Алматы облысында құдықтан үш адамның мәйіті табылды

Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді

598

Алматы облысы Кеген ауданында үш адамның өліміне әкеп соққан қайғылы жағдай болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде Кеген ауданында болған қайғылы жағдай туралы бейнежазба тарады. Куәгерлердің сөзінше, көшедегі құдыққа үш адам құлап көз жұмған.

Белгілі болғандай, қайтыс болған үш адамның екеуі - әкесі мен ұлы. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген марқұмдардың туысы оқиғаны баяндап берді. Оның сөзінше, қайғылы жағдайға себеп болған ауылдағы су тапшылығы мәселесі.

Кегенде сумен проблема бұрыннан бар. Су болмай қалған кезде тұрғындар құдықты өздері ашып, су алудың амалын жасайды. Бұл жолы да сол сумен проблема болып, құдықты ашқан көрінеді. Бірақ олардың қалай түсіп кеткенін ешкім білмейді. Кеш батып, жақындары іздей бастаған кезде, құдықтың ашық тұрғанын көрген. Оларды тапқан кезде құдықтың іші суға толып, аяқ киімдері қалқып жүрген, - дейді Мақпал Шадан есімді ауыл тұрғыны.

Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.

Аталған дерек Кеген ауданының полициясында тіркелді. Қайтыс болған адамдардың денелері мәйітханаға жіберілді, сот-медициналық сараптама тағайындалды, - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары