл саланы зерттеу де маңызды мәселеге айналды. Жасыратыны жоқ, бүгінде қала шаруашылықтарындағы энергетика, көлік инфрақұрылымдарының әбден тозығы жеткен. Оларды жаңартып, жандандыру үшін басты қажеттілік – электр қуаты. Сол үшін елімізде энергия өндіретін әртүрлі станция керек.
Бұл туралы АЭС құрылысын салуды қолдау жөніндегі Атырау облыстық халықтық штаб өкілдерінің Атырау медицина колледжі ұжымымен кездесуінде айтылды.Басқосуға ақпараттық үгіт-насихат жүргізетін жұмысшы тобының мүшелері Айбар Ерекешов, Түркменбай Нұржігітов, Нұрбол Құрман, Фатима Тулееова, қатысып, 6 қазанда өтетін республикалық референдумның маңызына тоқталды.
– Біз әрбір қадамды нақтылап, реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз. Басты мақсат – әрбір азамат, әрбір отбасы реформалардың игілігін сезінуі. Референдум – әр азаматтың өз елінің болашағына қатысты шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі. Энергетика дамымай, ел экономикасының дамуы мүмкін емес. Бұл – жаңа кәсіпорындардың ашылуының, жаңа жұмыс орындарының құрылуының және экономикалық өсудің басты факторы», – дейді қалалық мәслихат депутаты Нұрбол Құрман.
Өз кезегінде Облыстық мәслихат депутаты Фатима Тулеева тұрақты энергия қажет екенін баса айтты.
– Бүгінде таңда көптеген инвестициялық жобалар бар. Ақша бар, инвесторлар бар. Бірақ энергия жоқ, яғни тұрақты энергия қажет. Тиісінше атом электр станциясының құрылысы елдің индустриализацияға көшуіне, яғни шикізатқа тәуелділігінен арылуға септігін тигізеді. Экономикалық тұрғыдан елдің инвестициялық тартымдылығы арта түседі, – дейді ол.
Кездесуде медицина қызметкерлері «АЭС-тің қандай қауіптілігі болу мүмкін?» «Құрылысы жоспарланған ел мен аймақ үшін АЭС-тің пайдасы қандай?», «Атом электр станциясын салуға қанша уақыт кетеді?» деген сауалдарына тұщымды жауап алды.