Алматы облысындағы ірі картон өндірісінің ұжымы АЭС құрылысына қолдау білдірді

Алматы облысындағы ірі картон өндірісінің ұжымы АЭС құрылысына қолдау білдірді
297

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Талғар ауданындағы «NUR KAGAZY» ЖШС-нің ұжымымен кездесті. Жиында атом энергетикасының еліміздің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігіне тигізер ықпалы талқыланды.

Халықтық штабтың мүшесі Ләззат Тұрлашов өз сөзінде атом электр стансасын салудың Қазақстан үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол атом энергетикасының елдің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар екенін, сондай-ақ бұл шешімнің елді энергетикалық тәуелсіздікке жеткізетінін баса айтты.

«Біз бүгін жаңа энергетикалық кезеңнің алдында тұрмыз. АЭС – бұл тек электр қуатын өндірудің сенімді көзі ғана емес, сондай-ақ еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші. Қазіргі таңда біз электр энергиясының 70%-ын көмір электр стансаларынан алып отырмыз. Алайда, олардың экологиялық тұрғыдан тиімсіз екені белгілі. Көмірден бөлінетін зиянды заттар атмосфераға айтарлықтай әсер етеді, ал стансалардың тозу деңгейі 70%-ға жеткен. АЭС салу – осы мәселелерді шешудің бірден-бір тиімді жолы. Біз заманауи III және III+ буын реакторларын қолдану арқылы қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеміз. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келетін технологиялар», – деді Ләззат Тұрлашов.

Кездесу барысында «NUR KAGAZY» өндіріс компаниясының қызметкері Сәбит Тастеміров те өз пікірін білдірді. Ол электр қуатының жетіспеушілігі және оның өндіріс пен бизнеске тигізетін әсері туралы сөз қозғап, АЭС құрылысының стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі таңда өндіріс орындары үшін сенімді электр энергиясы ауадай қажет. 2023 жылы біз Ресейден 2 млрд кВт/сағ электр энергиясын импорттауға мәжбүр болдық, бұл қыруар қаражатты қажет етті. Мұндай тәуелділік бізді сыртқы факторларға осал етеді және экономикамызға теріс әсер тигізеді. АЭС салу арқылы біз өзімізді тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп қана қоймай, артық қуатты шетелге де сата аламыз. Бұл біздің экономикамызды күшейтіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізеді. Бұл менің және отбасымның, елдің болашағы үшін маңызды шешім», – деді Сәбит Тастеміров.

Сонымен қатар өндірістің маманы АЭС салу нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, мемлекетіміздің энергетикалық инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенетінін айтты. Онымен қоса, әрбір азаматты алдағы референдумға қатысып, елдің энергетикалық болашағына өз үлесін қосуға шақырды.

Кездесуде қатысушылар станса жобасының экономикалық және экологиялық тиімділігін талқылады. Ұжым мүшелері атом энергетикасының ел болашағы үшін маңыздылығын түсініп, оны қолдауға дайын екендерін білдірді. Халықтық штаб өкілдері осындай кездесулерді алдағы уақытта да жалғастырып, халықтың барлық сұрақтарына жауап беруге дайын екендіктерін жеткізді.

Айта кету керек, Халықтық штабтың басты мақсаты – азаматтарды АЭС құрылысының маңызы мен оның Қазақстан үшін әкелетін пайдасы туралы жан-жақты ақпараттандыру. Осылайша, алдағы референдумға қатысуға және елдің энергетикалық болашағын анықтауға атсалысуға шақырды.

 

 

 

 

 

 

 

Серіктес жаңалықтары