"Өнердің көйлегі – көк, тамағы тоқ болуы керек": Бір жылда "Астана Операдан" 100-ден аса әртіс кетіп қалған

2013 жылы құрылған өнер ордасының қызметкерлерінің жалақысы тек бір рет – 2022 жылғы қаңтарда 20%-ға өскен.

"Өнердің көйлегі – көк, тамағы тоқ болуы керек": Бір жылда "Астана Операдан" 100-ден аса әртіс кетіп қалған
сурет: parlam.kz
412

Депутат, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Сергей Понамарев Премьер-Министр Олжас Бектеновке өнер адамдарының мәселесін жеткізді. 

Өнердің көйлегі – көк, тамағы тоқ болуы керек. Мәжіліске «Астана Опера» театрының ұжымы шығармашылық топтар мен өндірістік цехтардың қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін қарастыруды сұрап жүгінді. Қазақстан халқына 2021 жылы жасаған Жолдауында Президент Тоқаев мәдениет мекемелері, архивтер, кітапханалар және өзге де бюджет саласының қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын 20%-ға көтеруді тапсырған болатын. Содан бері жағдай жақсарғанымен, мұндай жалақыны көтеру тек мемлекеттік меншік нысанындағы мекемелердің қызметкерлеріне ғана жасалуда. «Астана Опера» театры коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде құрылғандықтан, бұл көтерілімдерден тыс қалды. Дегенмен театрдың 100% акциясы мемлекетке, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиесілі, – дейді депутат.

2013 жылы құрылған өнер ордасының қызметкерлерінің жалақысы тек бір рет – 2022 жылғы қаңтарда 20%-ға өскен. Депутаттың сөзінше, одан кейін Қаржы министрлігі жалақыны көтеру үшін жыл сайын берілетін бюджеттік өтінімдерді мекеменің заңды тұлға формасына сілтеме жасай отырып қолдамай отыр.

Нәтижесінде әлем жұртшылығы қол соғып құрметтейтін солистер мен артистердің еңбегі елеусіз қалып келеді. Мұның салдары – кадрдың тұрақтамауы, сахна жұлдыздарының мәжбүрлі түрде шетелге кетуі. 2024 жылы ғана театрдан 100-ден астам музыкант, артист, инженер мен шеберлер кетіп қалды. Мысал ретінде айта кетейін, солистер мен хор әртістері әрбір опера қойылымына шамамен 300 бет музыкалық материалды итальян, француз тілдерінде жаттауға мәжбүр. Ал балет әртістері сахнаға шығып, өз партияларын орындау үшін 10 жылдан астам уақыт білім алып, күніне 8-10 сағат тынымсыз еңбектенеді. Бұл ауыр жұмыс және ол объективті түрде жоғары жалақыны талап етеді, – дейді депутат.

Ол еліміздің басты сахнасындағы мәселеге назар аударуды сұрады. Бүгінгі таңда еліміздің жетекші опера театрының артистерінің жалақысы басқа республикалық немесе ұлттық театрлармен салыстырғанда кем дегенде 1,5 есе төмен.

Әріптестер, тіпті Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ұлыбританияның Премьер-министрі Уинстон Черчилль елдің бюджеті жасалған кезде, мәдениетті дамытуға арналған мемлекеттік шығыстарды қысқартуға тыйым салғаны баршаға белгілі. Қосарым, соғыс жылдарында Алматыда опера және балет театрында мәдениетке қаражат табылып, сол кезде Шопен, Моцарт және Құрманғазының әуендері адамдардың рухын көтерген. Қазіргі бейбіт және берекелі уақытта біз бұған қаражат таппай отырмыз. Ал мәселенің құны – бар болғаны 1,5 миллиард теңге.
Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру қағидатын ұстана отырып, «AMANAT» фракциясы Үкіметтен «Астана Опера» театрының барлық қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға көтеру мүмкіндігін қарастыруды сұрайды, – деді депутат.

Серіктес жаңалықтары