АЭС құрылысы Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ

Атом электр станциясы Қазақстанға қазіргі энергетикалық мәселелерін шешуге және болашақта тұрақты дамудың негізін жасауға ықпал етпек.

АЭС құрылысы Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ
Халықтық штаб
Автор
Админ
294

АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Түркістан облысы Халықтық штабының өкілдері бүгін үгіт-насихат жұмыстарымен Түлкібас ауданына барды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық маслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев бастап барған штаб өкілдерінің құрамында  «Ақ-Су Групп» ЖШС директоры, «Ақ жол» партиясының өкілі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ержан Үсентаев, «RESPUBLICA» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Бейбіт Биназаров, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түлкібас аудандық электр желілік мекемесінің директоры Асқар Досов, Сайрам ауданы, «Қарабұлақ» ауылдық ауруханасының бас дәрігері Дәулет Мұсаев, Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің доценті Сәбит Баймағанбетов болды.

Халықтық штаб өкілдері Түлкібас ауданындағы іргелі кәсіпорындардың бірі  «Түлкібас әк зауыты» ЖШС-не барып, жұмысшыларымен кездесті. Жиында Қазақстан энергетика секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұрғаны айтылды. Энергетикалық кешенді дамыту бағытын таңдау мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына айтарлықтай әсер ететініне назар аударылды. Дәл қазіргі уақытта еліміздің энергетикалық саласы республика бойынша өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70 пайызын қамтамасыз ететін көмір электр станцияларына аса тәуелді екеніне баса мән берілді.

Алтынсары Дүйсенбекұлының айтуынша, атом электр станциясы Қазақстанға қазіргі энергетикалық мәселелерді шешуге және болашақта тұрақты дамудың негізін жасауға ықпал етпек.

«Мемлекет басшысы жариялаған жалпыхалықтық референдумға байланысты, еліміздегі жетекші саяси партиялар мен азаматтық ұйымдар өкілдерінің басын қосқан – АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылғаны белгілі. Біздің киелі Түркістанға республикалық Халықтық штабты басқарып, Парламент Мәжілісі мен партиямыздың Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов бастаған көрнекті қоғам қайраткерлері, көшбасшы тұлғалар мен ғалымдар, Мәжіліс депутаттары келіп, облысымыздың аудан, қалаларында тұрғындармен, кәсіпкерлермен, энергетиктермен, спортшылармен АЭС салуды қолдау мәселесі шеңберінде 13 кездесу өткізді. Осы жиындарға қатысқан өңір тұрғындары атом энергетикасына көшу заман талабы екенін айтып, Халықтық штаб мүшелерін қолдады», - деп атап өтті Алтынсары Үмбетәлиев.

Ал Халықаралық туризм және меймандостық университетінің доценті Сәбит Баймағанбетов сөзінше, АЭС құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті қадам ғана емес, сондай-ақ төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу жағдайында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторы болмақ.

«Бүгінгі таңдағы АЭС бұл – ең алдымен, қауіпсіз, сенімді, экологиялық таза жоба екенін әлем ғалымдары айтып жатыр. Қазір елімізде электр қуатын өндіруде үлкен қиындықтар болып жатқанын білесіздер. Нақты деректермен айтар болсақ, энергетика мамандары Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 20 пайызы газдан, 2 пайызы күн мен желден, судан өндірілетінін айтады. Соның ішінде көмір негізінде жұмыс істейтін энергоорталықтардың 70 пайызы ескіріп, тозғаны айтылуда. Энергетикадағы нақты шешімді бүгін қабылдамайтын болсақ, ертең экономикамыздың тығырыққа тірелуінің қауіпі бар», - деді Сәбит Бақытбекұлы.  

АЭС құрылысы Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын Ержан Үсентаев, Бейбіт Биназаров, Дәулет Мұсаев түсіндіріп берді. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түлкібас аудандық электр желілік мекемесінің директоры Асқар Досов энергия тапшылығы оңтүстік өңірлер үшін өзекті екенін айта отырып, еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін сақтауда тұрғындарды ұлттық және мемлекеттік мүдде тұрғысынан ой қорытуға шақырды.

Кәсіпорын директоры Перизат Әбдібекова еліміздің әрі қарайғы дамуына ықпал ететін маңызды тақырып шеңберінде пайдалы ой-пікірлерімен бөліскен Халықтық штаб мүшелеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді, ұжымдастарын алдағы референдумда азаматтық таңдауын белсенді білдіруге шақырды. 

 

Серіктес жаңалықтары