Сенат спикері: АЭС құрылысы Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы бастамашы болған АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өткізу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі мәнін айқын көрсететінін атап өтті.

Сенат спикері: АЭС құрылысы Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие
Халықтық штаб
Автор
Админ
275

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшелері бүгін Алматы қаласында ғалымдармен, ЖОО оқытушыларымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесті. Штаб құрамында депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері бар. Кездесулерде АЭС салуға қатысты референдум аясындағы мәселелер талқыланды.

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы бастамашы болған АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өткізу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі мәнін айқын көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ бұл қадам елдің одан әрі дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны айтылды.

«Атом энергетикасын дамыту және атом электр стансаларын салу стратегиялық маңызға ие. Өйткені уақыт өткен сайын елде электр энергиясына деген сұраныс арта түсетіні түсінікті. Бұл ретте тұрақты энергия көздері болмаса айтарлықтай проблемаларға тап болуымыз мүмкін екенін ескеруіміз керек. Жалпы электр энергиясын тұтынудың артуы – әлемдік үрдіске айналып отыр. Сондықтан аталған қуаттың жетіспеушілігі айқын байқалуда. Осы орайда электр энергиясы көздерін әртараптандырудың маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Штаб мүшелері Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің жас ғалымдарымен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Онда ғылыми-техникалық әлеуетті толығымен нығайту және өндіріске инновацияларды кеңінен енгізу мәселелері сөз болды. Одан бөлек, қатысушылар бұл бағыттағы маңызды мүмкіндіктердің бірі атом энергетикасын дамыту екеніне тоқталды.

«Атом энергетикасы – ғылымды қажет ететін сала. Ол жоғары білікті мамандар даярлауға және бүкіл экономикаға инновацияны енгізіп, ғылымның қолданысын арттыруға ықпал етеді. Қазақстан – уран өндіру бойынша әлемдегі көшбасшы ел. Бізде осы салада бірегей кәсіпорындар мен ғылыми орталықтар бар. Аталған басымдықты тиімді пайдаланып, жетекші және технологиялық елдердің біріне айналу аса маңызды. Сондай-ақ АЭС салудың айтарлықтай мультипликативті әсері бар. Мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады. Атом электр стансасындағы әрбір жұмыс орны өзге салаларда 10-ға жуық қосымша жұмыс орнын қамтамасыз етеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесуде Штаб мүшелері АЭС салу ел дамуына қаншалықты тың серпін беретініне және референдумда әр қатысушысының даусы маңызды екеніне назар аударды.

Серіктес жаңалықтары